Articles

Ислам дінінде дос таңдаудың маңыздылығы





كيف تختار صديقك





>Қазақ тілі – Kazakh –< كازاخي





www.al-hanifiya.kz





сайтының редакциясы дайындаған





www.al-hanifiya.kz إعداد: موقع





—™





مراجعة: فريق اللغة الكازاخية بموقع دار الإسلام





Ислам дінінде дос таңдаудың маңыздылығы





www.al-hanifiya.kz





сайтының редакциясы дайындаған





Аса Рахымды, ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен!





Кіріспе





Оны дәріптеп, әрі Одан жәрдем мен кешірім сұрап жалбарынатын Аллаһқа барлық мақтау мен мадақтар болсын. Жанымыздың жамандықтары мен жаман іс-амалдарымыздан Аллаһқа сиынып, Одан пана тілейміз. Кімде-кімді Аллаһ тура жолға бастаса, онда оны ешкім де адастыра алмайды. Ал кімде-кімді адастырса, онда оны тура жолға салар ешкім жоқ. Біз Аллаһтан өзге құлшылыққа лайық ешкім жоқ екеніне, Оның серігі жоқ, әрі Жалғыз екеніне куәлік етеміз, сондай-ақ Мұхаммед – Оның құлы әрі елшісі екеніне куәлік етеміз.





Одан кейін:





Ислам дінінде дос таңдау аса маңызды орын алады, әрі Құран, Сүннет пен ізгі ата-бабалардың сөздерінен осыны жиі кездестіруге болады. Мәселен, Құран мен Сүннет дос ретінде өзімізге ізгі дос пен жолдас таңдауын бұйырып, өзіңнің араласатын жақындарың ретінде кәпірлер немесе пасық мұсылмандар болуына тыйым салады. Мұндай адамдармен достасудың тыйым салынғандығын былайша түсіндіруге болады: адам өз негізінде кіммен дос болса, содан үлгі алып, оған ұқсауға бейім тұрады. Мысалы, діни білім ізденіп жүрген адамдармен араласу – адамды діни білімді ізденуге итермелейді. Тақуа адамдармен араласу – адамды дүниелік игіліктерге қызықпауға үйретеді. Бидғатшылармен араласу – адамды бидғат жасауға ұшыратады. Ал дүние жинауды ғана мақсат ететін адамдармен араласу – адамды дүниеқоңыздыққа шалдықтырады. Міне, сондықтан шариғат осы дүниеде де, о дүниеде де пайда әкелетін достар мен жолдастарды таңдауды бұйырып, нашар құрбы-құрдастардан барынша аулақ болуды әмір етеді. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Адам өз досының дінінде. Сондықтан, әрбірің өз жақын достарыңның кім екеніне қарасын!» Әбу Дәуд 4833, әт-Тирмизи 2378. Хадистің сенімділігін имам ән-Нәуәуи, хафиз Ибн Хәжәр, имам Ибн Муфлих, хафиз әс-Суюты мен шейх әл-Әлбәни растады.





Ибн Әбу ‘Имран айтады: “Бір күні мен Әбу Заррға келіп, оның жалғыз өзі мешітте отырғанын көрдім. Мен одан: “Сіз неге жалғыз отырсыз?” – деп сұрадым. Сонда ол: «Нашар достардан гөрі жалғыздық артық, әрі жалғыздықтан гөрі жақсы достар артық!» - деп жауап қатты”. Әбу әш-Шейх, әд-Дайләми, Ибн ‘Асакир. Хафиз Ибн Хәжәр иснадын жақсы деді. Қараңыз: “Фәйдул-Қадир” 7/349.





Дана сахабаның сөздері неткен керемет десеңші!





Әбу Суләймән әд-Дарани айтады: “Тек мына екі адаммен ғана дос бол: осы дүние істерінде пайда әкелетін адаммен және о дүниелік өмірге пайда әкелетін адаммен. Ал басқа адамдармен дос болу – үлкен ақымақтық!” Қараңыз: “әл-Мәу’изатул-муттақин” 128.





