Articles




Мұса перғауынға: «Біз – бүкіл әлемдер Раббысының елшісіміз» (Шуғара сүресі, 16 аят), – деді. Алдына келген Мұсаны перғауын шырамытқандай болды. Мұса талабын айқындап: «Исраил ұрпақтарын бізбен бірге жібер!» (Шуғара сүресі, 17 аят) – деді. Сонда барып перғауын Мұсаны жазбай танып: «Сен Мұса емессің бе?» – дейді. Мұса: «Иә», – деп жауап береді. Перғауын оған зілдене: «Сені бала қып асырамадық па? Өміріңнен неше жыл арамызда болдың. (Сөйтіп жүріп) істеріңді істеп кеттің. Сен қарсы келушілерденсің» (Шуғара сүресі, 18-19 аяттар), – деп жазғырды. Мұса: «Мен ол істі істеген кезде қателескен едім. Сондықтан сендерден қорқып, қаштым. Ақыры Раббым маған хикмет беріп, пайғамбарлардан қылды. Сенің Исраил ұрпақтарын құл етіп, маған міндетсінген қайырың осы» (Шуғара сүресі, 20-22 аяттар), – деді. Перғауын одан әрі тәкаппарлана: «Әлемдердің Раббы деген не тәйірі?» (Шуғара сүресі, 21 аят) – деді. Мұса: «Егер анық сенетін болсаңдар, Ол – жер-көктердің әрі екі арасындағылардың Раббы» (Шуғара сүресі, 24 аят), – деп жауап берді. «Перғауын маңайындағыларға: «Естімей отырмысыңдар?» (Шуғара сүресі, 25 аят) – деді. Мұса сөзін жалғап: «Ол – сендердің де Раббыларың, бұрынғы ата-бабаларыңның да Раббы» (Шуғара сүресі, 26 аят), – деді.





Перғауын:





«Нақ осы сендерге жіберілген пайғамбар мүлде жынды» (Шуғара сүресі, 27 аят), – дегенде, Мұса: «Егер түсінер болсаңдар, Ол – шығыс пен батыстың және екі арасындағылардың Раббы» (Шуғара сүресі, 28 аят), – деп тіл қатты.





Осылайша, Мұса перғауынның санасына сыймайтын нәрселерді айта бастады. Ал перғауын өзін тәңірмін деп санайтын. Мұсаның айтқан дәйекті сөздерінен абыройына нұқсан келуінен қауіптеніп оған:





«Егер менен басқаны тәңір етіп алсаң, сөзсіз, сені түрмеге саламын» (Шуғара сүресі, 29 аят), – деді.





Перғауынның қоқан-лоққысына Мұса:





«Егер саған анық дәлел келтірсем де ме?» (Шуғара сүресі, 30 аят) – деп сұрақ қойды. Перғауын қасарыса: «Ал шын айтушылардан болсаң, әкел оны» (Шуғара сүресі, 31 аят), – деді.





Перғауынға жасалған дағуат: «Екеуің барып: «Біз – Раббыңның саған жіберген елшісіміз. Енді Исраил ұрпақтарын бізбен бірге жібер. Оларды қинама, саған Раббыңның мұғжизасымен келдік. Тура жолдағыларға сәлем болсын. (Бізді) жалғанға шығарып, бет бұрғандарға азап болары уахи етілді», – деңдер» (Таһа сүресі, 47-48 аяттар), – деп көрсетілген.





Мұсаның бұл сөздеріне перғауын нанбай: «Ей, Мұса! Раббыларың кім?» (Таһа сүресі, 49 аят) – дейді. Сонда пайғамбар: «Раббымыз әр нәрсеге бейне беріп, сосын оны тура жолға салған», (Таһа сүресі, 50 аят) – деді. Перғауын оны әжуалай: «Ал сонда бұрынғы дәуірдегілердің жағдайы қандай?» (Таһа сүресі, 51 аят) – деп сұрады. Оның бұл мысқылына Мұса:





«Олардың мәліметі Раббымның қасындағы Кітапта бар. Раббым жаңылмайды әрі ұмытпайды» (Таһа сүресі, 52 аят), – деп жауап берді.





Енді бар мәселе мұғжиза көрсетуге келіп тірелді. Олар:





«Кереметіңді көрсет!» – дегенде, «ол таяғын тастады да, сонда ол көпе-көрнеу жылан болды және қолын шығарды. Ол қараушыларға аппақ көрінді» (Шуғара сүресі, 32-33 аяттар). Перғауын мен оның адамдары теңдессіз мұғжизаның куәсі болды. Десе де, перғауын өзінің беделіне нұқсан келуден, адамдар арасында өзіне қарсы бүлік тууынан қауіптеніп:





«Ей, Мұса! Сиқырың арқылы бізді жерімізден шығару үшін келдің бе? Әрине, біз де сол тәрізді сиқыр әкелеміз. Ендеше, бізбен өз араңда бір уәделі жер белгіле. Біз де, сен де айнымайтын бір ыңғайлы орын болсын» (Таһа сүресі, 57-58 аяттар), – деді. Мұса: «Уәделі уақыттарың мереке күнгі ел жиылатын сәске болсын» (Таһа сүресі, 59 аят), – деп шарт қойды.





