Articles

 





Сәләфтардан жеткен жоғарыдағы хабарларда бидғатшылармен дос болу былай тұрсын, тіпті олармен араласудың өзі қауіпті екені баяндалған!





Имам әл-Фудайл ибн ‘Ийәд былай деген: “Адамдарның жандары жауынгерлер сияқты: бір-бірін танығандар бірігеді, ал бір-бірін танымағандар бөлінеді. Сүннет ұстанушы адам бидғатшыға көмектесуі мүмкін емес, әйтпесе ол екіжүзділіктің белгісі болады” Қараңыз: “Шарх усул и’тиқад” 1/138.





Бидғатшылардың бірі Яхъя ибн ‘Убәйдтың қасында еріп жүргісі келген кезде ол: “Шынында, сенімен бірге жүргенше христианмен бірге жүрген жақсы!” – деді. Ибн Уәддах «әл-Бида’» 142.





Дегенмен, бұл үкім бойынша бидғатшыдан гөрі христианның жағдайы жақсырақ дегенді білдірмейді. Мына қағиданы ешқашан ұмытпау керек: әһлю-Сунна уәл-жәмә’а ақидасы бойынша, үкімі жағынан ең жаман әрі ең пасық күнәһар мұсылман адам – кез-келген ұқыпты да, тәртіпті кәпірден гөрі жақсырақ! Ал сәләфтардың бидғатшымен бірге болғанша, кәпірлермен бірге болған жақсырақ деген сыңайлы сөздеріне келер болсақ, оның мағынасы – кәпір адам мұсылманға белгілі, сондықтан ол мұсылманға күмән салып, адастыра алмайды, ал бидғатшы болса мұны істей алады. Өйткені бидғатшы мұсылман ғой, тіпті өзін әһлю-Суннаданмын деп атауы мүмкін.





Имам Ибн Бәтта айтқан: “Мына нәрсе Сүннет: бидғатты ұстанатын әрбір адамнан аулақ болу, сондай-ақ ондай адамдарды жақтап, көмек көрсетіп және оларды қорғаштайтындардан да аулақ болу, тіпті мұндайды істеп жатқан адам сырттай Сүннетті ұстанатын етіп көрсетсе де!” Қараңыз: “әл-Ибәнә” 1/282.





Имам әл-Бәрбәһәри былай деген: “Егер белгілі бір адамның бидғаты туралы сен үшін анық болса, одан аулақ бол! Өйткені, расында, ол адамда сенің байқаған бидғатыңнан да артық жасырылған бидғат бар!” Қараңыз: Шарху-Ссунна” 97.





Имам Ибн әл-Жәузи былай деп айтқан: “Қарапайым адаммен араласу – бұл адамның иманына әсер ететін азғыру, тек егер олмен сөйлескен кезде өз-өзін сақтамаса. Ондай кезде адам тек өзі сөйлеуі тиіс, ал оларға тек тыңдаттырып қою қажет”. Қараңыз: “Сайд әл-хатыр” 419.





Егер бұл имам қарапайым адаммен сөйлесудің өзі мұсылманның иманына қауіпті екенін айтып жатса, онда бидғатшылармен, күнәһарлармен дос болу адамның иманына қаншалықты қауіпті екені айтпаса да түсінікті!





Әбу Муса әл-Әш’ари жеткізген хадисте, пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Қиямет Күні адам өзінің жақсы көргенімен бірге болады». әл-Бухари 6170, Муслим 2641.





Сонымен қатар, Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Егер адам бір халықты жақсы көрсе, ол міндетті түрде солармен бірге тіріледі!» әт-Табарани. Сенімді хадис. Қараңыз: “Сахих әт-тарғиб” 3037.





