Articles

 





Қиналғандар жалбарынып жәрдем сұрайтын, қашанда тілге аты оралып, жүректер сүйетін бір ұлықтық Иесі бар. Ол – кім? Ол – жалғыз ғана Алла. Олай болса, сен де, мен де қайғыда, қиындық пен жеңілдікте Оған жылап, жалынып, жалбарынуымыз ләзім. Сонда Оның қолдауы жетеді.


Ол суға батып бара жатқанды құтқарады, жоғалғанды қайтарады, дертке шипа береді, жәбірленгенге жәрдем береді, адасқанды жолына салады, қиналғанға жеңілдік береді.


Уайым-қайғы, қиналған кезде оқылатын дұғаларды «Мұсылман қорғаны» сияқты дұға кітаптарынан алуға кеңес береміз. Сен сол дұғалармен Аллаға жалбарынып, сұрайсың. Егер Алланы тапсаң, бүкіл нәрсені тапқан боласың. Ал егер Аллаға деген сеніміңді жоғалтсаң, бүкіл нәрсені жоғалтқаның. Сенің Раббыңа жалбарынып дұға етуің – сұрауыңның орындалуымен қоса үлкен ғибадат болып есептеледі. Дұға жасауды жақсы білген адам, уайымдап, мазасызданбауға лайық. Өйткені, Алла Тағаланыкінен басқа барлық арқан атаулы үзіліп кетеді. Алла Тағаланыкінен басқа барша есіктер түгелдей жабылып қалады. Сондай-ақ, Алла өте Жақын әрі Естуші, Қабыл алушы. Жаны қиналып, күйзелген адам жалбарынып дұға қылса, Ол қабыл алады.


Ол – аса қуатты, бай болуына қарамай, әлсіз, кедей адам баласын Өзіне дұға етуге бұйырады. Сондықтан да, егер сенің басыңа бірер қиындық туса, Алланы еске ал, Алладан жәрдем, кеңшілік сұра. Алланы ұлықтап, маңдайыңды топыраққа бөле. Сонда ұлықтық, еркіндік тәжін қолыңа кіргізесің. Мұрныңды құлдық етіп, сәждеге құла, жетістікке жетесің. Қолдарыңды көтер, алақаныңды жай, тіліңді дұғамен сөйлет, Одан көп сұра, жалбарын, есігі алдында тұрып ал. Оның мейірімін, аяуын тос. Оның жеңісін күт. Оның есімін жадыңда сақта. Жақсы ойда бол. Оған шын көңілмен беріл. Сонда ғана сен ең бақытты жан болып, жеңіске жетесің!





Жүрек дәрігерлері ұсынған ең күшті дәрі








Шариғатта бар, сүннет болған жалғыздық, бұл – сенің жамандық атаулыдан және жамандық жасаушылардан, өсекші-өтірікшілерден қашық болуың. Сонда сенің ойың бірігіп, көңілің тынышталады. Зейінің байып, көзің білім-ғылым әлемінде қуанады. Негізінде жақсылықтан, ғибадаттан қалдыратын барлық нәрседен шеттелу – жүрек дәрігерлері сынап көрген және оң нәтижесін берген күшті дәрі.


Жамандық, бос сөз, өсектен бойыңды аулақ ұстау – пікірді кеңейтеді. Алла тағаладан қорқу, Оны еске алу, Оған тәубе етуді пайда қылады


Бекершілік, өсек-аяң, әңгіме-дүкен жиындарынан аулақ бол. Ондайдан қашып, қателіктеріңе жыла, тіліңді сақта, үйіңде отыр. Егер ондай мәдениетсіз жиындарда отырып, араласатын болсаң, бұл – көңіліңе қарсы қатал «соғыс», көкейіңдегі тұрақтылыққа қарсы жау. Өйткені, сен өсек, өтірік, бос сөзде алдына жан салмайтын шешендермен, жамандық, қиындық, апатты жорамалдаушы шеберлермен отырсың.