Имам Ибн Жәмә’а білім ізденушіге насихат айтып былай дейді: “Ол тек оны үйрете алатын немесе одан бірнәрсе үйрене алатын кісілермен ғана араласу керек. Егер ол уақытын олармен босқа өткізетін, ештеңені үйретпейтін, одан ештеңе үйрене алмайтын және оның істерінде оны құптамайтын біреулермен достасса, онда олармен танысқан соң алғашқы күндерінен-ақ сыпайы түрде қарым-қатынасын ұзсін. Бұны олардың достастғы күшеймей жатып, дереу істеу қажет. Себебі, күшейген нәрседен құтылу ауыр. Фақиһтар былай деген: «Тоқтатудан көрі, алдын алу оңайрақ»”. Қараңыз: «Тазкирату-ссами’» 84.





Досың қандай болса, сен де сондайсың





‘Айшадан жеткен хадисте, Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Адамдарның жандары жауынгерлер сияқты! Бір-бірін танығандар бірігеді, ал бір-бірін танымағандар бөлінеді». әл-Бухари 3336, Муслим 2638.





Міне, осы хадистен түсінетініміз: әуелгіде жаман немесе жақсы қасиет салынған жандар бір-бірімен дос болуға ұмтылады, сондықтан ізгі адамдар – ізгі адамдармен араласады, ал күнәһарлар – өзі сияқты күнәһарлармен достасады. Имам Ибн әл-Әсир айтады: “Жаны бар денелер қалай жаратылғанына қарай бірігеді немесе бөлінеді. Осы себепті, сен ізгілер ізгілерді жақсы көріп, олармен дос болуға ұмтылатынын, ал жаман адамдар жаман адамдарды жақсы көріп, олармен дос болуға ұмтылатынын көресің!” Қараңыз: “ән-Нихая” 1/336.





Әбу Һурайрадан жеткен хадисте, Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Адам өз досының дінінде. Сондықтан, әрбірің өз жақын достарыңның кім екеніне қарасын!» Әбу Дәуд 4833, әт-Тирмизи 2378. Хадистің сенімділігін имам ән-Нәуәуи, хафиз Ибн Хәжәр, имам Ибн Муфлих, хафиз әс-Суюты мен шейх әл-Әлбәни растады.





Хафиз Ибн ‘Абдул-Бәрр былай деп жазған еді: “Бұл хадистің мағынасы, бірақ Аллаһ жақсырақ біледі, мынада: адам өз досынан көрген нәрсеге дағдыланып үйреніп қалады. Дінге де дағдыланып үйреніп қалуға болады, міне сондықтан, мұсылман адам тек жақсы нәрсе көрсете алатын адаммен ғана дос болуға бұйырылған, өйткені жақсы нәрсеге де дағдыланып үйреніп қалуға болады”. Қараңыз: “Бәхжәтул-жәлисин” 2/751.





Имам әл-Хаттаби айтады: “«Адам өз досының дінінде» деген сөз – сен тек діні мен тақуалығына разы болған адаммен ғана дос болуға рұқсат етілетіндігін білдіреді. Досың міндетті түрде сені өз дініне, өз жолына тартады, сондықтан өз тақуалығыңа сеніп алданып қалма, өзіңді қатерге душар етпе және сен діні мен жолына разы болмаған біреумен дос болма! Суфьян ибн ‘Уяйнә осы хадиске қатысты былай деп айтылғанын жеткізеді: “Перғауынға және оның қасында болған Хаманға[1] қараңдар! Әл-Хажәжға және одан бетер Йәзид ибн Әбу Муслимге көз салыңдар! Суләймән ибн ‘Абдул-Мәликке және оны үнемі түзетіп отыратын серігі Раж ибн Хайға қараңдар!” Махаббаттың «хилләт» деп аталуының себебі – махаббат пен ұнату сезімі адамның жүрегіне кіріп, өз тамырын жайып нығаятындықтан деп айтылады, әрі бұл – бауырлар арасындағы сезімнің ең жоғарғы сатысы. Негізінен, адамдар бір-біріне бөтен, ал егер олар танысып, одан әрі достаса бастаса, бір-біріне жақын болып кетеді. Егер араларында ұқсастық байқалса, олар бір-бірін жақсы көретін достарға айналады. Егер бұл сезім арман қарай нығайса, араларында «хилләт» деп аталатын нәрсе пайда болады”. Қараңыз: “әл-‘Узлә” 56.





