Яғни, ол Қиямет күнін тезірек болуын тілейді. Аллаһ Тағала бізді солардың қатарынан етсін!
Ә) Қабірге түскендегі кәпірдің сұраққа алынуы және оған амалының келуі
Сондай-ақ, пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) дәл осының қарсысында кәпірдің немесе бұзықтың қабірдегі жағдайын сипаттап: «Ал кәпір (немесе мұнафиқ) болса: «Білмеймін, адамдар не айтса, соны айтатынмын», - дейді. Екі періште (оған): «Сен білмедің де, ілеспедің де?» - дейді», - деген.
Бұдан кейінгі оның жағдайын баяндап пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Сол сәтте көктен бір жаршы жар сала: «Өтірік айтқаны үшін оған тозақтан (төсеніш) төсеңдер және оған тозақтан есік ашыңдар!» - деп дауыстайды. (Осы әмірден кейін қабірдегі пендеге): «Тозақтың ыстығы мен жалыны келіп тұрады. Оның қабірінің тарылатындығы сондай, тіпті оның қабырғалары айқайсып кетеді. (Мұнан кейін) мәйітке ұсқыны жаман, киімі нашар, иісі сасық бір кісі келіп: «Өзіңе қош келмейтін (нәрсемен) сүйін. Бұл уәде етілген күнің!» - дейді. Мәйіт: «Сен де, сені де Аллаһ жамандықпен сүйіншілесін! Сен кімсің? Сенің жүзің жамандық әкелген (кісінің) жүзіне ұқсайды екен?» - дейді. (Әлгі кісі сонда): «Мен сенің жаман амалдарыңмын! Аллаһпен ант етейін! Сені Аллаһқа бойсұнуда сылбыр, Аллаһқа күнәһарлықта ұшқыр ретінде таныдым. Аллаһ сені жамандықпен жазалады», - дейді. Содан кейін оған көзі көр құлағы керең, мылқау, қолында күрзісі бар біреу келеді. Егер ол тауды ұрса, (тау) топырақ боп кетер еді. Ол оны (мәйітті) топыраққа айналғанша ұрады. Сосын (мәйіт) бұрыңғы қалпына қайтады. Оны тағы да ұрады да, ол қатты дауыстап айқайлайды. (Сол сәтте) мәйіттің дауысын адамзат пен жыннан басқа барлық (тіршілік иесі) есітеді. Соңсоң оған тозақтан есік ашылып, тозақтың төсеніштері төселеді. Сонда (кәпір): «Раббым, Қияметті келтіре көрме!» - деп (тілейді)», - деген (Имам Бұхари мен Имам Муслим риуаят етті).
Аллаһ Тағала бұл нәрселерден бізге Өзі пана болып, бізден ондай жағдайдың бетін аулақ қылсын!
Қабір азабына себеп болатын нәрселер
Жалпы алғанда адамдар қабір азабына Аллаһ Тағаланы танымағандықтарынан, Оның бұйрықтарына көңіл аудармағандықтан және Ол тыйым салған күнәларға бойұрғандықтарынан ұшырайды. Аллаһ Тағала Өзін таныған, сүйген бұйрықтарына бойұсынып, қайтарғандарынан қашық жүрген ешбір рухты да, тәнді де азаптамайды. Шын мәнінде, қабір азабы – Аллаһтың пендесіне деген ашу-ызасының әсері болып табылатын Ақырет азаптарының бірі. Демек, кімде-кім бұл дүниеде Аллаһтың ашу-ызасына тиіп, сосын тәубе қылмай өлсе, ол Аллаһ Тағаланың ашу-ызасы дәрежесінде барзақ азабын көреді.
Ал қабір азабына жиі себеп болатын кейбір жекелеген нәрселерге келер болсақ, пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетіне бұл жайттарды ескертіп айтып кеткен. Алайда бәзбіріміз бұл нәрселерге көңіл аудармаймыз.
А) Өсек тарату және нәжістен тазаланбау
Бірде пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) әлде бір екі қабірдің қасынан өтіп бара жатып: «Расында, (мына) екеуі азапталып жатыр. (Бірақ) үлкен нәрсе себепті азапталып жатқан жоқ. (Бұл екеудің) бірі – адамдар арасында өсек таратып жүретін, ал екіншісі – зәрінен тазаланбайтын (болған)», - депті (Имам әл-Бұхари мен Имам Муслим риуаят еткен).