Ендеше, тілің ғайбатқа, құлағың өсекке, көңілің арам ойға кетпесін десең жақсы іске ғана аралас. Сонда уақытың босқа кетпейді әрі жүрегің тыныш болады.





АЛЛА ЕСЕСІН ҚАЙТАРАДЫ





Егер Алла Тағала сенен қандайда бір нәрсені алатын болса, с оған төзіп, сауап үміт етсең, Алла Тағала саған одан да жақсысын береді. Алла: «Кімнің екі көзін алған болсам, ол сабырлық қылса, олардың есесіне Жәннат беремін», «Кімнің дүниедегі сүйгенін алып қойсам, ол бұдан сауап үміт етсе, оған Жәннат беремін»,- дейді. Сондай-ақ кім перзентінен айырылса, ол сабырлық сақтаса, оған пейіште «мадақ» атты бір үй құрылады. Бұлар қарапайым мысал ғана, осыларға қарап басқа да нәрселерді салыстыра бер. Сондықтан саған жеткен қайғыға еш өкінбе. Өйткені, бұл қайғыны тағдыр еткеннің қасында Жәннат, үлкен сауап, қайтаратын есе бар. Бастарына қайғы жеткенде сабыр сақтай білген Алла Тағаланың достары «Фирдаус» жұмағында «Сабыр еткендерің үшін сендерге Алланың есендігі болсын! Бұл Ақырет жұрты нендей жақсы»- деп қарсы алады.


Біз қайғының есесіне берілген сауапқа және оның орнын басқан жақсылыққа қарауға тиіспіз. «Міне соларға, Раббылары жақтан жарылқау және мархабат бар. Әрі олар тура жолдағылар». («Бақара» сүресі, 157-аят). Ендеше қайғырған, қиналғандардың жүрегін сүйіншілейік!!!


Шын мәнінде бұл өмір қысқа, байлық қазынасы арзымас дүние. Ал Ақырет артық әрі мәңгі. Кімнің бұл дүниеде басына қайғы түссе, о дүниеде соның есесіне берілер сыйды алады. Кім бұл дүниеде қиналса, о дүниеде рахаттанады.


Ей, қайғы-қасірет шеккендер, сендер нені жоғалтқан болсаңдар, пайда тауыпсыңдар. Өйткені, осы қайғы арқылы сендерге мейірім, сауап, аяушылық жіберіліп отыр. Қайғы соққысына душар болған адам, оның нәтижесіне қарауы қажет. Алланың қасындағы – жақсырақ, мәңгі әрі үлкен





БАҚЫТ. ТЫНЫШТЫҚ. МАХАББАТ





Әлемдердің Раббы Аллаға деген сенімнен басқа бірде-бір нәрсе көңілді тазартып, қуантып, уайым-қайғыны кетіре алмайды. Қиындық, қайғы-қасіретке тап болған кезде, құтылудың бірден-бір жолы, өзіне-өзі қол жұмсау деп ойлау – иманның әлсіздігінен екен.


Ғасырлар бойы жалғасқан, ұзын-сонар тәжірибелерден кейін ақылымыз мүсіннің – аңыз, имансыздықтың – өтірік екенін, сондай-ақ, пайғамбарлардың шын, Алла Тағаланың бар екенін, бүкіл мадақ, ұлықтау Оған тән екенін, Оның әр нәрсеге күші жететіндігін мойындады. Сенің бақытың, тыныштық-рахатың иманыңның қуаттылығына қарай болады. «Ер немесе әйелден кім сенген бойда түзу іс істесе, әлбетте оны жақсы тіршілікте жасатамыз. Әрі оларға істеген істерінен жақсырақ сыйлық береміз». (Нахыл- 97).


Бұл жақсы тіршіліктің сипаттары: көңілдер Раббыларының берген жақсы уәдесімен жай табады, жүректер Жаратушыларына деген махаббатпен берік болады, жүйкелер болатын оқиғалар алдында мықты болады. Өйткені, бұл өмірдің кейіпкерлері Алла Тағаланы – Раббым, Исламды – дінім, Мұхаммедті – Пайғамбарым деп риза болып, сенген жандар.