Ибн Мәс’уд айтады: “Адам туралы оның досына қарап бағалаңдар, өйткені адам өзіне ұқсайтын адамдарды ғана дос тұтады!” Қараңыз: “Тәфсир әл-Қуртуби” 4/281.





Әл-Ә’мәш айтады: “Сәләфтар белгілі бір адам туралы тек мына үш сұрақты қоятын еді: ол қай жерге барады, ол кімге барады және қандай адамдарды жақсы көреді”. Ибн Бәтта “әл-Ибәнә” 2/452.





Имам әл-Әуза’и айтады: “Кімде-кім өз бидғатын бізден жасырса, бізге оның бидғатын өзінің жақын араласатын адамдары әшкерелеп береді!” Ибн Бәтта “әл-Ибәнә” 2/479.





Суфьян әс-Саури Басра қаласына келген кезде Раби’ ибн Сабихтың жағдайы туралы сұрай бастады. Суфьян әс-Саури Раби’ туралы: “Оның мазхабы (жол) қандай?” – деп сұрады. Оған: “Оның мазхабы – тек Сүннет”, - деп жауап берді. Ол: “Ал ол кімдермен араласады?” – деп сұрады. Оған: “Қадарилермен[2]”, - деді. Сонда Суфьян былай деді: “Демек, ол да қадари!” Ибн Бәтта “әл-Ибәнә” 2/453.





Шейхул-Ислам Ибн Тәймия айтады: “Егер адам жасырын түрде жаман адамдармен кездесіп, олармен бірге болатын болса, ондай адамнан сақ жүру керек екенін жұртқа ескерту қажет!” Қараңыз: “Мәжму’ул-фәтәуә” 35/414.





Егер жаман адамдармен жасырын түрде кездесіп, олармен бірге болатындар туралы осындай ауыр сөздер айтылса, онда жаман адамдармен ашық кездесіп, бірге болатындар туралы не айтуға болады?!





Шейхул-Ислам Ибн Тәймия тағы былай дейді: “Мұсылман адам өзінің досы болғысы келетін адамды немесе қызын сұрап келген жігітті және сол сияқты адамдарды тексеруі тиіс”. Қараңыз: “Мәжму’ул-фәтәуә” 15/328.





Кәпірлерді дос тұтудың тыйым салынғандығы жөнінде





Аллаһ Тағала былай дейді: «Әй мүміндер! Егер әкелерің, туыстарың иманнан гөрі күпірлікті жақсы көрсе, оларды дос тұтпаңдар. Ал сендерден кім оларды дос тұтса, онда олар залымдар» (әт-Таубә сүресі, 23-аят).





Аллаһ Тағала тағы былай дейді: «Мүміндер, мүміндерден өзге кәпірлерді дос тұтпасын. Әлдекім осыны істесе, Аллаһқа еш нәрседе байланысы жоқ. Бірақ олардан сақтану үшін болса басқа[3]» (Әли ‘Имран сүресі, 28-аят).





Кәпірлермен дос болу туралы айтар болсақ, бұл – екіжүзділіктің бір белгісі. Ол туралы Аллаһ Тағала былай деген: «Екіжүзділерді күйзелтуші азаппен сүйіншіле. Олар сондай мүміндерден өзге кәпірлерді дос тұтқандар. Олар кәпірлердің қасынан ұлықтықты қалай ма? Шын мәнінде, ұлықтық бүтіндей Аллаһқа тән» (ән-Ниса сүресі, 138-139-аяттар).





