Олар естіген бірауыз сөздерін жамандыққа жориды немесе зиянға ұшырайды немесе пайда ойлағанындай болмайды. Осындай себептер салдарынан көз алдарында бүкіл дүние қараңғылыққа айналып кетеді. Олар өздерімен қоса айналасындағылардың да ашық күндерін қара бұлт торлаған күнге айналдырады. Олардың жамандыққа терең бойлап, түймедейді түйедей етуге шамасы жеткенімен, жақсылыққа келгенде шамалары жетпейді.
Ал күлімсіреуші адам – өте қарапайым әрі өзгенің жүрегіне қуаныш ұялататын сыйды өзгелерге тегін бере алады. Дана бабаларымыз «Ашулы жұдырық күліп тұрған бетті ұра алмайды» деп қалай тамаша айтқан?
ӨМІР ҮЙРЕНУДІ ҚАЖЕТ ЕТЕТІН БІР ӨНЕР!
Адам баласын үмітсіздіктен артық тұйықтандырып жіберетін нәрсе жоқ. Сондықтан, сен үмітсіздікке қарсы күрес. Үмітсіз шайтан ғана. Табыс, жетістік есігі саған да, басқаларға да ашық. Ендеше, ой-санаңа үміт отын жағып, келешектен жақсылық күтуді үйрет.
Егер сен өзіңді қарапайым, ұсақ нәрселер жасау үшін жаратылдым деп ойласаң, өмірде кішкентай нәрселерге ғана қол жеткізесің. Ал, үлкен мақсаттар мен үлкен істер үшін жаратылғанмын деп сенсең, онда тұла бойыңда бөгеттерді бұзып өтер күш-жігерді сезінесің де, шаршы алаңға үлкен үміттер үшін деп шығатын боласың.
Сөзіміз рас болуы үшін өмірден қарапайым бір мысал келтірейік: жүз метр қашықтыққа жүгіруден жарысқа шыққан адам, жүз метр қашықтықты өтіп, мәре сызығына жеткен соң, өзінің шаршағанын байқайды. Ал, егер төрт жүз метр қашықтыққа жүгіру болса, ол жүз, екі жүз метрді жүгіріп өткенімен, шаршағанын сезбейді. Яғни, нәпсі көзделген мақсатқа қарап күш-жігер береді. Ендеше, сен де мақсатыңды белгіле! Ол көз жетпейтін биік болсын. Көздеген мақсатың қаншалықты биік болса да, күнделікті тапжылмай қадам басар болсаң, жетесің.
Ұлы жолда бөгет болып, көңілді түсіретін «дұшпандарыңмен» таныс! Олар: үмітсіздік, адамдардың кемшіліктерін іздеу, өсек-әңгімеге еру, жамандықтарға қарап жаман өмір сүру.
Жаны жайсаң, жайдарлы жан қиындықтарға тап болса, оны жайдарылылығымен қарсы алып, күлімсіреген күйде жеңеді. Ал қабағы қатулы, тұйық жан қиындықтарға тап болса, оны үлкейтіп жібереді. Өз күш-жігерін жетімсіз, аз деп біледі де, әр нәрсені сылтауратады. Ол жетістікке жетуді қалайды, бірақ, оның ақысын төлеуді қаламайды. Ол әр жолда бір бөгет бар деп біледі. Ол аспаннан алтын жауғанын немесе жерден қазына шығуын күтеді.
Шындығында қиындықтар қабаған ит сияқты. Ит егер сенің қорқып қашқаныңды көрсе, артыңнан шабаланып қуады. Ал егер сен одан қорықпай, көздеріңді батыр қадап қарап тұра берсең, құйрығын төмен салып, саған жол беріп, жөніне кетеді. Сондай-ақ адам баласының өзін-өзі қолынан ештеңе келмейтін, бойында еш жақсы қасиет жоқ деп сезінуі өз күш-қуатына деген сенімін жоғалтады. Егер бір істі ойға алса, сенімсіздікпен толқып, сәтсіздікке ұшырайды. Сондықтан адам баласының өзіне сене білуі – үлкен қасиет.
ҚАЙҒЫРМА!
Қайғырма, себебі күні кеше қайғырғаның ештеңеге пайда берген жоқ қой. Ұлың емтиханнан құлап еді, қайғырдың, өтіп кетті ме?! Әкең қайтыс болып еді, қайғырдың, тіріліп келді ме?! Саудада зиянға ұшырап едің, қайғырдың, зияның пайдаға айналды ма?!
Қайғырма, себебі сен бір қасіретке қайғырып едің, бір қасірет бірнеше қасіретке айналып кетті. Кедейлігіңе қайғырып едің, жоқшылығың бұрыңғыдан да асып кетті. Дұшпандарыңның сөзіне қайғырып едің, олардың саған деген ашулары үдей түсті. Бірер жамандық болатынын жорамалдап, қайғырып едің, болған жоқ.
Қайғырма, себебі қайғырғанмен сәулетті үй, сұлу әйел, мол байлық, жоғары мәртебе, игі перзент саған пайда бермейді.
Қайғырма, себебі қайғыру саған мөлдір суды лай, әтіргүлді арамшырмауық, бау-бақшаны сахара, өмірді шыдап болмас абақты етіп көрсетеді.