БАЛДЫ АРА ҰЯСЫНАН СЫНДЫРМАЙ АЛ!





Жуастық – қайсыбір нәрседе болса, сол нәрсені әдемілей түседі. Ал, қайсыбір нәрседе болмаса, сол нәрсе жаман болып көрінеді. Сөйлегенде жұмсақ сөйлеу, кездескенде күлімсірей жылы шырай таныту, жақсы сөз айту – игі жақсылардың әрі мүміндердің сипаты.


Бұл жақсы нәрсені жеп, жақсы нәрсе шығаратын бал ара тәрізді. Ара бір гүлге қонатын болса, оны сындырып алмайды. Өйткені, Алла Тағала дөрекілікке бермегенін мүләйімдікке береді. Адамдар арасында сондай игі-жақсы жандар бар, көпшілік олардың келгеніне қуанып, қошеметтеп қарсы алып, құрмет көрсетіп, шығарып салады. Өйткені, олар әрбір істе, алыс-берісте, сауда-саттықта, жүріс-тұрыста, кездесуде, қоштасуда, айтар сөзде тартымды, ұнамды болып келеді.


Шындығында достарыңды өзіңе тарта білуің – өнер. Бұны игі-жақсылар жақсы біледі. Игі-жақсылардың айналасында үнемі адамдар болады. Бар кездерінде адамдар оларды үнемі ортаға алып, сұхбат құрады. Ал жоқ болса, оларды еске алып, олар жайлы сұрап, оларға дұға етеді.


Негізінде бұндай бақытты жандардың мінез-құлықтарының баршаға пайда берер үндеуі бар: «...Жамандықты көркем түрде жолға сал. (Жамандыққа жақсылық қыл). Сонда араларыңда дұшпандық болған біреу, өте жақын достай болып кетеді» («Фуссилат», 34). Олар өздерінің мүләйім, кешірімшіл сипаттарымен кек, өкпе-назды жояды. Олар жамандықты лезде ұмытады, жақсылықты үнемі есте сақтайды. Олардың құлақтарының тұсынан жаман сөздер өтіп жатады. Бірақ олардың құлақтарына кірмейді. Осындай тамаша сипатпен олар баянды, рахат өмір сүруде. Өзгелерге де еш зияндары жоқ. Хадисте айтылғандай, мұсылман – мұсылмандар оның тілінен, қолынан есен болған адам. Мүмін – адамдар одан қандары мен малдары үшін қауіптенбеген адам. Және олар: «Алла маған байланысын үзгендермен байланыс жасауыма, маған зұлымдық жасағанды кешіруіме, маған бермегенге беруіме әмір етті» дейді. Осындай игі-жақсылар жөнінде Алла Тағала былай деген: «...Олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер...» («Әли Имран», 134). Ондайларға осы дүниенің өзінде болатын тыныштық, рахаттан тұратын сауапты сүйіншіле. Сондай-ақ Ақыретте Мейірімді Жаратушының қасында болатын орасан зор сауаппен сүйіншіле!





ЖЕТІСТІК ПЕН ЖЕҢІСКЕ АЛЫП БАРАТЫН ҚЫСҚА ДА ОҢАЙ ЖОЛ





«Біліңдер, жүректер Алланың Еске салуымен (Құранмен) тыныштық тауып орнығады» («Раъд» сүресі, 28-аят).


Алла Тағаланы еске алудан басқа көңілді ашатын, жүректі жай таптыратын, үлкен сауапқа ие ететін амал жоқ. Тіпті, Алла: «...Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын» дейді. Құлын Раббысы еске алып жатса, одан асқан қандай құрмет бар?


Алланы еске алу –Оның бұл дүниеде берген пейіші. Бұл дүниеде сол пейішке кірмеген адам Ақыретте нағыз пейішке кірмейді.