Ә) Ілім үйреніп, оған амал қылмау және парыз амалдарға көңіл бөлмеу, өтірік айту, зинақорлық пен өсімқорлық
Сондай-ақ пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Мен түнде маған екі кісінің келгенін көрдім. Ол екеуі мені қолымнан жетектеп, қасиетті жерге алып шықты. Қарасам бір кісі отыр, қолында имек темірі бар бір кісі түрегеп тұр. (Түрегеп тұрған кісі) ол имек темірді (отырған адамның) езуіне желкесіне жеткенше кіргізеді. Сосын екінші езуін де солай етеді. (Сол аралықта) мына (жыртылған) езуі жазылады да, (оның езуіне) қайтадан әлгіндегідей істейді. Мен: «Бұл не?» - деп (сұрадым). Ол екеуі: «Алға жүр!» - деді. Біз ілгері жүріп, шалқасынан жатқан бір кісіге келдік, оның бас жағында дәу тасы (немесе: жартастың бөлігі) бар бір кісі тұр. Ол (жатқан адамның) басының мылжа-мылжасын шығарады. Ол ұрғанда тас домалап кетеді, оны барып алып, қайтып келгенше ананың басы жазылып, қалпына келеді де, қайтадан басына ұрады. Мен: «Бұл кім?» - деп (сұрадым). Ол екеуі: «Алға жүр!» - деді. Біз алға жүріп тандырға ұқсас, аузы тар, табаны кең, астынан от жағылып жатқан бір шұңқырға бардық. (Шұңқырдағыларға от) жақындаса, олар шығуға шақ қалып жоғары көтеріледі де, бәсеңдегенде (орындарына) қайтады. Онда жалаңаш еркектер мен әйелдер бар еді. Мен: «Бұлар кім?» - деп (сұрадым). Ол екеуі: «Алға жүр», - деді. Біз алға жүріп бір қанды өзенге келдік. Оның ішінде бір кісі түрегеп тұр, ал өзеннің ортасында («өзен жағасында» деп те айтылған) алдында тастар бар, өзендегі кісіге қарсы қараған бір кісі тұрды. (Өзендегі) сыртқа шыққысы келсе, (әлгі) кісі оның аузына тас лақтырып, бұрыңғы орнына қайтарады. Сөйтіп (өзеннен) шығу үшін келген сайын, аузына тас лақтырады да, ол бұрыңғы орнына қайтады. Мен: «Бұл не?» - деп (сұрадым). Ол екеуі: «Алға жүр!» - деді. Біз ілгері жүріп, жасыл баққа келіп кірдік. Оның ішінде бір зәулім ағаш бар екен, түбінде бір қария мен жас балалар отыр. Қарасам ағашқа таяу жерде қарсы алдында от жағып бір кісі отыр. Сөйтіп ол екеуі мені алып ағашты бойлап көтеріліп, бір үйге кіргізді, одан әдемі (үйді) бұрын-сонды көрген емеспін, оның ішінде қарт кісілер, жас жігіттер, әйелдер мен балалар бар еді. Сосын ол екеуі мені одан шығарды да, ағаш бойымен (тағы да) жоғары көтеріліп, (басқа) бір үйге кіргізді. Ол (алдыңғыдан) әдемірек әрі жақсырақ еді, онда қарттар мен жас жігіттер бар екен. Мен: «Сен екеуің мені түн бойы өздеріңмен алып жүрдіңдер, енді көрген нәрселерім туралы айтып беріңдер», - дедім. Ол екеуі: «Иә. Сен көрген езуі жыртылып жатқан – жалған сөйлеп, (өтірігі) жан-жаққа тарайтын өтірікші, енді өзің көргеніңдей Қиямет күніне дейін оған солай істеледі. Ал сен көрген басы мылжаланып жатқан – Аллаһ Құран үйреткенмен түнді ұйқымен өткізіп күндіз оған амал қылмаған кісі, енді Қиямет күніне дейін оған солай істеледі. Сен шұңқыр ішінен көргендер зинақорлар, өзендегі көргенің – өсімқорлар. Ағаш түбіндегі қария – Ибраһим (оған Аллаһтың сәлемі болсын), оның айналасындағы балалар – адамдардың (жастай шетінеген) балалары, от жағып отырған – тозақтың сақшысы Мәлік. Сен кірген бірінші үй жалпы мүміндердің үйі, ал мына үй – шахидтердің үйі. Мен – Жәбірейілмін, мынау – Микаил. Енді басыңды көтер», - деді. Басымды көтерсем, төбемде бұлт секілді (бір орын) тұр екен. Ол екеуі: «Бұл – сенің (жәннаттағы) мекенің», - деді. Мен: «Мені жіберіңдерші, мекеніме кірейін», - деген едім, олар: «Расында, сенің әлі аяқталмаған өмірің қалған. Қашан оны аяғына жеткізсең, мекеніңе келесің», - деді», Имам әл-Бұхари риуаят етті.
Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) баяндаған бұл түсі, біз жеңіл-желпіге санап, аса мән бермейтін қателіктеріміздің Ақыретте азабы қаншалықты ауыр болып келетіндігін көрсетеді. Айту – парыз, сақтану пенденің еркінде. Пенде тілін тыйып, нәпсісін тежеп, құлқынына құлып салмайынша, «Аллаһ сақтасын» деп айта салған құр сөз, қу шөппен ауыз сүрткенмен бірдей. Соқырға таяқ ұстатқандай еткен Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бұл хадисінен артық бізге қандай ескерту керек? Аллаһ бізге мұндай азаптардан амалдарымызбен сақтануды жазсын!
Б) Адамдардың сыртынан ғайбат айту және жұрттың мал-мүлкін зорлықпен тартып алу
Анас ибн Мәликтен (Аллаһ оған разы болсын) риуаят етіледі; пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Миғражға көтерілгенімде жез, темір тырнақты адамдардың тұсынан өттім. Олар беттері мен кеуделерін тырнап жатыр екен. Мен: «О, Жәбірейіл! Олар кімдер?» - дедім. (Жәбірейіл): «Олар адамдардың еттерін жеушілер және мал-мүліктерін тартып алушылар», - деді», - деген (әл-Бұхари және Муслим риуаят еткен).
В) Харам нәрселерді тұтыну және жетімнің ақысын жеу
Миғраж туралы әңгімелейтін Әбу Саъид әл-Худриден риуаят етілген ұзақ хадисте пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Содан біраз жүрген соң жас піскен дәмді ет қойылған дастарқан көрдім. (Бірақ) оған ешкім жақындамайды. Ал басқа бір дастарқанда тұрып қалған, иістенген еттер бар екен. Оны бір адамдар жеп жатыр. Мен: «О, Жәбірейіл! Олар кімдер?» - дедім. (Жәбірейіл): «Олар – үмбетіңнен халал тұрып, харамға бас қойғандар», - деп айтты», - деген.
Осы хадистің жалғасында: «Содан сәл ілгері жүріп, еріндері түйенің еріндеріндей, ауыздарын ашып тас жұтып, ол (тастары) арттарынан шығып жатқан адамдарды көрдім. Аллаһқа жалбарып байбалам салғандарын естідім. Мен: «О, Жәбірейіл! Олар кімдер?» - дедім. (Жәбірейіл): «Олар – үмбетіңнен жетімдердің мал-мүлкін жеушілер», - деп айтты», - делінген. (Сосын пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын)): «Әлбетте, жетімдердің мал-дүниелерін зұлымдықпен жегендер, олар қарындарын отпен толтырған болады. Сондай-ақ олар жалындаған тозақ отына кіреді» (Ниса сүресі, 10 аят), - деген аятты оқыған (Имам Әбу Дәуд және Имам Ахмад риуаят еткен).
Г) Мал-дүниесі бола тұра садақа бермеу, аманатқа жеңіл қарау және аңдамай сөйлеу
Сондай-ақ пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Миғраж сапары барысында көрген жайттары жайлы Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) жеткізген хадисте: «Сосын алдарында және арттарында мүйіздері бар бір адамдарға келді. Олар мал секілді үркеді. Олар дариъ (ащы, сасық тікен. Тозақтың тағамдарының бірі), заққум (ащы, сасық ағаш. Тозақтың тағамдарының бірі) және жаһаннам мен оның тастарынан шоқтар жейді. Мен: «Әй, Жәбірейіл! Мыналар кім?» - дедім. (Жәбірейіл): «Бұлар – мал-дүниелерінің садақаларын бермеушілер», - деді. Аллаһ Тағала оларға ештеңеде зұлымдық жасаған жоқ. Аллаһ пенделерге зұлымдық жасаушы емес», - деген.
Осы хадистің жалғасында пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Сосын көп мүлік жинап, оны көтере алмаса да үстіне тағы қосып (алып) жатқан бір адамның тұсынан өттік. Мен: «Әй, Жәбірейіл! Бұл кім?» - дедім. (Жәбірейіл): «Бұл – үмбетіңдегі өзіндегі аманатты өтемей тұрып үстіне (аманат) қосып алатын адам», - деп айтты», - дейді.