Қайғырма, сенің екі көзің, екі құлағың, екі ерінің, екі қол, екі аяғың, тілің тағы да басқа мүшелерің толықтай бар. Сен тыныш-аман өмір сүріп жатырсың. Алла айтқан: «Раббыларыңның қай нығметтерін өтірік дейсіңдер». («Рахман», сүресі, 16-аят).
Қайғырма, сенің ұстанған дінің, тұратын баспанаң, жейтін наның, ішетін суың, киетін киімің, бірге тұратын өмірлік жарың бар. Ендеше, неге қайғырасың?!
БІЛІМ – КӨЗДІҢ НҰРЫ, ЖАННЫҢ ӨМІРІ, КӨҢІЛДІҢ ЖАНАРМАЙЫ!
«...Алла саған білмегендеріңді үйретті. Сондай-ақ Алланың саған деген ілтипаты өте ірі» («Ниса», 113-аят).
Надандық – көңілдің өлімі, тіршілікті жою. Алла Тағала қайтарған адамзаттың дұшпаны: «...Сені надандардан болмауыңды насихаттаймын». («Һуд», 46-аят).
Ал, білім – көздің нұры, жанның өмірі, көңілдің жанармайы.
Шынында, білімдінің көкірек көзі ояу болады. Өйткені, білім арқылы білмеген нәрсені біледі, жоғалған нәрсені табады, жабық нәрселер ашылады. Білім – сөздерді, істерді, оқиғаларды өлшеуге болатын таразы. Білім арқылы адам Алланы таниды, құлшылығын бір Құдайға арнайды, Оны мадақтайды. Көкірек көзі ашық адам жаңа нәрселерді білуге, дамыған нәрселерден хабардар болуға ұмтылады. Ал надан үнемі шаршау басқан, зеріккен күйде болады. Оған ешқандай жаңалық, өзгерістің қызығы жоқ. Ол үшін бүгіні кешегідей, ертеңі бүгінгідей, өзгеріс жоқ. Білім – адамға су мен тамақтан да артық керек. Имам Ахмад бір сөзінде: «Адам тамақты күніне 1-2 мезгіл ғана қажет етеді, ал білім әрбір алған тынысыңда қажет» деген екен. Жер жаңбырға қандай мұқтаж болса, адам да дәл солай білімге мұқтаж. Білім – адамның құлағы естіген, аузы айтқан ең жақсы сөз. Білім – ең жақсы мақсат, ал сол мақсатқа ұмтылушы жер бетін басқан адамдардың ардақтысы. Тіпті, ғұламалар пайғамбарлықтан кейін ең құрметті амал – білім талап ету деген екен.
Сен егер бақытты болуды қаласаң, пайдалы нәрселерді үйрен, білім ал, ізден. Сонда сенің уайым-қайғың кетеді. Алла Тағала адам баласына: «...Раббым білімімді арттыр» деген дұғаны үйретті. («Та һа» сүресі, 14-аят). Білім сондай ұлық нәрсе, біліммен көңіл қуанышты болады. «Раббы тарапынан ашық дәлелде болған біреу, өзіне жаман ісі әдемі көрсетіліп, әуестеріне ерген біреумен тең бе?!». («Мұхаммед» сүресі, 14-аят).
СЕЗІМГЕ ИЕ БОЛ!
Сезімнің лап етіп өртеніп, өрши түсуі екі жағдайда болады. Бірі –шектен тыс қуанғанда, екіншісі – қаралы қайғыда. Алла Тағала осы екі жағдай туралы: «Өткенге өкініп, қайғырмауларың және Оның сендерге бергеніне масаттана қуанбауларың үшін» деп айтқан («Хадид» сүресі, 23-аят). Пайғамбарымыз ﷺ: «Мен екі жағдайда шығатын жағымсыз дауыс шығарудан қайтарылғанмын. Ол – қуаныш кезіндегі дауыс пен қайғы-қасірет кезіндегі дауыс» деген екен.
Хадисте «Негізінде сабыр – алғашқы соққы кезінде» делінгендей, сабыр қылу қайғының алғашқы суық хабары жеткенде болуы тиіс. Сондықтан, кім қаралы және аса қуанышты сәтте сезіміне ие бола алса, онда ол беріктікке ие болып, нәпсінi бағындырып, жеңіске қол жеткізген болады. Жаратылысын бәрінен артық білетін Жаратушы адам баласын қуанушы, мақтаншақ, басына бір қайғы түссе тым төзімсіз, қолына бақ-дәулет қонса өте сараң деп сипаттаған. Ал, намаз оқушылардың қуаныш пен қайғыда орташалықты ұстанатынын, молшылыққа шүкіршілік, жоқшылыққа сабыр сақтайтынын хабарлайды.