Сондай-ақ Алла Тағаланы еске алып, зікір айту – жан-тәннің шаршағанын басып, көңілді жайландырады. Негізінде Алланы еске алу – әрбір жетістік пен жеңіске алып баратын қысқа да оңай жол.


Алла Тағаланы еске алып зікір айтудың пайдаларын білу үшін Құран аяттарына жүгін. Және оның бальзамын бірнеше күн сынап көр, шипа табасың. Алла Тағаланы еске алумен уайым-қайғының, қорқыныш пен күдіктің қою бұлты сейіледі. Алла Тағаланы еске алушылардың тыныш, жайбарақат, рахатта болатынына таңданудың қисыны жоқ. Себебі Алланы есе алу – негізгі, қымбат бағалы нәрсе.


Ей, ұйқысыздықтан шағымданушы, қайғыдан күйзелуші, дерттен қамығушы жан, қане, Алла Тағаланың киелі есімін есіңе алып дауыста. «...Оған аттас білетінің бар ма?» («Мәриям» сүресі, 65-аят).


Сенің көңілің Алла Тағаланы еске алуыңның мөлшеріне қарап тынышталып, жай табады. Өйткені, Раббыңды еске алу – Оған тәуекел ету, Оған сену, Оған арқа сүйеу, Оған қайту, Оған жақсы ойда болу, Одан кеңшілік, жеңіс күту ұғымдарын өз ішіне алады. Демек, Ол шақырылса, жақын; жалбарынылса, естуші; сұралынса, беруші. Ендеше, Оған жалбарынып сұра. Оны ұлықта, мадақта, дұға ет, кешірім сұра. Оның киелі есімдерін тіліңмен қайтала. Сонда сен, Алла қаласа, бақытты, кеңшілікті, қуаныш-шаттықты табасың.





КҮНШІЛДІК ЖАҚСЫЛЫҚТЫ ЖОЯДЫ





Күншілдік сүйекті жеп бітетін тұзды тағам тәрізді. Негізінде күншілдік дененің барлық мүшесіне зиянын тигізетін жаман дерт. Күншіл адамға тыныштық жоқ. Өйткені, ол жәбірленген адам кейпіндегі – залым, дос кейпіндегі – қас.


Сондай-ақ күншілдікті өте әділетті деуге болады. Себебі, күншілдік бірінші өз иесінен бастап өлтіреді. Біз басқаларды күндеуімізбен тұла бойымызға уайым-қайғыны сіңіріп, тыныш ұйқымызды өзгелерге таратып жатырмыз.


Шынында күншілдің тірлігі пешке от жағып қыздырып, оған өзін тастағанмен бірдей.


Күндеушінің жаман бір жері – ол тағдырмен таласып, Жаратушыға әділетсіз деп жала жауып, әдепсіздік жасап, Алланың ақ жолына қарсы шығып отыр. Әттең күндеуші жан азабын бастан кешіріп отыр. Бірақ, оған сауап жоқ. Мұндай күншіл өзі өлгенше немесе адамдардағы жақсылықтар жойылып кетпейінше, үнемі күйе береді. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Күншілдіктен (іштарлық, көреалмаушылық) сақ болыңдар! Себебі, күншілдік от отынды немесе құрғақ шөпті жалмағандай сауаптарды жалмайды» (Әбу Дәуд). Барлық адамдармен келіссөз жүргізуге болады, тек қана күншілмен болмайды. Күншілмен келісу үшін Алла Тағаланың саған берген нығметтері мен қабілетін, талантын, кешуің керек. Егер сен жақсы қасиеттеріңді кешіп жатсаң, мұныңа күншіл риза болып жатса, бұл таңданарлық құбылыс емес. Күншілдің күндегендегі жауыздығынан Аллаға сыйынамыз. Ол улы қара жылан сияқты. Жазықсыз денеге уын таратпайынша, тыныштық таппайды.