Осы хадисте және: «Содан соң бір кішкене інді кездестірдік. Одан үлкен өгіз шықты. Ол өгіз шыққан жеріне қайта кіргісі келеді, бірақ кіре алмайды. Мен: «Әй, Жәбірейіл! Бұл кім?» - дедім. (Жәбірейіл): «Бұл – аңдамай бір сөз сөйлеп, кейін оған опық жейтін және қайтарып ала алмайтын бір кісі», - деп айтты», - делінген (Байһақи, ибн Касир).
Жоғарыдағылармен қатар, қабір азабына себеп болатын нәрселерге мыналар жатады: жалған куәлік беру, адал адамды қаралау, бүлікке араласу, бидғатқа бастау, Аллаһ және Оның елшісіне (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қатысты өзі білмейтін нәрсені айту, парақорлық, араққұмарлық, ұрлық, қиянат, алдау-арбау, қулық-сұмдық, Аллаһтың тыйым салғанына рұқсат беру, Аллаһ Тағаланың міндеттегендерінен бас тарту үшін және Оның тыйым салғандарына қол ұру үшін айла-шарғы істеу, мұсылмандарға азар беру, олардың айыптарын ашу, Құран үкімдеріне жүгінбеу, Аллаһтың шариғатына сүйенбей пәтуә беру, күнәһарлыққа және дұшпандыққа жәрдемші болу, нақақтан кісі өлтіру, қабірлерге табыну, зұлымдық, тәкаппарлық, риякерлік, бақсы-балгерлерге сену, дүние үшін дінін сату және т.с.с.
Қорыта айтқанда кез-келген күнә қабір азабына себеп болуы мүмкін.
Қабір азабынан құтқаратын нәрселер
Пенде қабір азабынан құтылу үшін қайта-қайта өзін есепке алып, тәубесін жаңартып отыруы тиіс. Сондай-ақ пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қабір азабынан құтқаратын бірқатар іс-амалдарға нұсқау жасаған.
А) Парыз амалдар мен ізгі іс-әрекеттер
Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Әбу Һурайрадан (Аллаһ оған разы болсын) риуаят етілген хадисінде: «Расында, мәйіт одан (адамдар) бұрылған кезде олардың аяқтарының дауысын есітеді. Егер (пенде) мүмін болса, намаз оның бас жағында, ораза оның оң жағында, зекет сол жағында, ал садақа, туыстық қарым-қатынасты үзбеу, дұрыстық, адамдарға деген жақсылықтардан тұратын ізгі амалдар аяқ тұсында тұрады. Оған (азаптар мен жамандықтар) бас жағынан келтіріледі, сонда намаз: «Менің тарапымнан кірер жер жоқ», - дейді. Сонда оң жақтан келтірілгенде, ораза: «Менің тарапымнан кірер жер жоқ», - дейді. Кейін сол жағынан келтіріледі, сонда зекет: «Менің тарапымнан кірер жер жоқ», - дейді. Содан соң аяқ тұсынан келтірілгенде де, садақа, туыстық түзу қарым-қатынас, дұрыстық, адамдарға деген жақсылықтардан тұратын ізгі амалдар: «Менің тарапымнан кірер жер жоқ», - дейді», - деген (ибн Хиббан және Хаким риуаят еткен).
Хадисте меңзелгендей, бізді қабір азабынан құтқаратын нәрселер: оқыған намазымыз, тұтқан оразамыз, берген зекетіміз және адамдарға деген жақсы қарым-қатынасымыз. Иманы берік мүмін адам аталмыш нәрселерде осалдық көрсетпейді, қабір азабын да көрмейді, иншаллаһ!
Ә) Қиындықта мұсылмандармен бірге болу
Салманнан (Аллаһ оған разы болсын) риуаят етілген хадисте пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Соғыста немесе мұсылмандарға қиыншылық туған кездерде олармен бір күн және бір түн бірге болу бір ай ораза ұстап, намазға тұрудан жақсы. Ал егер ол өлсе, оған бұрын істеп жүрген (ізгі) амалдары жалғасын тауып жазылып тұрады және ризығы үзілмейді, азаптардан құтылады», - деген (Имам Муслим риуаят еткен).
Б) Мүлік сүресін оқу
Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Мүлік сүресі – қайтарушы, құтқарушы; ол (қабірдегіні) қабір азабынан құтақарады», - деген (Имам Тирмизи риуаят еткен).
В) Сәжде сүресін оқу
Халид ибн Миғданнан риуаят етіледі; Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Сәжде сүресі өзін оқыған пенде үшін араша түсіп, оны қабір азабынан құтқарады», - деген (Дарими риуаят еткен).