Негізінде өрши түскен сезім иесін күйзелтіп, шаршатып қояды: егер ашуланса, булығып түтігіп кетеді де, жүрегі тулап әділ жолдан шығып кетеді. Ал, егер қуанатын болса, алаңғасарланып, есі шығып, қуаныштан өзін ұмытып, ұшқалақтанып өз шегінен шығып кетеді. Мұндайлар егер біреумен ренжісетін болса, оның бүкіл жақсылықтарын ұмытып, жақсы қасиеттерін аяқасты етіп, жамандайды. Ал, егер біреуді жақсы көретін болса, оны шектен тыс аса мақтап, қошеметтеп, ұлықтықтың ең биік шыңына шығарып қояды. Сондықтан да, «Я, Алла! Мен Сенен ашуланған кезімде де, қуанған кезімде де әділетті болуды сұраймын» деп дұға жасауға өсиет етілген екен.
Демек, кімде-кім сезіміне ие болып, ақылын төреші етіп, әр нәрсенің өз өлшемін бере білсе, әділеттің ақ жолында болады.
СЕН ДЕ ЖАЛЫҚТЫҢ БА?
Алаштың Абайы айтады: «Пендеде бір іс бар жалығу деген... Оған бір еліксе, адам баласының құтылмағы қиын. Қайраттанып, сілкіп тастап кетсең де ақырында тағы келіп жетеді».
Шынында, бір ғана үлгімен өмір сүретін адамға жалығушылықтың жетері сөзсіз. Себебі, нәпсі – жалығушы. Сондықтан да Алла заман, мекен арасын, тағамдар мен сусындарды, мақұлықтарды: түн-күн, жазық-таулы, ақ-қара, ыстық-суық, тәтті-қышқыл етіп ауыстырып, әр түрлі етіп отырады. Құранда бұл алуан түрлілік баяндалады: «...Араның қарындарынан түрлі-түсті бал шығады...». («Нахл», 69); «Жер бетінде көршілес құрлықтар, жүзім бақшалары, егіндер және ашалы, ашасыз құрманың ағаштары бар...» («Раъд», 4); «...бір-біріне ұқсаған, ұқсамаған зәйтүн, анар шығарамыз...» («Әнъам»99) т.б.
Исраил ұрпақтары ең керемет тамақтан жалықты, себебі, олар үнемі сол тамақты жейтін.
Мағмун деген кісі кітапты бірде отырып, бірде тұрып, тағы бірде жүрген күйде оқитын. Бұл ісінің себебін түсіндіріп: «Нәпсі жалығады» деп Алла Тағаланың мына сөзін оқыды: «Олар тіке тұрып, отырып, жамбасынан жатып (әр күйде) Алланы еске алады...» («Әли Имран», 191).
Сонымен қатар кімде-кім Исламдағы ғибадаттар жайында ойлап көрсе, осындай алуандықты байқайды. Себебі, ғибадаттар жүрекпен, сөзбен, іспен, қаржымен жасалынады. Және намаз, зекет, ораза, қажылық, күресумен болады. Намаздың өзін алып қарасақ, ол тік тұру, еңкею, сәжде, отырудан тұрады. Сондықтан кім амалын тоқтаусыз, шабыттанып жалғастыруды қаласа, амалында, білімінде, күнделікті өмірінде әр түрлілікті әдетке айналдыру керек. Мысалы, білім ізденгенде бірде Құран, бірде оның аудармасын, бірде хадис, бірде Пайғамбардың өмірбаянын, тағы бірде фиқһ, тарих, әдебиет, мәдениет тағы да басқа салалардағы әр түрлі кітаптарды оқуы тиіс.
Сондай-ақ уақыттарын намазға, жай тірліктерін жасауға, қонаққа баруға, қонақ күтуге, спорттық ойындарға, серуендеуге тағы да басқаларға деп бөліп қоюы қажет. Сонда ол көңілінің шабыттанып тұрғанын байқайды. Өйткені, көңіл әр түрлі және жаңа нәрсені жақсы көреді.
ӨЗІҢДІ ҚОЛҒА АЛ!
Қайғырма, себебі, тағдыр кітабы жазылып, жабылып қойылған. Әрбір істе тағдырға жазылғаны болады. Шын мәнінде сенің қайғыруың ештеңені тездетпейді де, кешіктірмейді де, азайтпайды да, көбейтпейді де...
Қайғырма, себебі, сен қайғырып, заманның тоқтауын, күннің бір орында тұруын, сағат тілін артқа қайтаруды, артқа қарай жүруді, күнді шыққан жеріне қайтаруды қалап тұрсың. Ал бұл мүмкін емес.
Қайғырма, себебі, қайғыру – ауа-райын бұзып, суларды толқындатып, аспанды бұлыңғырландырып, жасыл-желек бау-бақшалардағы жайқалып тұрған әдемі гүлдерді сындырып, қиратып тастайтын дауыл тәрізді.
Қайғырма, егер сен кедей болсаң, қарызға батып жатқандар қаншама?! Егер сенде көлік жоқ болса, басқаларда тіпті, аяқ та жоқ қой... Егер сен бірер аурудан күйзеліп жатсаң, неше жылдан бері төсек тартып жатқандар да бар... Егер сен бір балаңды жоғалтқан болсаң, біл, жол апатының өзінде бірнеше баласынан айрылып қалып жатқандар бар...
Қайғырма егер күнә іс жасаған болсаң, тәубе ет. Жамандық жасаған болсаң, кешірім сұра, қате жасасаң, түзет. Мейірім – кең, есік – ашық, жарылқау – мол, тәубе қабыл болады.