Мұса (оған Аллаһтың сәлемі болсын) мен сиқыршылар





Осылай шешім қабылдап, перғауынның сиқыршылары мен Мұса бәсекеге түсетін болды. Бір хабарда Мұсаға қарсы сайысқа қырық сиқыршы қатысты делінген. Бұл сиқыршыларды кішкентайынан перғауын өзі таңдап алып, үлкен сиқыршылардың қолдарына күштеп тапсырған-ды. Сайыс алдында «Мұса оларға (сиқыршыларға): «Құрып-ақ қалыңдар! Аллаһқа өтірік жала жапсырмаңдар. Онда сендерді азаппен жоқ етеді. Расында, кім жала жапсырса, мүлде зиянға ұшырайды», – деді. Олар өзара дауласып, жасырын кеңесті» (Таһа сүресі, 61-62 аяттар). Кеңесе отырып сиқыршылар: «Біздің бұл ісіміз шайтанның ісі екендігі өздеріңе белгілі. Бәсекелесіміз шынымен пайғамбар болса қайтеміз?» – деп отырып қалды. Әйтсе де есекдәмеге беріліп, бәрі жиылып перғауынның алдына келді. «Сиқыршылар келіп перғауынға: «Егер жеңсек, бізге сыйлық бар емес пе?» – деді» (Шуғара сүресі, 41 аят). Перғауын оларға: «Иә, рас. Сендер онда (маған) жақындардан боласыңдар» (Шуғара сүресі, 42 аят), – деді. Перғауынның сөзінен кейін сиқыршылар жұрт алдына шығып, Мұса мен Һарунды нұсқап: «Бұл екеуі сиқыршы, сиқырлары арқылы сендерді жерлеріңнен шығаруды, ардақты діндеріңді жоюды қалайды» (Таһа сүресі, 63 аят), – деді.





Сонан соң олар өзара бас қосып, бір-біріне: «Барлық сиқырларыңды жинап, сосын қатарланып келіңдер. Расында, бүгін кім үстем болса, сол мұратқа жетеді» (Таһа сүресі, 64 аят), – десті.





Сөйтіп, сиқыршылар жаппай, біртұтас күйде Мұсаға қарсы келді. Жұрт тамашалап тұр. Бәсекеге шыққан олар: «Ей, Мұса! Не сен асаңды таста немесе біз бұрын тастайық» (Таһа сүресі, 65 аят), – деп дауыстады.





Сол мезет Аллаһ тағаладан Мұсаға «Әуелі олар тастасын» деген уахи келді. Мұса: «Жоқ, сендер тастаңдар», – деді. Сол сәтте олардың тастаған жіптері мен таяқтары сиқырларының салдарынан оған (Мұсаға) жорғалаған жылан боп көрінді» (Таһа сүресі, 66 аят).





Яғни сиқыршылар қолдарындағы таяқтары мен арқан, жіптерін лақтырғанда, олар ирелеңдеп, жорғалай бастады. Тіпті сиқыр Мұсаға әсер етіп, көзі байланып оларды жылан кейпінде көрді.





Басқа аятта: «Олар адамдардың көздерін сиқырлап, оларды қорқытты. Сондай-ақ үлкен бір сиқыр келтірді» (Ағраф сүресі, 116 аят), – деп айтылған.





Тамашалап тұрған адамдардың барлығын үрей билеп, олар қорқа бастады. Мұсаның өзі де секем алып қалды. «Мұса көңілінде бір қобалжу сезді» (Таһа сүресі, 67 аят). Сол кезде Аллаһ тағала Мұсаға:





«Қорықпа! Сен үстем боласың. Оң қолыңдағыны таста! Олардың жасағандарын жалмасын. Шынында, олардың жасағандары сиқыршының айласы ғана. Сиқыршы қайда барса да, құтылмайды» (Таһа сүресі, 68-69 аяттар), – деп уахи етті. Мұса асатаяғын жерге тастағаны сол еді, ол үлкен жыланға айналып, әлгі сиқыршылардың ирелеңдегендерін жұта бастады. Мұның сиқыр емес, теңдесі жоқ нағыз мұғжиза екендігіне көздері жеткен «бүкіл сиқыршылар сәждеге жығылып: «Мұса мен Һарунның Раббысына иман келтірдік» (Таһа сүресі, 70 аят), – деді.