Бұл өте маңызды ұлы хадистер, себебі ол хадистерде белгілі бір адаммен дос болып, оны жақсы көруде сақтық қылу қажет екеніне нұсқау бар. Хафиз әл-Мунзири өзінің «әт-Тарғиб уә-ттархиб» 3/14 атты кітабында жоғарыдағы хадистерді және тағы басқа хадистерді келтіріп, сол тараудың атын былай деп атады: “Жаман адамдар мен бидғатшыларды жақсы көрудің қауіптілігі, себебі адам өз жақсы көргенімен бірге болады”.





Сондықтан, әрбір мұсылман адам осыған қарап ойлансын, әрі бидғатшыларды немесе күнәні ашық жасайтын пасықтарды жақсы көруден сақ болсын!





Әнәс ибн Мәлик былай дейді: “Мен пайғамбарды (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын), Әбу Бәкр мен ‘Умарды жақсы көремін және оларға деген махаббатымның себебімен олармен бірге боламын деп үміт етемін, олар істеген нәрсені істемесем де!” әл-Бухари 1/162.





Әрбір мұсылман бидғатшымен дос болу иманның әлсіреуіне, азаюына басты себеп болатынын білуі тиіс, тіпті иманның толықтай жойылуына әкеп соқтыруы мүмкін, бұл енді өз достарының бидғатқа қаншалықты батқанына, әрі олармен қарым-қатынас қаншалықты тығыздығына байланысты.





Бұл айтқанымыз пасық, күнәһарлармен достасуға да қатысты, себебі ондай адамдармен дос болу – адамның жүрегінде күнәлар мардымсыз бір нәрсеге айнала бастайды, әрі жүректен күнәны жек көру сезімінің жоғалуына түрткі болады!





Бұған мысал ретінде мұсылмандардың өздері бүгінгі таңда куә болып жүрген құбылысты келтірейік. Үлкен күнәлардың қатты таралуының кесірінен, мұсылмандар оны үлкен күнә деп қабылдаудан қалды, оны тек жәй кіші күнә деп есептейді. Ал ондай үлкен күнәлардың жасаушы адам кішкене кемшілігі бар адам ретінде қарастырылады, тіпті кейбіреулерін ұқыпты, тәртіпті адамдар қатарына қосады. Естеріңе алыңдаршы, шариғатқа сай келмейтін әйелдердің киімін, сыра ішуді, түгелдей барлық жерде дыбысы шығып тұратын музыканы, өсімқорлық пен үстеме пайыз қосылған несиелерді мысал қылып келтірейікші. Ал енді, өз-өзімізге жауап берейік: біз оларды үлкен күнәлар деп, ал оларды жасаушы адам – күнәһар-пасық адам деп білеміз бе? Расында, адам өз қоршаған ортасына дағдыланып қалады. Егер күнде-күнде көз алдымызда адам өлтіру болып жатса, онда белгілі бір мерзімнен кейін бұған да үйренісіп қалған болар едік, мәселен темекі шегіп тұрған адамға үйренісіп қалғанымыздай. Міне, дәл осы себепті, жаман қоршаған орта қорқынышты әрі мұсылманды қасіретке ұшыратады, ондай адамдармен дос болып, олармен араласуды айтпағанда.





Алайда, күнәһар-пасық мұсылмандармен дос болудың тыйым салынғанда мына нәрсені ескерген жөн: олар бауырларымыз болып қала береді, әрі оларға мұсылманша қарым-қатынас жасау қажет және олармен сәлемдесіп немесе оларға көмек көрсетіп, күнәсіз нәрседе жәрдесуге тиіспіз! Мүмкіндігінше пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мен ізгі ата-бабаларға ере отырып, өз-өзіңді және бізді қоршаған мұсылмандарды дұрыстау қажет.