Қайғырма, себебі сен қайғырумен жүйкеңді жұқартасың, тыныштығыңды бұзасың, өзіңді шаршатасың, ұйқыңды қашырасың.
Қайғырма, себебі, сенің нағыз ғұмырың – бақытты, көңілің тыныш болып өткізген сәттерің. Ендеше күндеріңді қайғыруға жұмсама, түндеріңді уайымдаумен ысырап қылма, сағыныштарыңды қасіреттерге бөліп берме, өміріңді зая қылма. Өйткені, Алла Тағала ысырапшылдарды, зая етушілерді сүймейді.
РАББЫҢ СЕНІ КЕШІРУГЕ УӘДЕ БЕРЕДІ!
Раббыңның мына сөзі көңіліңді ашып, уайым-қайғыңды кетіріп, бақыт сыйламай ма?! «Ей, шектен шығып, өздеріне-өздері зиян келтірген, ей, Менің құлдарым! Алланың мейірімінен үміт үзбеңдер! Ақиқатында, Алла күнәлардың барлығын кешіреді! Өйткені, Ол – Өте Кешірімді, Ерекше Мейірімді» («Зумәр» сүресі, 53-аят).
«Кім бір жамандық істеп немесе өзіне әділетсіздік етіп, содан кейін Алладан кешірім сұраса, Алланың Өте Кешірімді, Ерекше Мейірімді екенін көреді» («Ниса» сүресі, 110-аят).
Алла Тағала біздің жүрегімізді жақындату үшін «ей, құлдарым» деп шақырды. Бұл шақыруды өздеріне зиян етіп қойғандарға ғана арнады. Өйткені, олар қате-кемшілік, күнә істерді көп жасап қойғандар. Ал, басқалар туралы не ойлауға болады?! Сондай-ақ, оларды жарылқаудан күдер үзіп, үмітсізденуден қайтарды. Әрі тәубе еткендердің ірілі-ұсақты бүкіл күнәларын кешіретіндігінен хабар берді. Сосын Өзін Өте Кешірімді, Ерекше Мейірімді деп баса сипаттады.
«Ей, адам баласы! Егер сен Менен үміттеніп, Маған дұға қылсаң, сенің жасағандарыңа көңіл де аудармай кешіремін. Егер сенің күнәларың көктегі бұлттарға дейін жетсе де, Менен кешірім сұрар болсаң, ешқандай көңіл аудармай кешіремін. Ей, адам баласы! Егер сен жер шарындай қателіктер жасасаң да, маған еш нәрсені серік етпей жолығар болсаң, Мен саған жер шарындай кешіріммен келемін» деп уәде берді Алла.
Алла Тағала нендей Мейірімді, нендей Ұлы!
ЖАҚСЫЛЫҚТЫ КҮТ!
«...Таң жақын емес пе?» («Һуд» сүресі, 81-аят). Уайым-қайғыдан күйзелгендердің таңы жақын! Ендеше, жақсылықтың арайлы таңын асыға күт! Таяуда Алла жақсылық пен кеңдік есігін ашады! «Ғибадаттың ең абзалы – жақсылықты күту» делінген хадисте.
Данышпандар: «Егер арқан қатты тартылынса, үзіледі» деген екен. Қараңғылықтың қоюланғаны – таңның жақындағанын білдірмей ме? Яғни, жағдайың онан сайын қиындап, ауырлай түссе, бір кеңшіліктің болуын күте бер.
Алла Тағала «...Кім Алладан қорықса, оған бір шығар жолды пайда етеді...»; «...Кім Алладан қорықса, оның ісіне оңайлық жасайды...»; «...Кім Алладан қорықса, оның жамандығын жояды да, сауабын зорайтады» деп, жеңіске жетудің оңай жолын көрсетіп берді. («Талақ» сүресі, 2,4,5-аяттар).
Жаратушымыз: «Мен пендемнің ой-қиялындамын, пендем Мен жайында қалай ойласа сондаймын» деген. Раббың туралы жақсы ойлауды ұмытпа!
Жүрегіңді қиындықтан кейін келетін екі бірдей жеңілдіпен СҮЙІНШІЛЕ! «Негізінде ауырлықпен бірге бір жеңілдік бар. Шын мәнінде қиыншылықпен бірге бір оңайлық бар». («Шарх» сүресі, 4-5-аяттар). Тәпсірші ғалымдар осы аятқа байланысты «Бір қиындық екі жеңілдікті мүлде жеңе алмайды» деген екен.
Құрандағы басқа да аяттарды оқы да, еңсеңді көтер! «...Сен білмейсің, мүмкін Алла бұл оқиғадан кейін басқа жағдай пайда етер» («Талақ» сүресі, 1-аят); «...Біліңдер, анығында, Алланың жәрдемі жақын» (Бақара- 214); «Негізінде, Алланың мейірімі жақсылықты ықыласпен жасаушыларға жақын» («Аъраф» сүресі, 56-аят).
РАББЫҢ АСА ЖАРЫЛҚАУШЫ!