Тәңірлік кереметке дүйім жұрттың алдында бас ұрған сиқыршыларына перғауын қаһарланып:





«Мен сендерге рұқсат беруден бұрын иман келтірдіңдер ме? Әрине, ол сендерге сиқыр үйреткен үлкендерің екен. Енді қол-аяқтарыңды айқаштап кесемін және сендерді құрманың бұтақтарына асамын. Сөйтіп, қайсымыздың азабы қатты да тұрақты екенін жақсы білесіңдер» (Таһа сүресі, 71 аят), – деді. Сиқыршылар перғауынға: «Бізге келген ашық мұғжизалардан, сондай-ақ бізді Жаратқаннан сені артық көре алмаймыз. Шығарар үкіміңді шығар. Бар болғаны сен осы дүниеде ғана ықпал жүргізе аласың. Күдіксіз, біз қателіктерімізбен сен зорлаған сиқырымызды кешіруі үшін Раббымызға иман келтірдік. Сондай-ақ Аллаһтың (берері) қайырлы әрі тұрақты» (Таһа сүресі, 72-73 аяттар), – деп қарсы тұрды.





Сиқыршылардың ақиқатты мойындап, иман келтіргеніне ашуланған перғауын оларды түгелдей өлтіруге бұйрық береді. Бұл сиқыршылар «жүгіріп келген кісіден» кейін мысырлықтардан алғаш иман келтірген адамдар еді. Ибн Аббас (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын): «Перғауынның қауымынан сиқыршылармен бірге үш-ақ адам иман келтірді. Олар: перғауынның әйелі Әсия, жүгіріп келген кісі және перғауынның отбасынан иманын жасырын ұстаған бір кісі», – деген.





Тамашалап тұрған көпшілік ақиқатқа көздері жетіп мойындағандарымен, перғауынның қаһарынан қорқып иман келтірмеді.





Азаптың күшеюі





Перғауын өз адамдарын жинап, не істеу керектігі жөнінде ақылдасты. Сонда «перғауын елінің дөкейлері: «Мұса мен елін жер жүзінде бүліншілік қылып, өзің мен тәңірлеріңді тастауға қоя бересің бе?» – деді» (Ағраф сүресі, 127 аят) және олардың бірі перғауынға: «Сен исраилдіктерге азабыңды күшейт», – деп кеңес берді. Перғауын дәл осыған әмір етіп: «Еркектерін өлтіреміз де, әйелдерін тірі қалдырамыз. Әрине, біз оларға өктембіз», – деді» (Ағраф сүресі, 127 аят). Аллаһ тағала бұл жайында: «Оларға жанымыздан шындық келтірген кезде: «Онымен бірге иман келтіргендердің ұлдарын өлтіріңдер де, әйелдерін тірі қойыңдар», – деді. Бірақ кәпірлердің қулығы мүлде зая болады» (Ғафир сүресі, 25 аят), – деді.





Сөйтіп, исраилдіктердің басына қайтадан ауыр азап төнді. Перғауын Мұсаны әжуалап қасындағыларға: «Мені қоя беріңдер, Мұсаны өлтірейін. Ол Раббысын шақырсын. Расында, мен оның діндеріңді өзгертуінен немесе жер жүзінде бір бұзақылық істеуінен қорқамын» (Ғафир сүресі, 26 аят), – дейді. Перғауынның бұл сөздерін естіген Мұса: «Мен есеп күніне сенбеген әрбір тәкаппардан өзімнің Раббым және сендердің де Раббыларыңнан пана сұрадым» (Ғафир сүресі, 27 аят), – деп жәрдем тілеп, дұға қылды.