ЖАМАННЫҢ ЫСТЫҒЫН ЖАҚСЫНЫҢ САЛҚЫНЫМЕН ӨШІР!





Өмір – қиындығы мен қызығы қатар жүретін, машақаты мол бұлыңғыр тіршілік. Ал, сен осы машақаты мол тіршілікте қиналып өмір сүресің. Біл, бұл өмірде ешқашанда кемшіліксіз әйел, перзент, дос немесе баспана, жұмыс кездестіре алмайсың. Барлығы да сөзсіз, бір кемшілікпен болады. Сондықтан жаманның ыстығын жақсының салқынымен өшіруді үйрен.


Алла Тағала бұл дүниені жақсылық пен жамандықтан, қуныш пен қайғыдан тұратын бір-біріне кереғар екі нәрсені өз ішіне алатын етіп жаратты. Сосын жақсылықтың, бәрі Жәннатта, жамандықтың бәрі Тозақта жиналады. Хадисте: «Дүние және ондағы нәрселер лағнеттелген. Тек қана Алланың зікірі және жақсы көрген нәрсесі және ғалымдар мен білім жолындағылар лағнеттелмеген». Сондықтан өміріңді қиялға берілмей өткіз.


Өміріңді қалай болған болса, дәл солай қарсы алып өткіз. Өзіңді оған үйлестіруге, көндіруге тырыс. Бұл өмірде бірер досыңның көңіліңнен шықпай қалуы немесе бірер шаруаңның бітпей қалуы мүмкін. Өйткені, кемшіліксіз толыққанды болу – бұл дүниенің сипатынан емес. Өмірлік жарың да ешқашан жан-жақты, кемшіліксіз болмайды. Хадисте былай делінген: «Мүмін ер мүмін әйелді қинамасын. Егер оның бір сипатын жақтырмаса, басқасына риза болады». Сондықтан мейлінше теңдікті ұстануға, кең болуға барын алып, жоғын қоюға, кейде тіпті кейбір істерде өзімізді білмегенге алып, көзді жұмып өтуге тиіспіз.





ҚИНАЛҒАН ЖАНҒА КӨҢІЛ АЙТ!





Оң жаққа қарасаң да, сол жаққа қарасаң да қиналған жанды көресің. Әр үйде өмірдің тауқыметін тартып, көз жасын төккен жан бар. Қиыншылыққа төзіп, сабырмен күн кешіп жатқандар да жоқ емес. Демек, басына қайғы түсіп жатқан сен ғана емес екенсің. Бәлкім, сенің қайғың өзгелердің басына түскеннің қасында түк емес болар.


Қаншама науқас жандар неше жылдан бері төсек тартып, жаны күйзеліп жатыр. Қаншама тұтқын неше жылдан бері темір тордың артында, төрт қабырғаның ішінде отыр. Қаншама отбасы он екіде бір гүлі ашылмаған өрімдей перзентінен айырылып отыр. Қаншама жандар қарызға батып, қайғырған. Сенің оларға көңіл айтатын уақытың жетті. Сенің бұл өмірдің мүмін үшін абақты, қиындық, қайғы орны екенін түсінетін кезің келді. Сенің қожайындарымен құлпырып таң атырған сарайлардың ешкімсіз кеш батыратынына, тоқшылықта бола тұрып, аяқ астынан жоқшылық жететініне, сау адамның аяқ астынан дертке шалдығатынына көз жеткізетін уақытың келді.


Демек, сен тас үстіне шөгуге түйені үйреткендей, өзіңді үйретуің ләзім. Сонда сен өз қайғыңның өзгелермен салыстырғанда анағұрлым жеңіл екеніне, саған жай ғана шаншудың қадалғанына көз жеткізесің. Сондықтан сен Алла Тағалаға мейірімділігі үшін мадақ айт, қалдырған нәрсесі үшін шүкіршілік ет, алған нәрсесі үшін сауап үміт ет және айналаңдағыларға көңіл айт.