«Бірде Хасан әл-Басриге (оған Алла рақым етсін) кедейлігіне шағым айтушы адам жүгінеді. Ғалым: «Алла Тағаладан кешірім сұра!» (күнәларыңа тәубе жасап, кешірім тіле) деді. Сонан кейін балалары жоқ, бедеулікке душар болған адам келеді. Ғалым оған да: «Алла Тағаладан кешірім сұра!» деген екен. Үшінші кісі бақшасының қурап қалғанын айтады. Тағы да: «Алладан кешірім сұра!» деді.
Мұның бәрін де бақылап тұрған басқа кісі: «Сен алдыңа кім келсе де, Алладан кешірім сұраудан басқа кеңес айтпадың ғой. Мұның сыры неде?» дейді. Сонда Хасан әл-Басри: «Мен Құранға бір ауыз артық сөз қоспадым» деп, мына аятты оқиды:
«Өздеріңнің Раббыңнан кешірім тілеңдер, өйткені Ол – көп Кешіруші (Ғаффар). Ол сендерге аспаннан мол жаңбыр жібереді. Сендерді мал-мүліктермен және перзенттермен қолдайды. Сендерге бау-бақшалар өсіріп және сендер үшін өзендер пайда қылады». («Нұх» сүресі, 10-12-аяттар).
Құдси хадисте Алла Тағаланың: «Менің мейірімім Менің ашуымнан басым түседі» деп айтқандығы келтіріледі. Сол себепті ғалымдар кімде-кімнің ісіне қиындық туса, тәубе жасап, Алла Тағаладан жиі кешірім сұрасын деп айтқан екен.
Ендеше жарылқауды көп тіле! Сонда кеңшілік, молшылық, көңілдің тыныштығын, адал ризық-несібе, игі ұрпақ, мол жаңбырды табасың!
Төмендегі жарылқау тілеудің ең ұлысы, кешірім сұрау дұғаларының «төресі» болған дұғаны қайталаумен бол!
«Аллаһуммә, Әнтә Рабби, лә иләһа иллә Әнтә, халәқтәни уә әнә ‘абдукә, уә әнә ‘алә ‘аһдикә уә уә’дикә мә-стәтағту, ә’узу бикә мин шәрри мә санә’ту әбу-у ләкә би-ни’мәтикә ‘әләййа уә әбу-у би-занби, фәғфир ли, фә иннәһу лә яғфиру-з-зунубә иллә Әнта!»
Аудармасы: «Я, Алла! Сен менің Раббымсың, Сенен басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ. Сен мені жараттың, ал мен Сенің құлыңмын. Meн күш-құдіретім жеткенше Саған деген уәдемді, әрі сертімді сақтаймын. Әрі жасаған істерімнің жамандығынан Өзіңе сиынамын. Маған берген нығметтеріңді мойындаймын, әрі күналарымды да мойындаймын. Мені жарылқай гөр! Шын мәнінде, Сенен өзге күнәларды жарылқаушы ешкім жоқ!» (Бұхари). «Кім (осы сөздерді) күндіз қайта-қайта айтатын болса әрі (өзінің айтып жатқан сөздеріне) кәміл сенсе, және сол күні кеш батқанға дейін қайтыс болса, сол Жәннат тұрғындарының арасында болады, ал кім (өзінің айтқан сөздеріне) кәміл сенген күйде (осы сөздерді) түнде айтатын болса, әрі таң атқанға дейін қайтыс болса, сол Жәннат тұрғындарының арасында болады» (Бұхари)
ЖАҚСЫЛЫҒЫҢДЫ БІЛМЕГЕНГЕ ҚАЙҒЫРМА!
Адамдарға жасаған жақсылығың Қиямет күні баршаға аян болады. Сауаптарың Жәннатқа жетелеп, мақтаныш кеудеңді кернейді. Бұрын-соңды болмаған бақытқа бөленесің. Сол кезде өлім бар болса еді қуаныштың күшінен жүрегің жарылып кетер еді. Сондықтан, пенделер жақсылығымды түсінбеді, білмеді, бағаламады, қарымын қайтармады деп міндетсініп, қапалануың еш орынсыз! Кім жақсылық жасаса, сыйсыз қалмайды!
Алла Тағала Өзінің разылығы үшін игілік істейтіндерді былай сипаттайды: «...Оларды Алладан кеңшілік әрі ризалық іздеген түрде көресің...»(«Фатх» сүресі, 29-аят); (Олар): «Шын мәнінде біз сендерді Алланың дидары үшін тамақтандырамыз. Сендерден сый да, алғыс та қаламаймыз. Ақиқатында, біз Раббымыздан болатын түнерген, ауыр бір Күннен қорқамыз» дейді . («Инсан» сүресі, 9-аят)
Ізгі кісілердің бірі зағип жанға ең дәмді әрі бағалы тамақтан жегізіп, садақа берді. Үй-ішіндегілер: «Бұл зағип не жеп жатқанын білмейді де ғой»,- десті. Сонда ол кісі: «Бірақ Алла біледі»,- деп жауап берді.
Алла мен адамдар арасындағы әдет-ғұрып бірдей емес. Адамдар рақымсыз болғанымен, Алла уәдесінде тұрушы! Сыйлайтын да, сауап беретін де, есеп алатын да, жазалайтын да, риза болатын да, ашуланатын да – Оның Жалғыз Өзі!
ҚАНДАЙ ТІЛЕГІҢ БАР?