Г) Аллаһтан пана сұрау
Анастан (Аллаһ оған разы болсын) риуаят етіледі; Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) дұға қылып: «Аллаһым, расында мен Өзіңнен дәрменсіздік пен жалқаулықтан, қорқақтық пен сараңдықтан және қарттықтан пана сұраймын. Және Өзіңнен қабір азабынан пана сұраймын, сондай-ақ, Өзіңнен тіршілік пен өлімнің бүлігінен пана сұраймын», - деген (Имам әл-Бұхари риуаят еткен).
Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына: «Аллаһтан қабір азабынан пана сұраңдар!» - деп насихат айтқанда, олар: «Аллаһтан қабір азабынан пана сұраймыз!» - депті (Имам Муслим риуаят еткен).
Абдуллаһ ибн Аббастан (Аллаһ екеуіне разы болсын) риуаят етіледі; Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оларға (сахабаларға) осы дұғаны Құраннан бір сүрені үйретіп жатқандай үйрететін. Және өзі де (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) әрбір намазында ташаһһудтан кейін: «Аллаһым, біз Өзіңнен жаһаннамның азабынан пана сұраймыз, және Өзіңнен қабір азабынан пана сұраймын, және Өзіңнен масих-Дажжалдың бүлігінен пана сұраймын, және Өзіңнен тіршілік пен өлімнің бүлігінен пана сұраймын!» - деп дұға қылатын (Имам Муслим риуаят еткен).
Қорыта айтқанда, жалғыз Аллаһқа ғана сеніп, туралықта жүру қабір азабынан құтылудың басты себептерінің бірі. Аллаһ Тағала:
«Расында, «Раббымыз –Аллаһ», - деп, сосын туралықта болғандар, оларға қорқыныш жоқ және олар қайғырмайды да», - деген (Ахқаф сүресі, 13 аят).
Өлімнен және қабірден қорқудың пайдалары
Өлімді, қабірді еске алу, ол жайлы әңгіме қозғау қашанда адам баласы үшін ауыр. Өйткені олар өмір сүруді, үмітте болуды қалайды. Аллаһ Тағала бізге Құрандағы көптеген аяттарда өлімді, үміттің келтелігін, үмітті ұзаққа жіберіп оған байланып қалмауды ескерткен. Өйткені үміт ұзақтығы пендені Ақыретке дайындалудан тосады. Аллаһ Тағала:
«Әркім өлімді татады. Шын мәнінде Қиямет күні ақыларың толық беріледі. Сонда кім оттан құтқарылып жұмаққа кіргізілсе, рас құтылған болады. Негізінде дүние тіршілігі алданыштың нәрсесі ғана», - деген (Әлі Имран сүресі, 185 аят).
Өлімді және қабірдегі өмірді ойлау қай-қайсымызға да қорқынышты екені даусыз. Бір күні Хасан Басриға бір кісі келіп: «Бір адамдар бізді қорқытады, тіпті (олардың айтқандарынан) жүректеріміз ұшып кете жаздайды», - деп шағым айтады. Сонда Хасан Басри ол кісіге: «Саған қорқыныш-үрейге түспеуің үшін тыныштандырғаннан, (Ақыретті) амандыққа жетуің үшін қорқытқан жақсырақ», - деп жауап берген екен.
Сол айтқандай біздің қорқыныш-үрей шақыратын бұл әңгімеміз Ақыретте өзіміздің және бауырларымыздың пайдасына жүріп, амандыққа жетейік деген игі мақсаттан туған. Ал енді бұл өмірде дүниенің уақытша ғана алдамшы тіршілігімен алданып, Ақыретті ойлауға талпынбай, күнделікті күйбең-қарекетіне «шексіз разы» болып жүрген пенделер сөзсіз шектен шығу мен күнәларға бой ұрары күмәнсіз.
Имам әл-Ғазали (Аллаһ рахмет етсін): «Қиямет күні дүниеде (қорқыныштарды) көп ойлағандардан өзгелер қорқыныш пен үрейден сау қалмайды. Расында Аллаһ бір пенденің бойына екі қорқынышты жинамайды», - деген.
Бұл дүниеде бейғам болып, Ақыретте сасқалақтағаннан, бұл дүниеде сақ болып, Ақыретте аман болғанымыз қайырлы емес пе? Біздің бұл әңгімеміз де осы дүниеде қорқып, сақтанып, Ақыретте амандыққа, саулыққа жетейік деген ниеттен туған.