«Сонда перғауынның адамдарынан сенімін жасырып жүрген бір мүмін кісі (сөзге араласып): «Кісіні «Раббым – Аллаһ» дегені үшін өлтіресіңдер ме? Расында, ол сендерге Раббыларыңнан мұғжизалармен келді. Егер өтірікші болса, өтірігі өзіне, ал егер рас айтушы болса, сендерді қорқытқан (апаттардың) кейбірі бастарыңа келер. Расында, Аллаһ шектен шыққан суайт біреуді тура жолға салмайды. Ей, елім! Бүгін патшалық сендердікі. Бұл жерде (Аллаһтан өзгеге) үстемсіңдер. Ал егер Аллаһтың апаты келсе, одан бізді кім қорғайды?» – деді. Перғауын: «Мен сендерге өз ойымды ғана білдіремін. Сондай-ақ сендерді тура жолға бастаймын», – деді. Иман келтірген кісі: «Ей, елім! Расында, мен сендерге (бұрынғы өткен) топтардың күні сияқты күн (келуі)нен қорқамын. Нұх елінің, ад, самуд және олардан кейінгілердің ғұрпы сияқты. Аллаһ құлдарына зұлымдық қаламайды. Ей, елім! Расында, мен сендерге келер жанұшыру күнінен қорқамын. Сол күні арттарыңа бұрылып қашасыңдар. Сендерді Аллаһтан қорғаушы болмайды. Аллаһ кімді адастырса, оған тура жол көрсетуші жоқ» (Ғафир сүресі, 28-33 аяттар), – деп перғауын мен елін ақиқатқа шақырып, Аллаһқа ғибадат етуді, Оның пайғамбарларына қарсы келмеуді ескертеді. Бірақ мүлдем шектен шыққан «Перғауын: «Ей, Һаман! Маған бір мұнара жаса. Бәлкім, жолдарға жетермін. Көктердің жолдарына жетіп, Мұсаның тәңірін байқайын. Расында, мен оны өтірікші деп ойлаймын», – деді. Осылайша, перғауынға жаман істері көркем көрсетіліп, жолдан тосылды. Перғауынның тәсілі тек зая болар» (Ғафир сүресі, 36-37 аяттар). Үгітін одан әрі жалғастырған «иман келтірген кісі: «Ей, елім! Маған ілесіңдер. Сендерді тура жолға бастаймын. Ей, елім! Шын мәнінде, бұл дүние тіршілігі уақытша пайдалану ғана. Сөзсіз, Ақырет, ол – тұрақты мекен. Әлдекім бір жамандық істесе, соның өзіндей ғана жаза көреді. Ал енді қайсыбір ер-әйел мүмін күйде ізгі амал істесе, міне, солар жаннатқа кіреді. Сондай-ақ олар онда есепсіз ризыққа бөленеді. Ей, елім! Маған не бопты? Мен сендерді құтылуға шақырамын, ал сендер мені тозаққа шақырасыңдар. Әрі мені Аллаһқа қарсы болуға және білмеген нәрсемді Оған ортақ қосуға үндейсіңдер. Мен өздеріңді аса Үстем, өте Кешірімді (Аллаһқа) шақырамын. Күдік жоқ, шын мәнінде, мені шақырған нәрселерің дүниеде де, ақыретте де шақыруға лайық емес. Сөзсіз, бәріміздің қайтар жеріміз – Аллаһ жақ. Расында, шектен шығушылар, олар – тозақтық. Таяуда менің не айтқанымды түсінесіңдер. Мен ісімді Аллаһқа тапсырамын. Күдіксіз, Аллаһ – құлдарын толық Көруші», – деді» (Ғафир сүресі, 38-44 аяттар).





Осы сөздері үшін перғауын оған зұлымдық жасағысы келгенімен, «Аллаһ оны олардың ойлаған сұмдықтарынан қорғады» (Ғафир сүресі, 45 аят).





Мұсаға тек исраилдіктер ғана иман келтірді. Ал жергілікті мысырлықтардан «Мұсаға, перғауын мен әкімқараларының өздеріне тигізер кесірінен қорқып, елінен бір топ қана иман келтірді. Расында, перғауын ол жерде өктем болатын. Сондай-ақ ол шектен шығушылардан еді» (Юнус сүресі, 83 аят). Исраилдіктердің басына қасірет төніп, перғауынның азабына ұшырап жатты. Мұса оларды: «Ей, елім! Егер Аллаһқа иман келтірген болсаңдар, сондай-ақ мұсылман болсаңдар, онда Аллаһқа тәуекел қылыңдар» (Юнус сүресі, 84 аят), – деп сабырлыққа шақырды.





Сонда олар Мұсаға: «Сен бізге келуден бұрын және бізге келгеннен кейін де азапқа ұшырадық» (Ағраф сүресі, 129 аят), – деген болатын.





Бірақ кейіннен кешірім өтініп Аллаһқа: «Біз Аллаһқа тәуекел қылдық. Раббымыз, бізді залым елмен сынама. Сондай-ақ бізді мейіріміңмен кәпір қауымнан құтқара гөр!» (Юнус сүресі, 85-86 аяттар) – деп жалбарынды.





Мұғжизалар





Перғауынның Исраил ұрпақтарына деген азабы күннен-күнге күшейе түскен соң, бір күні Мұса Аллаһқа: «Раббымыз! Расында, Сен перғауын мен оның әкімқараларына жолыңнан адастырулары үшін дүние тіршілігінде зейнет пен мал-дүниелер бердің бе? Малын жоқ ет, жүректерін қатайт! Жантүршігерлік азапты көргенге дейін олар иман келтірмейді» (Юнус сүресі, 88 аят), – деп дұға қылады. Осы дұғадан кейін Аллаһ тағала Мұсаға: «Екеулеріңнің тілектерің қабылданды. Ендеше, тура жолда болыңдар да, білмейтіндердің жолына ермеңдер» (Юнус сүресі, 89 аят), – деп перғауын қауымына үлкен зұлмат жіберді. Бұл зұлмат, тарихшылардың сипаттауынша, перғауындықтардың мал-мүліктері, дүниелері, астықтары мен азық-түліктері, жұмыртқа, бұршақтарына дейін тасқа айналып кеткен. Перғауын сонда да қаһарынан қайтпай, Исраил ұрпақтарына зорлық-зомбылығын одан да бетер күшейте түсті. Бұл қиыншылықтарға олар шыдамсыздық танытып кейде: «Сен бізге келуден бұрын да және бізге келгеннен кейін де азапқа ұшырадық» (Ағраф сүресі, 129 аят), – дейтін.