Ол сендегі барға да, жоққа да иелік етеді.
Оның билігі мәңгілік әрі шайқалмайды!
Ол бір нәрсенің орындалуын қаласа «Бол!» дейді. Оның шамасы жетпейтін қиындық жоқ!
Ол бәрінен есеп алады, Одан ешкім де есеп сұрамайды!
Ол Бай, ешкімге мұқтаж емес!
Ол таңдағанның дені сау, Ол қалаған адам науқас! Өзі жаратқан кез келген сырқатқа Шипа беруші!
Адасқанға, жәбір көрушіге, әлсізге Қамқор!
Сыр мен сыбдырды Естуші, жасырын мен әшкерені Білуші! Сені ренжіткен, сен қорыққан, сен айырылысқан, сен жақсы көрген жанның Иесі де Алла! Жүрегін, ісін сен сұраған жаққа бұрып бере алады!
Бәрін жасаушы, көмек беруші, байытушы, кедейлендіруші, жан алушы, жаратушы, алға шығарушы, артта қалдырушы – Жалғыз Алла!
Өйткені, сені емдеген дәрігердің өзі ауырады, жұмыс беруші бастығың тоқырауға ұшырайды, сені қайғыртып, ренжітуші өзі де азапқа түседі. Ал Алла ешқашан жеңілмейді, қазынасы таусылмайды!
Ол көктер мен жердің Патшасы! Ұйықтамайды да, қалғымайды! Ол бір сәтке қалғып кетсе аспан әлдеқашан құлап қалар еді! Ол уақыты келгенде теңіздерді өртейді, тауларды үгітеді, бұлттарды айдайды, күнді бүктейді, жұлдыздарды сөгеді, аспанды жарады. Ендеше бір тамшы судан жаралған адамның халін өзгерту Оған түк емес!
Бақыт пен қуаныштың, тыныштық пен демалыстың Раббысы да – Алла! Бақыт Алламен! Бақыт Аллада!
Ауырдың ба? Әйелің тіліңді алмады ма? Күйеуіңнің көңілі суып кетті ме? Отбасыңнан тыныштық кетті ме? Балаң опасыз ба? Жұмысың оңға баспады ма? Есіктер жабылды ма? Қажетіңді Алладан сұра! Қазір жалғыз болсаң, екіншінің Алла екенін біл! Өйткені, Ол Құранда: (Ей, Мұхаммед!) «Ал, қашан құлдарым сенен Мен туралы сұраса, күмәнсіз, Мен өте жақынмын. Қашан менен тілесе, сұраушының тілегіне жауап беремін» деп уәде берген! («Бақара» сүресі, 186-аят)
СЕН ҮШІН ЖАРАТЫЛҒАН!
Қайғырма, өйткені, ауру айығады, қасірет ұмытылады, күнә кешіріледі, қарыз өтеледі, тұтқын босатылады, кеткен адам келеді, күнәһар тәубеге жасайды, кедей байиды.
Қайғырма, қара бұлттың қалай сейілетінін, қараңғылықтың ағарып, шығып кететінін, құйынның басылатынын көрмегенсің бе? Ендеше, сенің көріп жатқан қиындықтарың – жеңілдікке, тіршілігің – тұрақтылыққа, болашығың – жақсылыққа ұласады.
Қайғырма, қызған күннің ыстығын көлеңке басады, шөлді мұздай, мөлдір су қандырады, аштықты жұмсақ, ыстық нан тойғызады, ұйқысыздық шаршауын тәтті ұйқы қандырыды, дерт күйзелісі сауығумен кетеді. Жаратылыстың қиындығын жаратушысы шешеді. Ендеше, сен аз ғана күт.
Қайғырма, себебі бұйырған, тағдырдағы бар нәрсенің сөзсіз болатынына, дәрігерлер басын шайқап, данышпандар әлсізденіп, ғұламалар тұрып қалып, ақындар бір-бірінен сұрасып таңданысқан.
Қайғырма, себебі, сен егер қайғы-қасіретке жүрегіңнен орын берер болсаң, үздік дәрігерлер мен олардың берген кеңестері, дәрі-дәрмектері сені емдеп қуандыра алмайды.
Қайғырма, себебі, Алла Тағала сен үшін жер мен ондағы нәрселерді жаратты. Сенің игілігің үшін жайнаған бау-бақшаларды, әсем гүлдерді, әр түрлі ағаштарды, жарқыраған жұлдыздарды, өзен-бұлақтарды жаратты. Ал, сен болсаң қайғырып отырсың!!!
Қайғырма, себебі, сен мөлдір су ішіп, таза ауадан демалып, денің сау, өз аяқтарыңмен жүріп, түнде тыныш ұйықтап жатырсың!
Қайғырма, сенде дұға бар. Сол дұға арқылы сен әлемдердің Раббысынан қажетіңді сұрап аласың! Сенде түннің үштен бір бөлігінде пешенеңді сәждеге қоятын уақыт бар.
Ғұламалар айтқан: «Алланы жоғалтқан адам нені тапты?! Алланы тапқан адам нені жоғалтты?! Бұл екеуі мүлде тең емес. Кім Алланы тапса, бүкіл нәрсені тауыпты. Ал кім Алланы жоғалтса, бүкіл нәрсені жоғалтыпты».