Кәпірлерді жақсы көріп, оларды дос тұту – яһудилердің сипаты. Ол туралы Аллаһ Тағала былай деген: «Олардан көбісі кәпірлерді дос тұтқанын көресің. Олардың дайындаған нәрселері нендей жаман. Олар Аллаһтың ашуына жолығып, азапта мәңгі қалады. Егер олар Аллаһқа, пайғамбарға және оған түсірілген Құранға иман келтірген болса, оларды дос тұтпас еді. Бірақ олардың көбісі бұзақылар. Әрине мүміндерге адамдардың ішінде ең қатты дұшпан түрінде яһудилерді, мүшріктерді табасың» (әл-Мәида сүресі, 80-82-аяттар).





Кәпірлермен дос болудың тыйым салынғандығы кәпірлердің барлығын қамтиды, ол мүшрік болсын, атеит болсын, немесе христиан болсын, яһуди болсын.[4] Аллаһ Тағала былай дейді: «Әй мүміндер! Яһудилер мен христиандарды дос тұтпаңдар! Олар бір- бірлерінің достары. Ал сендерден кім оларды дос тұтса, ол – солардан. [5] Расында, Аллаһ залым елді тура жолға салмайды!» (әл-Мәида сүресі, 51-аят).





Сонымен қатар өзіңнің жақындарың ретінде мұсылмандардан басқа ешкімді алмау керек екеніне Аллаһ Тағаланың мына сөздері нұсқау болады: «Әй мүміндер! Өздеріңнен басқаларды жақындарың ретінде алмаңдар! Олар сендерге қастандық жасаудан тартынбайды, әрі сендердің қиналғандарыңа қуанады. Олардың өшпенділігі ауыздарынан-ақ көрініп тұр. Әрі олардың жүректерінде жасырынған өшпенділік одан да үлкен. Егер түсінетін болсаңдар, әрине сендерге аяттарымызды баян еттік!» (Әли ‘Имран сүресі, 118-аят).





Имам әл-Қуртуби айтады: “ Аллаһ Тағала осы аятта мүміндерге жақындары ретінде кәпірлерді, христиандар мен яһудилерді алуға, әрі олардың пікірін тыңдап, олармен кеңесуді тыйым салды!” Қараңыз: “Тәфсир әл-Қуртуби” 4/216.





Әбу Муса әл-Әш’ари былай депа баяндайды: “Бір күні мен ‘Умар ибн әл-Хаттабқа (Аллаһ оған разы болсын) жазғыш-христианым бар екенін айттым. Ол: “Саған не болған?! Аллаһ сені қиратып тастасын! Сен Аллаһ Тағаланың: «Әй мүміндер! Яһудилер мен христиандарды дос тұтпаңдар! Олар бір- бірлерінің достары» (әл-Мәида сүресі, 51-аят) – деген сөзін естімеп пе едің?! Жалғыз Аллаһқа ғана иман келтірген адамды таба алмадың ба?” – деді. Мен оған: “Әй мүміндердің әміршісі! Ол маған тек жазғыш ретінде керек, ал оның сенімі өзінде қалады!” – деп қарсылық білдірдім. Сонда ол: “Егер Аллаһ Тағаланың Өзі оларды жек көрсе, мен оларға қалайша құрмет көрсетемін?! Егер Аллаһ Тағаланың Өзі оларды қорласа, мен оларды қалайша көтермелеймін?! Егер Аллаһ Тағаланың Өзі оларды алыстатса, мен оларды қалайша жақындатамын?!” – деді.” әл-Бәйхақи 9/204. Шейхул-Ислам Ибн Тәймия мен шейх әл-Әлбәни иснадын сенімді деп атады. Қараңыз: “әл-Иқтида” 161 және “Ируәул-ғалил” 2630.





Кәпірлермен дос болудың Исламдағы үкімі міне осындай.