Мұса оларды бұл сөздерінен қайтарып: «Раббыларың дұшпандарыңды жойып, орнына сендерді ол жерге орналастыруы мүмкін. Бірақ сендердің де қалай істейтіндеріңе қарайды» (Ағраф сүресі, 129 аят), – деп ескертетін.





Исраилдіктерге көрсеткен зұлымдықтарына қарымта ретінде Мысыр еліне Аллаһ тағала түрлі бақытсыздықтар жібере бастады. Перғауын мемлекетіне зұлмат бірінің артынан бірі жалғасып келіп жатты. «Шынында, перғауын елін жылдар бойы қолға алдық» (Ағраф сүресі, 130 аят).





Мысырда құрғақшылық белең алып, жер сортаңға айналды, аспаннан бір тамшы тамбай, Ніл өзені тартылып, елді аштық жайлады. Перғауын мұның бәрі Мұсадан келіп жатқанын біліп, оны шақырып алып: «Раббыңнан бізді бұл құрғақшылықтан құтқаруды сұрап дұға қылсаң, мен де исраилдіктерді азаптауымды доғарамын», – дейді. Мұса оның бұл ұсынысына келісіп, Аллаһ тағалаға дұға қылады және дұғасы қабыл болып, Ніл өзені суға толып, көктен жаңбыр жауды. Бірақ перғауын уәдесінен тайып, Исраил ұрпақтарын қайта азаптай бастады. Оның мұнысы үшін Құдірет Иесі оларға басқа бір тараптан бақытсыздық жіберді. Келесі зұлмат «жемістерін кеміту» (Ағраф сүресі, 130 аят) еді. Жемістер өнім бермей, қуарып, құрма, жүзімдер бір түйір де салмай қойды. Бұл жолы да перғауын Мұсаны шақырып, егер бұл пәледен құтылуға араша түсіп, Аллаһқа дұға қылса, Исраил ұрпақтарына соқтықпайтынын айтып уәде берді. Мұса тағы да Аллаһқа дұға қылған соң, жемістер өнім бере бастады. Бірақ перғауын уәдесінен тағы да айнып кетеді. Перғауындықтардың ондай жанкештілігін Құран: «Қашан оларға бір жақсылық келсе: «Бұл бізге тиесілі», – деп, ал бір жамандық жетсе, Мұса және онымен бірге болған кісілерді ырымдайды. Олардың сәтсіздіктері Аллаһ тарабынан емес пе?» (Ағраф сүресі, 131 аят) – деп сипаттайды.





Осыдан кейін барып Аллаһтың мұғжизалары бой көрсете бастады. «Оларға ашық мұғжизалар түрінде; топан су, шегіртке, бит, бақа және қан жібердік» (Ағраф сүресі, 133 аят).





Перғауын тәубеге келу үшін Аллаһ тағала тоғыз түрлі мұғжиза жіберген-ді:





– Асатаяқтың жыланға айналуы;





– Қолдың қойыннан шыққанда аппақ болып жарқырауы;





– Құрғақшылық жылдар;





– Жеміс ағаштарының өнім бермеуі;





Бұл мұғжизаларға, жоғарыдағы «Ағраф» сүресінің 133-аятында айтылған бес зұлматты – топан су, шегіртке, бит, бақа және қанды қосқанда барлығы тоғыз болады.





Бірінен соң бірі келген осы соңғы бес мұғжизаның алғашқысы – топан су. Ніл өзені арнасынан тасып, мысырлықтардың үйін су алып, сел басады. Ең кереметі селден келген ағын су исраилдіктердің үйіне, ауласына кірмейді. Мысырлықтар бұл құбылысқа қатты таңырқайды.





Екіншісі: шегіртке. Мысырлықтардың егіс алқаптарын шегіртке басып, құртып жібереді. Әйтсе де исраилдіктерге шегірткелер ешбір зиянын тигізбейді.





Үшіншісі: бит. Мысырлықтарды бит басып, жаппай қолайсыздыққа ұшырады. Тіпті бастарында, төсек орындарында бит өріп жүретін халге жетті. Бірақ мұндай зұлматтан исраилдіктер дін аман болды.