АДАМДАРҒА ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАП ЖАТЫРСЫҢ БА, ОНДА ҚАЙҒЫРМА!
Өйткені, адам баласына жақсылық жасау – бақыт жолындағы бір кең жол. «Əрбір тірі нəрсеге жасалынған жақсылыққа сауап бар» делінген хадисте. Алла Тағаланың Исрайл ұрпағынан болған жезөкше әйелді шөлдеп тұрған итке су бергені үшін Жәннатқа кіргізгенін біліп қой. Тағы бірде құдықтан аяқ киімімен су алып шығып, қаңғыған итті сусындандырған адамның барлық күнәлары кешіріледі. Олай болса, қиыныдыққа ұшыраған ең абзал жаратылыс адамды тамақтандырып, сусындандырып, ісін жеңілдеткеннің жағдайы қалай болар екен?!
Алла Елшісі ﷺ: «Кімде артық тамақ болса, тамағы жоқтарға көмектессін, кімде артық (мінетін) орын болса, (мінетін) орны жоқтарға көмектессін» деп өсиет еткен екен.
Ибну әл-Мубәрәк атты ғұламаның көршісі яһуди болатын. Ол кісі балаларына тамақ беруден алдын яһуди көршісіне беретін, балаларына киім беруден алдын яһуди көршісіне беретін еді. Адамдар сол яһудиге «үйіңді сатшы» дейді. Сонда ол: «Үйім екі мың динар. Үйдің өз бағасы – мың динар. Ал, мың динар – Ибну әл-Мубәракқа көрші болатының үшін»,- дейді. Бұны естіген ғұлама: «Я, Алла, оны исламның нұрына бөлеші»,- деп қатты дұға қылады. Осылайша, ол яһуди Алланың қалауымен ислам дінін қабылдаған екен.
Тағы бірде Ибну әл-Мубәрак керуенмен қажылыққа сапар шегеді. Кетіп бара жатып, қоқыстан өлі қарғаны алып кетіп бара жатқан әйелді көреді. Бір қызметшісін әйелдің артынан біліп келу үшін жібереді. Сонда әйел «Үш күннен бері ештеңеміз жоқ, аштықтан қиналып отырмыз»- деп жағдайын айтады. Бұны естіген Ибну әл-Мубәрактың көздерінен жас шығып, бүкіл керуенді осы ауылға таратуға бұйрық береді де, өзі осы жылы қажылық сапарын қойып, артқа қайтады. Ол кісі түсінде бір адамның: «Қажылығыңыз қабыл болсын! Күнәңіз кешірілген болсын!»- деп жатқанын көреді.
Бұндай жандар жайлы Алла Құранда: «...Әрі өздерінде мұқтаждық болса да, оларды өздерінен артық көреді...» деген («Хашыр» сүресі, 9-аят).
Жақсылықты шамаң жеткенше жасап қалуға тырыс. Себебі қай жақсылығың Жәннатқа кіргізетінін білмейсің... Амалдар есепке тартылатын күні Алла Тағаланың: «Өткен күндерде істеген амалдарың себепті рахаттана жеңдер әрі ішіңдер!» деген сөзін есту үшін ештеңеден аянба!
ӨЗІҢ БІЛМЕЙТІН ЖАҚСЫЛЫҚТАРҒА НАЗАР АУДАР!
Қайғырма, себебі, жақсы амалдар он еседен жеті жүз есеге дейін арттырылып есептелінеді. Ал, жаман амалдар біреу болып жазылады. Егер Алла Тағала кешіріп жіберетін болса, мүлде есептелінбейді. Бұл Алла Тағаланың қаншалықты дәрежеде Жомарт, Мейірімді, Кең екенін көрсетеді. Оның ұқсасы жоқ.
Қайғырма, себебі, сен Алланың жалғыздығын білген, дінді ұстанған, қыблаға бетіңді бұрған мұсылмансың. Сенде Алла Тағалаға, Елшісіне деген сүйіспеншілік бар. Күнә жасап қойсаң, өкінесің, жақсылық жасасаң, қуанасың. Демек, сенде өзің білмейтін көптеген жақсылықтар бар екен.
Қайғырма, себебі, сен қиыншылық кезде де, молшылық кезде де, жоқшылық кезде де жақсылық-сауапқа ие болып отырсың. «Мүміннің ісі қандай ғажап! Оның ісінің барлығы ол үшін жақсылық. Сондай-ақ, ол мүміннен басқа ешкімге берілмеген: егер оған бір қуаныш келсе, ол Аллаға шүкірлік етеді, ол оған жақсылық болады. Ал егер оған бір қайғы келсе, ол оған сабыр етеді, ол оған жақсылық болады» делінген хадисте.
Қайғырма, өйткені, қайғыру сені ғибадат жасауға әлсіретіп, үмітсіздікті пайда етіп, жаман ойлауға үндеп, жамандыққа жоритын етіп қояды.
Қайғырма, өйткені, қайғыру, өкіну – психологиялық аурулардың, жүйке жұқаруының негізі.