Имам әл-Хаттаби айтады: “Өзімізге таңдаған жалғыздықты айтқан кезде, біз адамдардың қоғамынан алшақтап, құлшылыққа, сәлемдесуге, басқалардың сәлеміне жауап беруге және сол сияқты олардың бізге деген қақыларына байланысты олардың құқықтарын жоққа шығарамыз деп айтқымыз келген жоқ, әрі оларға Сүннет амалдар мен құпталған әдеттер деп сыпайы түрде сылтауратып, бас тартпаймыз. Біз жалғыздық дегенде тек қажетсіз достық қарым-қатынастардан, артық достасуды теріске шығарып, еш пайдасы жоқ қарым-қатынастардан бас тартудың қажеттілігін ғана айтамыз”. Қараңыз: . “әл-‘Узлә” 3/449.





Тақуа адаммен дос болудың бұйрылғандығы жайында





Аллаһ Тағала былай деген: «Раббыңның Жүзін қалап, Оған таңертең, кешке жалбарынғандармен бірге өзің де сабыр ет. Дүние тіршілігінің сәнін қалап көзіңді басқаға аударма. Сондай-ақ Біз жүрегін, Бізді еске алудан қаперсізденген, әуесіне еріп, амалдары күлге айналатын біреулерге бағынба» (әл-Кәһф сүресі, 28-аят).





Шейх ‘Абдур-Рахман әс-Са’ди былай деді: “Бұл аятта жақсы адамдармен дос болу бұйрығы бар! Сондай адамдармен бірге жүріп, олардың арасында болу үшін өз нәпсіңе қарсы күресуің қажет, тіпті олар кедей болса да. Расында, ондай адамдардың қасында болу – сансыз пайда әкеледі!” Қараңыз: “Тайсирул-Кәрими-Ррахман” 284.





Аллаһ Тағала тағы былай дейді: «Әй мүміндер! Аллаһтан қорқыңдар және шыншылдармен бірге болыңдар» (әт-Тәубә сүресі, 119-аят).





Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Жаман дос пен жақсы достың мысалы әтір сатушы мен от үрлеуші ұстаның мысалындай. Әтір сатушыға келер болсақ, не ол саған сыйлық жасайды, не сен одан бір нәрсе сатып аласын, не одан шыққан хош иісті сезесің. Ал от үрлеуші ұстаға келер болсақ, не ол сенің киіміңді күйдіреді, не одан шыққан сасық иісті сезесің». әл-Бухари 5534, Муслим 2628.





Имам ән-Нәуәуи айтады: “Бұл хадисте тақуа, лайықты адамдардың және жақсы мінез-құлық пен білім иелерінің арасында болудың артықшылығы айтылған. Сондай-ақ бұл хадисте бидғатшылар, ғайбатшылар, көргенсіздігімен танымал болған адамдар және сондай жағымсыз қасиетке ие жаман адамдардың арасында болудың тыйым салынғандығы айтылған!” Қараңыз: “Шарх Сахих Муслим” 5/484.





Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Сенімен тек мүміннен басқа ешкім дос болмасын және тақуа адамнан басқа ешкім сенің тамағыңды жемесін!» Әбу Дәуд 4832, әт-Тирмизи 2395. Хадистің сенімділігін Ибн Хиббән, әл-Хәким, әз-Зәһәби, Ибн Муфлих және әл-Әлбәни растады.





Имам әл-Хаттаби айтады: “Бұл хадисте қонақжайлылыққа және шақыруға байланысты тамақ беру туралы айтылып жатыр, мұқтаждарға беретін тағам емес! Өйткені Аллаһ Тағала мүміндер туралы былай деді ғой: «Олар тамақты жақсы көре тұра міскінге, жетімге және тұтқынға жегізеді» (әл-Инсан сүресі, 7-аят). Ал тұтқындар мүмін де емес, тақуа да емес, олар – кәпірлер екені белгілі. Осы хадисте тақуа емес, күнәһар адамдармен бірге болып, олармен бірге тамақтанудан сақ болу керек екені баяндалған, өйткені шын мәнінде, бірге тамақтану бір-бірін ұнату сезімін тудырады!” Қараңыз: “Мә’алиму-Ссунән” 7/185.