Төртіншісі: құрбақа. Мысырлықтардың үйін, ауласын, тіпті ыдыс-аяқтарына дейін құрбақа басып кетті. Ал Исраил ұрпақтарын тағы да Аллаһ тағала бұл пәледен аман сақтады. Бұл жазаның әрбірінде перғауын әдеттегі жалған уәдесін беріп, Мұсаға дұға қылдыратын да, пәледен құтылған соң уәдесінен тайып шыға келетін. Бұл жағдайды Аллаһ тағала:





«Оларға ашық мұғжизалар түрінде топан су, шегіртке, бит, бақа және қан жібердік. Сонда да олар менменсіген әрі күнәһар бір қауым болды. Оларға азап келген кезде: «Ей, Мұса! Раббыңа өзіңе берген уәдесі бойынша дұға қыл. Егер бізден азабын айықтырсаң, өзіңе сенеміз де, Исраил ұрпақтарын сенімен бірге қоя береміз», – дейді. Қашан олардан белгілі бір мерзімге дейін азапты әкетсек, сол уақытта олар айнып шыға келеді» (Ағраф сүресі, 133-135 аяттар), – деген.





Ең соңғы, перғауынды берілуге мәжбүрлеген мұғжиза қан еді. Қайсыбір мысырлық өзеннен немесе құдықтан су алса, олардың сулары қанға айналатын. Ал сол жерден кез келген бір исраилдік келіп алса, ештеңе болмағандай су қалпында қалатын. Мысырлықтардың кейбірі енді исраилдіктерден су сұрай бастады. Жаны ашып, исраилдік мысырлыққа суынан құйып берсе, ол сол замат қанға айналатын. Мысырлықтарға осы қан арқылы болған зұлмат ауыр тиген соң, тағы да Мұсадан дұға қылып құтқаруын өтінді. Мұның есесіне исраилдіктердің қаладан шығып кетуіне рұқсат беретіндіктерін айтты. Мұса қайтадан дұға қылып, мысырлықтар бұл пәлекеттен де құтылды. Сонда Аллаһ тағала Мұса мен туысына: «Екеуің Мысырда елдерің үшін үйлер дайындаңдар» (Юнус сүресі, 87 аят), – деп уахи етті.





Бұл уахидің астарында Мысырда орналасқан исраилдіктердің үйлерінің әрқайсысына белгі салу меңзелген. Бұл белгі олардың бір түнде жиналып қаладан қашып шығып кетуіне септігін тигізеді. Өйткені белгі арқылы түнде исраилдіктің үйі қиындықсыз ажыратылды. Аллаһ тағала сондай-ақ: «Үйлеріңді құбыла қылып, намаз оқыңдар және де мүміндерді сүйіншіле» (Юнус сүресі, 87 аят), – деп бұйырды.





Мысырды тастап шығу





Аллаһ тағала Мұсаға: «Құлдарымды түнделетіп алып кет» (Таһа сүресі, 77 аят), – деп бұйырды. Осы сәтті пайдаланып, исраилдіктер бір түнде бір-бірінің есігін қағып, перғауын айнып қалмай тұрғанда, қаладан шығып кетуге жиналды. Сөйтіп, шамамен алты жүз мың исраилдік бала-шағасын ертіп, мал-мүліктерін алып, ың-шыңсыз түн ортасында Палестинаны бетке ұстап қаладан шығып кетеді. Перғауынның Исраил ұрпақтарын қолынан шығарғысы келмегенінің себебі, оларды әйел, балаларына дейін құлдық қызметке пайдаланатын. Әсіресе еркектерін құрылыс жұмыстарына жегетін.





Таң ата перғауын қаладан исраилдіктердің кетіп қалғандығын біліп, уәдесінен тағы да айныды. Сөйтіп, ол әскер жасақтап, олардың соңдарынан қуды. Аллаһ тағала:





«(Перғауындықтарды) бау-бақшаларынан, бұлақтарынан, қазыналары мен салтанатты мекендерінен шығардық. Осылайша, оларға Исраил ұрпақтарын мұрагер қылдық. Сонда олар (исраилдіктерді) күн шыға қуды» (Шуғара сүресі, 57-60 аятттар), – деген.