Имам Ғазали сөзін жалғап: «Бұл жерде қорқыныштан мақсат: (оның әсерінен) көзден жас ағып, біраз уақыт қана жүрек үрейленіп, сосын қайтадан бәз-баяғы ойын-күлкіге оралып отыратын жүрекке түсетін әйелдердің нәзіктігі сияқты нәзіктік емес. Бұдан да сорақысы егер біреуге Ақырет жағдайлары немесе Қиямет күнінің ахуалдары не болмаса өлілердің және қабір азабының жағдайлары айтыла қалса, оның: «Аллаһ сақтасын!» - деп іс-әрекетсіз қол қусырып отыра беруі. Мұндай адам бейне бір соңына жыртқыш аң түскен шөлдегі кісінің кейпін келтіреді. Ізіне жыртқыш түскен бұл адам бір қамалға жетіп, қақпаның алдында тұрып алып: «Мен мына қамалға, оның берік қорғаны мен биік ғимаратына кіріп мына жыртқыштан паналаймын», - дейді де еш әрекетсіз, қозғалмай сол орнында отыра береді. Оның бұл айтқаны оған пайда бере ме? Бұл Ақыреттің ахуалдарын және өлім мен қабірдің жағдайларын естіп, Аллаһтан ғана сұрайтын, содан соң қайтадан өзінің адасуына, жаңылуына, теріс жолына, нәпсі қалауларына, күнәларына қайта оралған кісінің жағдайы», - дейді.
Қорыққан адамбасын шайқап, көзін жасқа бұлап, жүрегі езіліп отыра бермей іс-әрекет жасап Ақыретін қамдау керек. Әрине, мұндай жүрек нәзіктігінен туындайтын сезімдер пайдасыз емес. Бірақ ең абзалы – Аллаһтан пана сұрап қарап отыра бермей, қолдан келгенше себебін жасап Аллаһқа қадам бастау. Ағын судай зымыраған бұл өмір тым қысқа. Аллаһ Тағала:
«(Аллаһ оларға): «Сендер жер жүзінде қанша жыл тұрдыңдар?» - дейді. Олар: «Бір күн немесе күннің бір бөлігі тұрдық. Санаушылардан сұра», - дейді. (Аллаһ тағала): «Егер білген болсаңдар аз ғана тұрдыңдар. Шынында Біз сендерді босқа жаратты және өздеріңді Бізге қайтарылмаймыз деп ойладыңдар ма?» - дейді. Хақ патша Аллаһ өте Жоғары. Одан басқа тәңір жоқ. Ол ардақты аршының Раббысы», - деген (Муминун сүресі, 112-116 аяттар).
Сондай-ақ Аллаһ Тағала құлдарын әрекетке шақырған басқа бір аятта:
«Иман келтіргендердің жүректері Аллаһтың зікіріне (Құранға) жұмсап және түскен ақиқатқа жібімей ме? Ал енді бұрын өздеріне Кітап беріліп, сосын ұзақ мерзім өткендіктен жүректері қатайғандар сияқты болмаңдар. Олардың көбі бұзақылар», - деген (Хадид сүресі, 16 аят).
Усман ибн Аффанның (оған Аллаһ разы болсын) қызметкері Ханик: «Усман (оған Аллаһ разы болсын) бір қабірге тоқтаса, сақалы жасқа малынғанша жылайтын. Оған: «Жәннатты, тозақты айтасың жыламайсың, ал қабірді айтсаң неге жылайсың?» - делінгенде, ол: «Мен Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Қабір – Ақыреттің алғашқы сатыларының бірі. Кім одан құтылса, одан кейінгісі оған жеңіл. Ал кім одан құтыла алмаса, одан кейінгісі оған қиын», - деп айтып жатқанын есіттім. Және Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Қабірден қорқынышты нәрсе көрген емеспін», - дегенін естідім», - дейтін», - деген (Имам әт-Тирмизи, ибн Мәжәһ және Имам Ахмад риуаят еткен).
Абдуллаһ ибн Умар (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын): «Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) иығымнан ұстады да: «Дүниеде бөтен немесе жолаушы сияқты бол», - деп айтты», - деген.
Жарық дүниеге келген әрбір адам баласы өзін бұл жерде жолай жүрген пенде сияқты сезініп, «мен бұл өмірдің тұрақты тұрғынымын» деген ойдан арылуы жөн.
Ибн Умар (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын) пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) осы хадисін есіне алса: «Егер кеш батырсаң таңды күтпе, егер таң атырсаң кешті күтпе. Саулығыңнан науқасыңа ал (денсаулығыңды пайдалан) және өміріңнен өліміңе (ал)», - дейтін (Имам әл-Бұхари риуаят еткен).