Қатада айтқан: “Аллаһпен ант етейін, адамдар тек өзі сияқтылармен бірге болатынын көргенбіз! Сондықтан Аллаһтың ізгі құлдарының арасында болу үшін немесе солар сияқты болу үшін Аллаһтың ізгі құлдарымен араласыңдар”. Ибн Бәтта 2/480.





Шейхул-Ислам Ибн Тәймия айтады: “Аллаһ Тағалаға мойынсұнған адамдармен ғана дос болу ғана рұқсат етілген, әрі ол дәл Аллаһтың Өзі қалағандай болуы тиіс!” Қараңыз: “Мәжму’ул-фәтәуә” 15/327.





Имам Ибн ‘Ақил «әл-Фунунда» былай деген еді: “Аллаһ Тағала жас кезімде мені күнәлардан сақтады және менің махаббатымды тек білім мен білім иелерін ғана жақсы көретіндей етіп шектеді. Мен ешқашан ойын-сауық құратындармен араласқан емеспін және өзім сияқты білім ізденушілермен ғана дос болдым”. Қараңыз: «‘Улюул-химмә» 356.





Бұл ізгі адамдармен дос болудың жемісі, дәл осы себепті яғни ізгі, әрі білімге ие адамдармен дос болғандар кейіннен осы үмметтің ұлы имамдарына айналды!





Осы жерде аса маңызды жайтты айта кету керек: ең алдымен досты діндарлығына қарап таңдау қажет, яғни оның ақидасы мен мәнһәжы қаншалықты дұрыс екеніне назар аудару керек. Өйткені қаншама мұсылмандар белгілі бір адамның жақсы мінез-құлқына алданып, тура жолдан ауытқып кетті! Яхъя ибн Мә’ин айтқан: “Бір күні мен ‘Абдур-Раззақтың аузынан шиалар айтатын бір сөзді естіп қалып: “Сенің хадистерді жеткізген ұстаздарыңның барлығы сенімге лайықты еді әрі олар әһлю-Суннадан болды: Мә’мәр, Мәлик, Ибн Журайж, әс-Сәури, әл-Әуза’и. Енді осы мәзһабты кімнен алдың?” – деп сұрадым. Сонда ол: “Бірде бізге Жә’фәр ибн Сулеймән келген болатын, мен оны лайықты әрі жақсы мінез-құлықты екенін көрдім. Осыны содан алдым”, - деді”. Қараңыз: “әт-Тахзиб” 611.





Сондықтан досты таңдаудағы ең басты критерий – бұл діндарлығы және ақидасының дұрыстығы, жақсы мінез-құлық емес немесе тағат-құлшылық емес! Имам Әбу Шәмә айтады: “Көбінесе адамдар белгілі бір наданды білімге ие, әрі тақуа деп есептеген кезде бидғатқа ұрынады. Мұндай адамдар оның сөзіне құлақ асып, амалдарына қарап, оған ере бастайды, міне, осылайша олардың амалдары кері кетеді!” Қараңыз: “әл-Мә’рифә уә-ттарих” 1/670.





Қорытынды





Келтірілген аяттарға, хадистерге, сәләфтардың сөздеріне ой жүгірткен адам міндетті түрде дос таңдаудың қаншалықты маңызды екенін, әрі күнәһарлар мен бидғатшылар адамның діні мен мінез-құлқына қаншалықты қауіп төндіретінін түсінеді! Адам ізгі әрі ойы таза болуы мүмкін, бірақ ол жаман адамдармен қалай араласса дәл сол кезден бастап олар сияқты пасық, мойынсұнбаушы болып кетуі мүмкін. Міне, Аллаһтың жаратылыстарға орнатқан заңы осындай.