Осы аралықта Мұса мен исраилдіктер Қызыл теңіздің қос қапталының біріндегі Хулзум теңізіне жеткен-ді. Арттарына қарап перғауын әскерінің қуып келе жатқанын көреді. «Екі топ бірін-бірі көрген сәтте Мұсаның жолдастары: «Сөз жоқ, қолға түстік», – деді. (Мұса): «Әсте олай емес, шынында, Раббым бізбен бірге. Ол маған жол көрсетеді», – деді» (Шуғара сүресі, 61-62 аяттар). Теңізге таяғанда әскер өкшелеп жетіп те қалған-ды. Сол кезде Аллаһ тағаладан Мұсаға уахи жетті: «Таяғыңмен теңізді ұр!» – деп уахи еттік. Сонда (теңіз) жарылып, әр бөлігі асқар таудай болды» (Шуғара сүресі, 63 аят). Мұса Аллаһтың әмірі бойынша асатаяғымен бір ұрғанда, теңіз қақ жарылды да, су екі бетке тау сияқты жиналып, алдарынан жол ашылып, қарсы бетке өтуге мүмкіндік туды. Бұл жайт басқа бір аятта:





«Оларға теңізден құрғақ жол аш. (Перғауындықтардың) қуып жетулерінен үрейленбе және қорықпа!» (Таһа сүресі, 77 аят) – делінген.





Теңіз жағасына келіп жеткен перғауын мен әскері ол арқылы ашылған жолды көрді. Бірақ оған түсіп кетіп бара жатқан исраилдіктердің соңына түсуге жүрексінді. Кенет Аллаһ тағала перғауынның атын теңіз жолына қарғытып түсіріп жіберді. Оның артынан бүкіл әскері түсті. Сонда Исраил қауымының ең соңғы адамы теңізден шығып, перғауын әскері түгелдей түскені сол еді, екіге бөлініп тұрған теңіз қайта қосылып, «оларды қуған перғауын мен оның әскерлерін теңіз басып, ішіне алды» (Таһа сүресі, 78 аят).





Перғауынның өлер сәтін Аллаһ тағала:





«Исраил ұрпақтарын теңізден өткіздік. Сонда перғауын мен оның әскерлері жауыздық пен дұшпандық көрсетіп оларды қуды. Ақыры (перғауын) суға батар сәтте: «Исраил ұрпақтары иман келтірген Тәңірден басқа тәңір жоқтығына иман келтірдім. Мен де бойсұнушылардан болдым», – деді» (Юнус сүресі, 90 аят), – деп баяндаған.





Жан алқымға келген кездегі тәубе қабыл болмайды. Перғауынның бұл сөзіне жауап ретінде Аллаһ тағала: «Енді ғана сендің бе? Расында, сен бұрын қарсы келген бұзақылардан болғансың. Сенен кейінгіге үлгі болуы үшін денеңді құтқарамыз. Расында, адамдардың көбі аяттарымыздан хабарсыз» (Юнус сүресі, 91-92 аяттар), – деді.





Аллаһ тағала кейінгі ұрпаққа сабақ болу үшін перғауынның денесін ақыретке дейін сақтайтындығын айтқан. Расында да, оның денесі Оксфорд университетіндегі мұражайда әлі күнге дейін сақтаулы тұр.





Перғауынның суға батқан күні Ашура күні деп аталады. Ибн Аббас (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын): «Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдинаға келгенде, яһудилер Ашура күні ораза ұстайтын еді. Сонда Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Мына ораза ұстайтын күндерің не?» – деп сұрады. «Бұл – Мұса Перғауынға үстем болған күн», – деді. Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына: «Олардан (яһудилерден) гөрі Мұсаға сендер құқылысыңдар, ораза ұстаңдар!» – деді», – деген (Имам әл-Бұхари, Имам Муслим және басқалар риуаят еткен).





ЕКІНШІ КЕЗЕҢ





Исраилдіктердің Мұсаға (оған Аллаһтың сәлемі болсын) құдай жасап бер деп өтінуі





Исраилдіктер Мысырдан кеткеннен кейінгі оқиғалар Сина мен Палестина аралығындағы мекенде өрбиді. Жоғарыда айтылғандай, Исраил ұрпақтары үлкен тауқыметті бастарынан өткере жүріп, Аллаһтың рақымшылығымен мысырлықтардан құтылды. Аллаһ тағала бұл жайлы Құранда:





«Сендерді перғауынның сыбайластарынан құтқардық. Олар сендерді ауыр азапта ұстап, ұлдарыңды бауыздап, әйелдеріңді тірі қоятын еді. Міне, мұнда сендерге Раббыларыңнан зор сынау бар» (Бақара сүресі, 49 аят), – деген.





Алайда олар Мысырдан шыққан соң, көптеген ұлы мұғжизалардың куәгерлері ретінде Аллаһқа деген сенімдерінің артуының орнына, иман мәселесінде ауытқуларға ұрына бастады. Олар Шам сапарында жолай пұт-мүсіндерге табынатын бір қауымның қасынан өткен-ді. Исраилдіктер бұл пұт-мүсіндерге не үшін табынатындықтарын сұрағанда, оған табынушылар «бұлар пайда келтіреді, қысылтаяң кездерде олардан шапағат сұраймыз» деген секілді әңгімелер айтты. Сонда кейбір тар ойлайтын исраилдіктер бұған сеніп қалып, Мұсаға бізге сондай тәңірлер жасап бер деп өтініш жасайды. Исраилдіктердің бұл надандықтары мен Мұсаның оларға қайтарған жауабын Аллаһ тағала:





«Исраил ұрпақтарын теңізден өткізгенімізден соң, олар пұттарға табынатын бір елдің жанынан өтті де: «Ей, Мұса! Біздерге де олардың тәңірлері сияқты құдай жасап бер», – десті. (Мұса): «Расында, сендер – түсінбейтін елсіңдер. Шынында, олардың (ғибадат еткендері) зая болушы, ал істеген амалдары болса – босқа кетер нәрсе. Мен сендер үшін Аллаһтан басқа құдай іздейін бе? Ал Ол болса сендерді бүкіл әлемдерден артық қылған», – деді. Сендерді жаман азаптармен қинаған, ұлдарыңды өлтіріп, әйелдеріңді тірі қалдыратын перғауын адамдарынан құтқарғанымызды естеріңе алыңдар. Бұл істерде Раббыларың тараптан үлкен сынақ бар» (Ағраф сүресі, 138-139 аяттар), – деп баяндайды.





Бұл оқиғаға Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде де ишара жасалған. Сахаба Әбу Уақид әл-Ләйси (Аллаһ оған разы болсын): «Аллаһ елшісімен (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бірге Хунайн (жорығының) алдында бір лотос ағашының жанынан өтіп бара жатып: «Уа, Аллаһтың елшісі! Кәпірлердің қару ілетіні сияқты бізге де қару-жарақ ілетін бір нәрсе істеп бер», – дедік. Кәпірлер сол лотос ағашына қару-жарақтарын іліп, әрі соның айналасында сиынатын. Сонда Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаһу әкбар! Бұл исраилдіктердің Мұсаға «Олардың тәңірлері тәрізді бізге де құдай жасап бер» дегені сияқты. Сендер өздеріңнен алдыңғылардың ғұрпына ілесіп тұрсыңдар», – деді», – деп айтқан (Имам Ахмад және Имам Нәсәи риуаят етті).





Тұр тауында





Сосын Аллаһ тағала Мұсаға шариғат үкімдері ретінде Тәуратты беруге уәде етіп, Тұр тауына келуді бұйырады. Аллаһ тағала: «Мұсаға отыз түн уәделі мерзім белгіледік» (Ағраф сүресі, 142 аят), – дейді.





Сөйтіп, Аллаһ тағала Мұсаға Тұр тауына келіп отыз түн, толық бір ай өткізіп, Тәуратты қабылдап алуды әмір етті. Аллаһпен тілдесуге ынтызарлығы артып, шыдай алмаған Мұса қауымын туысы Һарунға тапсырып, жүріп кетеді. Аллаһтың разылығы үшін Тәуратты қабылдап алуға асыққан Мұса жайлы Құранда:





«Ей, Мұса! Сені қауымыңнан не асықтырды?» «Олар артымда, Раббым, Саған Өзің разы болу үшін асықтым», – деді (Мұса)» (Таһа сүресі, 83-84 аяттар), – делінген.





Ол Тұр тауына жетіп, екінші рет қасиетті ағаш түбінде Аллаһтың дидарын көрместен Онымен тілдеседі. Осы Тұр тауының қасиетті Туа ойпатында Мұса Аллаһ тағаладан Тәуратты қабылдап ала бастады. Уәделі отыз күн ішінде Мұса ораза ұстады. Арада біраз күн өткен соң аузынан жағымсыз иісті сезіп, мұндай халде Аллаһпен тілдесуге ұялып, аузын ашып жібереді. Мұсаның бұл ісін Аллаһ тағала айыптап, оған: «Неге аузыңды аштың?» – дейді. Мұса: «Аузымның иісі бұзылды», – деп жауап берді. Сонда Аллаһ тағала: «Сен білмейсің бе, ораза ұстаған ауыздың иісі Мен үшін мисктің иісінен де жағымды. Тағы да он күн ораза тұт!» – деп бұйырады. Мұсаның отыз күніне тағы да он күн қосылып, қырық күнге ұзарды. Аллаһ тағала:





«Мұсаға отыз түн уәделі мерзім белгіледік те, оған он (түн) қосып, сөйтіп, Раббының белгілі уақыты қырық кешке толды. Мұса туысы Һарунға: «Елімнің арасында орынбасарым бол. Түзет те, бұзақылардың жолына ерме», – деді» (Ағраф сүресі, 142 аят), – деп айтқан.



Recent Posts

Мұса пайғамбар (оған ...

Мұса пайғамбар (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы 4

Мұса пайғамбар (оған ...

Мұса пайғамбар (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы 3

Мұса пайғамбар (оған ...

Мұса пайғамбар (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы 2

Мұса пайғамбар (оған ...

Мұса пайғамбар (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы 1