Сонымен қатар, кәпірлерді жақындарың ретінде алмай, әрі оларды дос тұтпау дегеніміз – оларға әділетсіз болуды, олардың құқықтарын қорлауды білдірмейді. Ол рұқсат етілмеген. [6] Сонымен бірге, бұл айтқанымыз Исламмен, мұсылмандармен соғыс жүргізіп жатпаған адамдармен жақсы қарым-қатынаста болудың тыйым салынғандығын білдірмейді. Бұған туыстық қарым-қатынасты нығайту немесе сауда-саттық, финанс жағынан қарым-қатынаста болу да жатады.





Аллаһ Тағала былай дейді: «Сендермен дін үшін соғыспаған, әрі үйлеріңнен қумаған адамдарға игілік жасап, олармен әділ болуға Аллаһ тыйым салмайды. Расында, Аллаһ әділ болғандарды жақсы көреді» [7] (Мумтәхана сүресі, 8-аят).





Пасықтармен және бидғатшылармен дос болудың тыйым салынғандығы жөнінде





Өкінішке орай, мұсылдардың аз бөлігі ғана осы мәселеге мұқият қарайды, сол себепті өзін Сүннетті ұстанып жүрмін дейтін адамды басқа мұсылмандарды негізсіз күпірлікте, бидғатта айыптайтындармен немесе Аллаһтың есім-сипаттарын бұрмалап, жоққа шығаратындармен араласып жүргенін, олармен дос болып жүргенін көруге болады.





Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Қадарилер осы үмметтің отқа табынушылары. Егер олар ауырып қалса, зиярат етпеңдер, ал егер олар қайтыс болса, жаназасына бармаңдар!» Әбу Дәуд 4691, әл-Хаким 1/15, Ибн Әбу ‘Асым 339. Хадисті имам Әбу ‘Иса әт-Тирмизи, хафиз Ибн Хәжәр мен шейх әл-Әлбәни жақсы деді.





Ибн ‘Умарға тағдырды жоққа шығаратын адамдар туралы айтқан кезде, ол: “Сендер оларды кездестірген кезде, оларға менің еш қатысым жоқ екенін, олардың маған еш қатысы жоқ екенін жеткізіңдер!” – дегені туралы хабарланады. Муслим 8.





Танымал табиғин Әбу әл-Дауза былай деген: “Менің қасымда нәпсісіне ерген адамнан гөрі, маймылдар мен шошқалар болғаны жақсы!” әл-Ләләкәи 231.





‘Абдуллаһ ибн ‘Аун былай деген: “Бидғатшылармен бірге отыратындар, біз үшін сол бидғатшылардың өздерінен де жаман!” Қараңыз: “әл-Ибәнә” 2/273.





Бидғатшылармен араласып, олармен дос болу туралы сәләфтардың тым қатты айтқан сөздер өте көп. Онымен қоса, сәләфтар өз балаларының көңіл-қалауына ергендермен дос болғанша, күнәһар пасықтармен араласқаны жақсырақ деп есептеген. Мәселен, Са’ид ибн Жубәйр былай деген: “Мен үшін өзімнің балам құлшылықта ынталы бидғатшымен дос болғанша, күнәһар-Суннитпен дос болғаны жақсырақ!” Ибн Бәтта “әл-Ибәнә” № 89.





Әл-‘Аууәм ибн Хаушәб өзінің ұлы ‘Исаға қатысты былай дейді: “Аллаһпен ант етемін, мен үшін ‘Исаны бидғатшылардың қасында отырғанын көргенімнен гөрі, оны музыканттармен, алқаштармен бірге отырғанын көргенім жақсырақ!” Ибн Уәддах «әл-Бида’» 56.





Бір күні Юнус ибн ‘Убайд өз ұлын бидғатшының үйінен шығып келе жатқанын көріп былай деді: “Әй, балам, сен қайдан келе жатырсың?!” Ол: “Пәленшенің үйінен”, - деді. Сонда Юнус былай деді: “Мен сені пәленшенің үйінен шығып келе жатқаныңды көргенімше, сені қызтеке еркектің үйінен шығып келе жатқаныңды көргенім абзалырақ. Әй ұлым, Аллаһтың алдында өз көңіл-қалауын ергендермен бірге тұрғаныңнан гөрі, сені Аллаһтың алдында зинақор, пасық, ұрлықшы және сатқын болып тұрғаның маған ұнамдырақ!” Ибн Бәтта 464, әл-Әжурри 2061.