Ақымақ адаммен дос болуда еш пайда жоқ, тіпті сол достық ұзаққа созылса да, ол бәрі-бір түбі ұрыс-керіс, дау-дамаймен аяқталады. Сондай-ақ тез ашуға, көңіл-қалауына, сараңдыққа немесе қаталдыққа салынып кететін әдепсіз адаммен де дос болудың еш пайдасы жоқ. Сонымен бірге өзінің пасықтығын тастамайтын күнәһармен де дос болудың қажеті жоқ, себебі ол сені күнәларға немқұрайлы қарауға алып барады. Оның үстіне ешкім Аллаһтан қорықпайтын адамның жамандығынан ешкім сақтандырылмаған, ондай адамның достығына сенуге болмайды, өйткені ол белгілі бір жағдайдың пайдасы мен зиянына байланысты кез-келген уақытта өзгеріп шыға келуі мүмкін.





Әрбір мұсылман адам сондай қасиеттерге ие болуға тиіс, оны көргенде өзің олмен дос болғың келіп кететіндей.





Осы мақаланы ұлы имам Суфьян әс-Сәури керемет сөзімен аяқтағымыз келіп тұр: “Адамның әдепсіздігіне немесе ізгілігіне достан артық әсер ететін ешкім жоқ!” Қараңыз: “әл-Ибәнә” 2/476.





Соңында, әлемдердің Раббысы – Аллаһқа мақтау болсын!





Пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасы мүшелеріне және барлық сахабаларға Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын!





[1] Хаман – перғауынның уәзірі, Аллаһ Тағала оларға Мұса пайғамбарды (оған сәлем болсын) жіберді. Қараңыз: “Тәфсир әл-Қуртуби” 6/432.





[2] Қадарилер – тағдырды (қадар) жоққа шығаратын адасқан ағым.





[3] Имам Ибн Жәрир әт-Табәри (оған Аллаһтың мейірімі жаусын) осы аятқа тәпсір жазған кезде былай дейді: “Бұл дегеніміз: Егер тек сендер кәпірлердің билігінің қол астында болмасаңдар және өз-өздеріңе қауіп төнеді деп қорықпасаңдар ғана. Егер де сендер осындай жағдайда болсаңдар, тілдеріңде оларға жылы шырай танытып, оларға қатысты өшпенділіктеріңді жасырыңдар. Алайда, күпірлікте оларға ілеспеңдер және мұсылмандарға қарсы оларға көмектеспеңдер”. Қараңыз: “Тәфсир әт-Табәри” 3/228.





Осы аятта өзің үшін кәпірлерден қауіптенсең, оларға сырттай достық шырай таныту – аулақ болу (әл-бара) принципін бұзбайтындығына дәлел бар. Мұндай нәрсе Ислам «әт-тақия» деп аталады. Хафиз Ибн Хәжәр (Аллаһ оны рахым етсін) былай деген: “Тақия – бұл жүрегіңдегі нәрсені сырттай көрсетуден қорқу”. Қараңыз: “Фәтхул-Бәри” 12/314. Ибн әл-Қайим былай деп жазды: “Егер адам кәпірлердің тарапынан зұлымдық ұшыраса, әрі ол кәпірлерге барған кезде жақсы сөздер айтып, игі тілектер тілейтін болса, мұндайды істеудің ешқандай проблемма жоқ”. Қараңыз: “Әхкәму әһли-ззиммә” 1/205.





Алайда, мұндай жағдайда егер мәжбүрлемесе өтірік айтуға немесе оларды мақтауға болмайды. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Екіжүздіні “мырза” деп атамаңдар, өйткені, шын мәнінде, егер ол сендердің мырзаларың болатын болса, онда осы арқылы Ұлық, Құдіретті Раббыларыңды ашуландырасыңдар». Ахмад 5/346, Әбу Дәуд 4977. Хадистің сенімділігін имам ән-Нәуәуи мен шейх әл-Әлбәни растады.