Қайғырма, өйткені, сенде Құран оқу, Алланы еске алу (зікір), дұға, намаз оқу, садақа беру, жақсылық жасау, пайдалы істермен айналысу сияқты жақсылық негіздері бар.
Қайғырма! Бекершілік, бостықтан келіп шығатын қайғыға жеңіліп қалма. Намаз оқы, кітап оқы, жаз, жұмыс істе, қонақ күт, қонаққа бар, айналаңдағы жаратылыстарға ой жүгірт!
ҚИЫНДЫҚ ПЕН ҚАЙҒЫНЫ ЖЕҢІЛДЕТЕТІН 7 ҚАДАМ
1. Алла Тағаланың қасында сауап, сый күту. Алла Тағала айтқан: «...Шын мәнінде сабыр етушілерге сыйлықтары есепсіз орындалады...». («Зумәр» сүресі, 10-аят).
2. Қайғырып, қасірет шегіп жатқан жандарға назар аудару. Бір данышпан: «Егер айналамда бауырлары үшін жылап жатқандар көп болмағанда, мен қайғырғаннан өзімді өлтіріп қояр едім»,- деген екен. Сондықтан сен оңға-солға қара. Айналаның бәрі қиналған, қасірет шеккен, сынаққа ұшыраған жандар емес пе?!
3. «Бұдан да жаман болуы мүмкін еді» деп білу. (Яғни, бұл басқасынан гөрі жеңілірек деп ойлау).
4. Бұл пенденің дінінде емес, дүние ісінде болып тұр.
5. Бұдан қашып, құтыла алмайсың. Қазақ «Қуған жетпейді, бұйырған кетпейді» деген.
6. Қалау, таңдау – әлемдердің Раббы – Аллаға ғана тән. Ол Өзі жақсы көретін құлына ешқашан жамандықты қаламайды. «Сендер бір нәрсені ұнатпағанмен, ол сендер үшін қайырлы болуы мүмкін. Ал сендер бір нәрсені жақсы көргенмен, ол сендер үшін жамандық болуы мүмкін. Алла біледі, сендер білмейсіңдер» деген Алланың сөзін есіңнен шығарма («Бақара» сүресі, 216-аят).
7. Қиындық адамды шыңдайтындығын ойлау. Сынақсыз өмір ұстазсыз сынып сияқты, ешнәрсе үйрене алмайсың. Яғни, қиындықтар жүректі шынықтырады, күнәларды жояды, тәкәппарлық, менмендікті өшіреді. Сондай-ақ қаперсіздікті сөндіріп, ескеру отын тұтандырады. Мақұлықтарға мейірімді болуды үйретеді. Игі-жақсылардан болып дұға жасауға, ұлы Аллаға бойсұнуға, Оны еске алуға, сабырлы болып жалбарынуға, қиыншылықтардан сауап үміт етуге, Аллаға есеп беруге дайындалуға, дүниеге беріліп кетпеуге жол ашып, мүмкіндік тудырады.
ЖАЛҒЫЗДЫҚТЫ ҚАЛАЙ ПАЙДАЛАНУҒА БОЛАДЫ?
Тақырыпқа арқау болып отырған «жалғыздық» – жамандықтан және рұқсат болған нәрселердің де артық болып кетуінен аулақ болу. Мұндай жалғыздық көңілді ашып, қайғыны кетіретіндер қатарынан.
Кейбір ғұламалар: «Пендеге ғибадат үшін: Алланы еске алу (зікір), дұға, Құран оқу, өзін есепке тарту, кешірім сұрау және жамандықтан жырақ болуы үшін жалғыз болуы қажет» деген.
Иә, демалу, жамандықтардан аулақ болу, абыройды сақтап, уақытты үнемдеу, ғұмырды сақтау, күндес, табалаумен қуанушы адамдардан жырақ болу, Ақырет жайлы ойлап, ой жүгірту, Алламен жолығуға дайындалу, пайдалы нәрселер жайлы ой жүгірту, даналық қазыналарын шығару үшін жалғыздықтан тиімді нәрсе аз. Себебі, жалғыздықта осы амалдарды атқарғанның ақыл-ойы пісіп, жетіліп, жемісі алынады. Жүрек тынышталып, демалады, абыройы есен-сау болады, сауап-сыйды молынан жинайды.
Мейірімді Алла Тағаланы еске алады, адамды әуреге салатын бос нәрселерден қашық болады, тілдің, іс-әрекеттің сүрінуінен, ой-пікірдің шашырап кетуінен аулақ жүреді. Және жалғыздықта өзіңді өзгелерге көрсете алмайсың. Сені жалғыз Алла Тағала ғана көреді. Яғни, амалдарыңды ықыласпен жасап қалуға мүмкіндік бар! Риядан аман боласың! Сөзіңді өзгелерге естірте алмайсың, сені көруші, естуші Алла ғана!
Әр заманда өз заманының заңғары болған игі жақсылар, шеберлер, ғұламалар, ақын-жазушылар тағы басқалар өз ақыл-ойларының көшетін жалғыздық суымен суғарып, өсірген. Олардың ұлықтық ағаштары осылайша өсіп, әр сәтте өз жемісін беріп отырған екен.
Жалғыз қалған сәттерін игілікке пайдаланушылар қандай жетістікке жетті десеңіші?!