Бұрыңғы өткен ізгілердің өлім және қабір жайлы айтқан ғибрат алар сөздері
Сіздерге бұрыңғы өткен ізгілердің өлім және қабір жайлы айтқан ғибрат алар сөздерін келтірер болсақ, Әли ибн Әбу Талиб (Аллаһ оған разы болсын): «Дүние арттан, Ақырет алдан мінді. Олардың әрбірінің балалары бар. Дүниенің балаларынан болмаңдар, Ақыреттің балаларынан болыңдар. Расында бүгін – амал бар, есеп жоқ, ал ертең – есеп бар, амал жоқ», - деген (Имам әл-Бұхари риуаят етті).
Қуртубидің жазған естеліктерінде: «Ей, алданған, өлім мен оның арпалысы жайлы, оның кесесінің қиындығы мен ащылығын ойла! О, өлім! Қандай ақиқат уәде, әділ төреші еді. Өліммен жүректер үрейге толады, көзден жас сорғалайды, жамағаттар тарайды, ләзаттар бұзылады, үміттер үзіледі!
Ей, адам баласы! Бір күн болса да өлер күніңді, орныңнан көшетініңді ойладың ба? Егер кеңшіліктен таршылыққа ауыстырылсаң, саған достар мен жора-жолдастар қиянат қылса, дос-жаран мен бауырларың тастаса, көрпе-төсегіңде қатерге алынсаң, жылы-жұмсақтан кейін сені топырақ-лаймен ораса...
Ей, адам баласы! Мал-дүние жинаушы! Ғимараттар салушы! Аллаһпен ант етейін! Саған мал-дүниеңнен кебін ғана бұйырады. Ол (дүниең) құриды, жоғалады, ал денең топыраққа қайтады. Жинаған мал-дүниең қайда? Сені қорқыныштардан құтқарды ма? Жоқ! Керісінше сен оларды өзіңді мақтамайтындарға тастадың да, сені кешірмейтінге күнәларыңмен келдің!» - делінген.
Ұлы сахабалардың бірі Әбу Дарда (Аллаһ оған разы болсын): «Мені үш нәрсе күлдіріп, үш нәрсе жылатты: мені күлдірген – дүниеге үміт артушы (адам), ал өлім оны талап етуде. Және мені күлдірген – ғафыл (бейғам адам), ал ол (адам) ұмыт қалдырылмайды. Және мені күлдірген – езуі жайылып күлген (адам), (бірақ) ол (мұнысымен) Аллаһты разы қылды ма әлде ашуландырды ма белгісіз. Ал мені жылатқан – Мұхаммед (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) пен оның жамағатының сүйіктілерінен айырылу, және мені жылатқан – өлім арпалысы кезіндегі бой көрсететін қорқыныш және (мені жылатқан) – құпиялар мен жариялар ашылар күні Рахманның алдында тұру, (пенде ол күні) жәннатқа әлде тозаққа баратынынан мүлде бейхабар», - деген.
Мүміндердің әділетті әміршілерінің бірі – Омар ибн Абдулазиз бір жаназадан қайтқанда біраз қашықтап барып отырған, онымен бірге адамдар да отырады. Содан соң ол адамдарға уағыз айтып: «Қабір мені артымнан шақырды да: «Ей, Омар ибн Абдулазиз! Менен сүйіктілерге не істегенімді сұрамайсың ба?» - деді. Мен: «Әрине!» - дедім. Ол: «Кебіндерді паршаладым, денелерді айырдым, қан сордым, еттерді жедім», - деді. Содан соң қабір менен қайтадан: «Менен жіліктер жайлы сұрамайсың ба?» - деді. Мен: «Әрине!» - дедім. Ол: «Екі иықты екі білектен жұлдым. Ал екі білекті екі қардан жұлдым. Ал екі қарды екі иықтан жұлдым. Және екі жамбасты екі саннан жұлдым. Ал екі санды екі тізеден жұлдым. Екі тізені екі сирақтан жұлдым. Ал екі сирақты екі табаннан жұлдым», - деді», - деген.