Өздерінің шынайы сенімдерін жасырып, сырттай басқаша сенімді көрсететін шиалар мен кейбір адасқан топтардағы тақия ұғымына келер болсақ, сөзсіз бұл – Аллаһ рұқсат еткен тақияға түк қатысы жоқ. Шейхул-Ислам Ибн Тәймия (Аллаһ оны рахым етсін) былай деген: “Тақия дегеніміз өтірік айтып, жүрегіңде жоқ нәрсені тіліңмен айту дегенді білдірмейді, себебі бұл – анық екіжүзділік! Өз дініңді жасыру – бұл бір бөлек, ал өтіріктен басқа дінде екеніңді көрсету – тіптен бір бөлек, міне осындайды Аллаһ Тағала рұқсат еткен жоқ, тек егер мәжбүрлемесе!” Қараңыз: “Минһәжу-Ссунна” 4/424-425.





[4] Адамдардың екі түрі ғана бар: бір жағы – мұсылмандар, екінші жағы – мұсылмандардан басқалары! Кітап иелерден болған кәпір бола ма, жоқ әлде мүшрік-кәпір бола ма, немесе атеист-кәпір бола ма – бәрі-бір Аллаһ Тағаланың алдында олардың барлығы кәпір. Сондықтан осы үмметтің Әбу Ханифа, әш-Шәфи’и, Ахмад сияқты имамдары былай деген: “Күпірлік – бұл бір дін!” Қараңыз: “Тәфсир әл-Қуртуби” 2/127.





[5] Имам Ибн Жәрир әт-Табәри осы аяттың тәпсірінде былай деп жазған: “Мұсылмандарға қарсы яһудилер мен христиандарға көмектесіп, оларды жақсы көрген адам – солардың дінінен! Ешбір адам біреудің діні мен ұстанған жолына разы болмайынша, оған көмек көрсетіп, оны жақсы көрмейді. Ал енді кімде-кім олардың дінімен разы болса, үкім бойынша солармен тең болады!” Қараңыз: “Тәфсир әт-Табәри” 3/228.





[6] Аллаһ Тағала былай деген: «Әй мүміндер! Аллаһ үшін куәлікте туралық үстінде мықты тұрыңдар. Және бір елге деген өшпенділіктерің сендерді әділетсіздікке апармасын» (әл-Мәида сүресі, 8-аят). Имам әл-Қуртуби былай дейді: “Осы аят кәпірлердің күпірлігі оларға деген әділеттілік көрсетуге кедергі болмайтынына нұсқайды”. Қараңыз: “Тәфсир әл-Қуртуби” 5/85.





Шейх ‘Абдур-Рахман әл-Бәррак айтады: “Кәпірлердің елінде өмір сүріп, сол жерде ұрлық жасау, құқығын таптау, әрі ұрып-соғу, еш қақысыз тіл тигізу сияқты кәпірлерге қатысты істеп жатқан кейбір надан мұсылмандардың қылмысы – Ислам шариғатында тыйым салынған! Мұндай адамдардың істеп жатқаны Исламға түк қатысы жоқ! Бұдан да өткен сорақысы – бұл кейбір адасқандардың түрлі мекемелерге теракты жасап жарып жіберуі. Расында, бұл Аллаһ Тағала Өзінің құлдарының арасында әділеттілік пен Оның сөзін жер бетінде ұлықтап тарату үшін заңдастырған жиһәдқа еш қатысы жоқ! Сонымен біргі, мұның барлығы тыйым салынған бұзақылық!” Қараңыз: “И’тида ‘алә ғайрил-муслимин” 3.





[7] Кейбір имамдар осы аяттың күші жойылған деп есептейді. Имам әл-Қуртуби аталмыш аятты мүшріктермен соғысуға бұйырған аяттар күшін жояды деген имамдардың пікірін келтіріп болған соң былай дейді: “Ал тәпсіршілердің көбісі бұл аяттың күші жойылмаған деп есептейді”. Қараңыз: “Тәфсир әл-Қуртуби” 12/321.