Шейх ‘Абдул-‘Азиз әр-Ражихи айтады: “Бұл үлкен және қасіретке апаратын күнәлардың - мардымсыз екенін білдірмейді. Шынында, бұл тек бидғат күнәсының үлкендігін көрсетеді. Зинақорлық, ұрлық және басқа үлкен күнәлардың ауырлығына қарамастан, бидғат олардан да ауырырақ болып есептеледі!” Қараңыз: “Қам’ әд-дажәжилә” 402.





Имам әл-Бәрбәһәри айтқан: “Сен Юнус ибн ‘Убайдтың ұлының дініне қызтеке ерлердің әкелетін зарардың өзі де, бидғатшылардың әкелетін зарарынандай емес екеніне нұсқағанын байқамадың ба?! Бидғатшылар адасуға алып барады, солай ол кәпір болып кетуі де мүмкін!” Қараңыз: “Шарху-Ссунна” 87.





Имам Әбу Хатим былай деген: “Мен Ахмад ибн Синанның былай деп айтқанын естідім: “Менің көршім бидғатшы болғаннан гөрі, музыка тыңдаушысы болғаны жақсырақ. Өйткені, музыка тыңдайтын адамға оны тыйып тастауға болады немесе музыкалық аспабын сындырып тастауға болады. Ал бидғатшы көршілерді де, қоршаған ортадағы адамдарды да құртады!” Ибн Бәтта “әл-Ибәнә” 2/469.





Әл-Фудайл ибн ‘Ийяд былай деген: “Бидғатшыны жақсы көретін адамның амалдарын Аллаһ Тағала жоқ қылады да, оның жүрегінен Ислам сәулесін өшіреді!” әл-Ләләкәи 263, Әбу Ну’айм 8/103.





Ол тағы былай деген: “Расында, Аллаһты еске алып отырған адамдардың жиналысын іздейтін еріштелері бар! Бидғатшымен бірге болма! Өйткені, шын мәнінде, Аллаһ Тағала оларға қарамайды! Бидғатшымен бірге болу – адамның екіжүзді екенінің белгісі. Мен адамдардың ішіндегі ең жақсыларын көріп үлгердім, олардың барлығы әһлю-Суннадан еді және олардың әрбірі бидғатшымен бірге болуды тыйған еді!” Қараңыз: “Хильятул-әулия” 8/104.





Ол тағы да былай деп айтқан: “Жүрегіңді бүлдіретіндермен бірге отырудан абай бол!” әл-Ләләкәи 262.





‘Абдуллаһ әс-Сарахси былай деген: “Бірде бидғатшымен бірге тамақтанған едім. Мұны Ибн әл-Мубарак естіген кезде, соның кесірінен менімен отыз күн бойы сөйлеспей қойды!” әл-Ләләкәи 274.





Бірде Мухаммад ибн Сиринге бір бидғатшы келіп, онымен сөйлескісі кеп тұрғанын хабарлады. Оған Ибн Сирин: “Оған: “Жоқ!” – деп айтыңдар! Маған келмей-ақ қойсын! Ақиқатында, Адам ұрпақтарының жүрегі әлсіз, және мен одан сондай бір сөз естіп, тіпті соның кесірінен жүрегім бұрынғы орнына қайта келмей қала ма деп қорқамын!” – деп жауап берді. Ибн Уәддах 60, Ибн Бәтта 399.



Recent Posts

Мұса пайғамбар (оған ...

Мұса пайғамбар (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы 4

Мұса пайғамбар (оған ...

Мұса пайғамбар (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы 3

Мұса пайғамбар (оған ...

Мұса пайғамбар (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы 2

Мұса пайғамбар (оған ...

Мұса пайғамбар (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы 1