Осыны айтып, Омар ибн Абдулазиз жылап: «Расында дүниеде қалу бір тұтам (уақыт) емес пе? Оның (дүниенің) ардақтысы қор, байы кедей, жастары қария, тірісі өледі. Оның ықпалы сендерді алдамасын! Сендер оның өте тез теріс айналып кететінін білесіңдер. Нағыз алданушы – дүниемен алданған адам. Оның қалаларын құрып, өзендерінен су алып ішкен, ағаштарын отырғызған тұрғындары қайда? Олар дүниеде болмашы ғана күндер тұрақтамады ма? Дүние адамдарды саулықтарымен алдаса, ал олар әрекетшілдіктерімен алданды. Солай күнәлар істеді. Аллаһпен ант етейін! Олар дүниеде (мал-дүниеден) тосылудың көп болғандығынан, байлықтарымен шаттанды. Топырақ олардың денелеріне, құм тәндеріне, құрттар сүйектері мен жіліктеріне не істеді? Олар дүниеде жайлы сәкілер мен жұмсақ төсектерде, өздеріне құрақ ұшқан қызметкерлердің ортасында, құрмет тұтқан отбасының, ізет көрсеткен көршілердің арасында болды.
Егер олардың (қабірлерінің) жандарынан өтсе, оларға дауыста, саптарынан жүр, мекендерінің бір-біріне жақындығына назар таста. Сөйтіп оларға сұрақ қой. Олардың дәулеттісінен байлығынан не қалғандығын, жарлысынан кедейлігінен не қалғандығын сұра. Олардың сөйлеген тілдері, қараған көздері жайлы сұра. Нәзік терілері мен ажарлы келбеттері, жұмсақ денелеріне құрттардың не істегендігін сұра. (Қабір) сұлулықты жойды, омыртқаларды сындырды, ішектерді ақтарды, еттерді жыртты. Ал оның күзетшілері мен жәрдемшілері қайда? Қызметшілері мен құлдары қайда? Жамағаты мен тобыры қайда? Аллаһпен ант етейін! Олар оған төсеніш те салмады, онда тіреу жасамады, ағаш отырғызбады. Олар оңаша мекендерде емес пе? Оларға күн мен түннің айырмасы бірдей емес пе? Олар өздері мен амалдарының арасын айырған, сүйіктілерді ажыратқан қараңғылықта емес пе? Игілікте күн кешкен қаншама еркек пен әйелдің беттері іріді, тәндері мойынан үзілді, жіліктері бөлшектеніп, көздері самай бойлап ақты, ауыздары қан мен іріңге толды. Жер жәндіктері тәндерінде жорғалап, дене мүшелерін ажыратты. Аллаһпен ант етейін! Содан азғана уақыт өтпей-ақ, олардың сүйектері шіріген күлге айналды. Олар бау-бақшалардан айырылды, кеңшіліктен таршылыққа тап болды. Мұрагерлер оның үйін және артында қалғанын бөліске салды. Бірақ Аллаһпен ант етейін, олардың арасында қабірі кеңейтілгендері бар. Ол онда жас, нұрланған, ләзаттарымен рахаттанған күйде. Ей, ертең қабірге түсуші! Сені дүниеде не алдады? Өзіңнің қалар-қалмасыңды білесің бе? Зәулім үйің, дайын жемістерің, мақпал киімдерің қайда? Хош иісің мен аңқыған жұпарың қайда? Қысқы және жазғы киімдерің қайда? Көрмейсің бе?... Күдіксіз, сенен алдыңғыға да ақиқат әмір келді! Ал ол өз-өзін қорғай алмады. Білмейсің бе, оның өлім арпалысында дөңбекшіп, таңдайы кеуіп су терге түскенін... Оған көктен әмір келді, тағдыр келді, қаза келді. Қайтарылмайтын ажал әмірі келді! Қайдан!...
Ей, әке көзін жабушы! Ей, бауырыңның я балаңның көзін жапқан (жан)! Ей, мәйітті жуып, кебіндеген! Ей, оны көтерген, оңаша қабіріне тастап, артқа қайтқан! Жердің қаттылығында қалай болғаныңды, қай жағыңнан сынаққа алынатыныңды, қай көзіңнің бірінші ағатынын білсем ғой...
Ей, апаттарға жақындаушы! Өлілердің мекеніне таядың. Өлім періштесі маған немен жолығатынын білсем еді!.. Ертең дүниеден шығарымда және ол Раббымның тапсырмасынан нені әкелетінін білгенімде ғой!...» - деп еңіреп жылады. Және сол аптаның ішінде Омар ибн Абдулазиз дүние салды.
Алаңсыз ойнап-күлетіндей біздің ешқайсымыздың ертеңге дейін өмір сүрерімізге кепілдігіміз жоқ. Біз ертеңгі күніміздің өзін көрер-көрмесімізді білмейміз. Сондықтан әрбір адам әрдайым өлімге дайын жүрсін! Өйткені оның бұйрық келген күні Раббысына жолығары хақ.