Құран тәпсіршілерінің имамы Ибн Жәрир әт-Табәри аталмыш аят жалпы және күші жойылмаған деген пікірдің күшті екенін айтты, өйткені осы аят кесімді түрде: «Сендермен дін үшін соғыспаған, әрі үйлеріңнен қумаған адамдарға игілік жасаған» - дейді. Сондықтан мұсылмандармен дін үшін соғыспағандарға жақсылық жасауға болады. Қараңыз: “Тәфсир әт-Табәри” 10/261.





Имам әл-Хаттаби айтады: “Мұсылман бала өз ата-анасын бағуы тиіс, тіпті олар кәпір болса да”. Қараңыз: “Фәтхул-Бәри” 5/234.





Шейх Ибн әл-Қайим: «Туысқандық қарым-қатынасты үзген адам Жәннатқа кірмейді» - деген хадисті келтіріп: “Туысқандармен қарым-қатынас жасау қажет, тіпті кәпір болса да” - деді. Қараңыз: “Әхкәму әһли-ззиммә” 2/317.





Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Егер Кітап иелері сендерге сәлем берсе, оларға: “Сендерге де” (уә ‘аләйкум) деп жауап беріңдер». әл-Бухари 6258, Муслим 2163. Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қызметшісі болған яһуди-бала қайтыс болайын деп жатқанда пайғамбарымыз оған келген, содан соң әлгі яһуди-бала Ислам қабылдағаны туралы хабар бар. әл-Бухари 1290.





Шейх Ахмад ән-Нәжми айтады: “Осы хадистен яһуди-бала пайғамбарымызға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қызмет еткені белгілі болды, ал қызмет ету қожайынға көмек көрсетуден тұрады. Міне, осы жерде ақиқатты білгісі келетіндерге мұсылман мен кәпірдің арасында дүнияуи мәселелерде көмек көрсету рұқсат екеніне жеткілікті дәлел бар”. Қараңыз: “әл-Фәтәуә әл-жәлия” 253.





Сонымен қатар, ‘Абдуллаһ ибн ‘Амр есімді сахаба қой сойып, оны яһуди көршісіне бастап таратуға бұйырған, әрі қойдың бір бөлігін сол яһудиге бергізіп жіберді. Әбу Дәуд 5152, әт-Тирмизи 1943. Сенімділігін шейх әл-Әлбәни растады.





Шейх Салих әл-Фаузан былай дейді: “Көршіге жақсылық таныту міндетті (уәжиб) болып табылады, тіпті ол кәпір болса да. Алайда кәпірлерді жақсы көруге болмайды, өйткені олар Аллаһтың жаулары. Ал көршімен қарым-қатынас туралы айтар болсақ, ол Ислам істеуге бұйыратын тұрмыстық мәселелерге жатады”. Қараңыз: “Фәтәуә әл-Фаузан” 1/257.





‘Абдур-Рахман ибн Әбу Бәкр былай деген: “Бір күні біз пайғамбарымызбен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірге болғанымызда, бір мушрик қойды айдап бара жатқан еді, пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) одан: «Бұл сатуға ма әлде сыйлыққа ма?» - деп сұрады. Әлгі мушрик: “Жоқ, сатуға”, - деді. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оның қойын сатып алды”. әл-Бухари 2216.





Сондай-ақ, ‘Айша былай деген: “Бірде пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бір яһудиден тамақты қарызға алды”. әл-Бухари 2068, Муслим 1603.





Осы Құран мен Сүннеттің мәтіндерінің барлығы кәпірлермен тұрмыстық мәселелерде қарым-қатынас жасаудың рұқсат етілгендігіне нұсқайды.





 



Recent Posts

Мұса пайғамбар (оған ...

Мұса пайғамбар (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы 4

Мұса пайғамбар (оған ...

Мұса пайғамбар (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы 3

Мұса пайғамбар (оған ...

Мұса пайғамбар (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы 2

Мұса пайғамбар (оған ...

Мұса пайғамбар (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы 1