Бұл орында саған Алланың Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірінде үлкен өнеге бар. Ол кісінің басына қағанақ қойылды, аяқтары қанатылды, беттері жырылды, бір шатқалда құрсауға алынды. Тіпті ағаш жапырақтарын жеді. Меккеден қуғындалды, күрек тісі сынды, пәк әйелінің намысы тапталды, жала жабылды, жетпіс сахабасы өлтірілді, көзі тірі кезінде перзенттерінен айырылды. Аштықтан ішіне тас байлап жүрді. Құрастырғыш ақын, сиқыршы, балгер, жынды, өтірікші деген жалалар жабылды. Ол кісіні Алла мұндайдан сақтасын. Бұлар – сөзсіз болатын бір сынақ еді. «(Ей, мұсылмандар!) Сендерден бұрын өткендерге келген секілді жағдайлар өздеріңе келмей тұрып, Жәннатқа кіруді ойладыңдар ма? Оларға таршылық және пәлекеттер тиді...» («Бақара» сүресі, 214-аят)





НАМАЗҒА КӨҢІЛ АУДАР, НАМАЗҒА!





«Ей мүміндер! Сабыр және намазбен (Алладан) жәрдем тілеңдер...» («Бақара», 154).


Егер сені үрей билеп, қайғырып, уайымдай бастасаң, дереу тұр да намаз оқы. Көңілің орнына түсіп, жүрегің жай табады.


Расында намаз – Алла Тағаланың қалауымен уайым-қайғының езгісінен босатып, қиындықты жоюға кепіл болады. Пайғамбарымызды (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірер іс қапаландыратын болса, азаншысына: «Ей, Біләл, бізді намазбен рахаттандыршы»,- дейтін. Яғни, ол кісінің қуанышы мен жұбанышы намазда болатын.





Негізінде адам баласы үшін қауіптен үрейленгенде оқитын «қауіп-қатер намазы», құрғақшылық болғанда "жаңбыр сұрау намазы", күнәға ұрынғанда "тәубе намазы", күн тұтылғанда "кусуф" намазы, мейрамда оқылатын "айт" намазы сияқты құлшылықтар жолға қойылған. Себебі мұсылман әр ісінің нәтижесін Раббысына табыстап, Онымен байланыста болуы тиіс.


Расында, жүйкесі тозып, ауырып, шаршап-шалдығып жүрген жандар мешітке барып, әуелі Раббысын риза ету үшін және басына түскен ауыр азаптан өзін құтқару үшін пешенесін сәждеге қоюы қажет. Әйтпесе, уайым жүйкесін тоздырып жібереді. Сәжде – адамның Аллаға ең жақын кезі. Мамыражай күнде намаз оқып жүрген пенде, басында қиындық туғанда Алладан керегін оңай сұрап алады.


Иә, қиналғандар қасында намаздан басқа тынышталдырып, демеу болатын нәрсе жоқ.


Егер біз біле білсек, бір күнде оқылатын бес уақыт намаз – ең үлкен нығмет. Бұл намаздар күнәларымызды жояды, Раббымыздың қасындағы дәрежемізді жоғарылатады. Сондай-ақ намаз – қайғы-қасіретімізге, дертімізге аса пайдалы ем. Ол көңілімізді сеніммен, ризалықпен толтырады.





КӨРКЕМ САБЫР





Cабырлы болу – үлгілі тұлғалардың белгілерінен. Сабырлы жандар қандай қиындықты да төзімділікпен қарсы алады.


Біз үшін сабыр сақтаудан басқа жол бар ма? Сен сабырдан өзге бірер тәсілді білесің бе? Ұлы азаматтардың көпшілігінің өмірі қайғы-қасірет жарысатын шаршы алаң іспетті еді. Бір қиындықты жеңіп шықса, екінші қиындық басталатын. Осылай бір қайғымен екінші қайғы ұштасып жататын. Ал олар Аллаға деген сеніммен, сабырмен қаруланып, бекем тұратын.


Нағыз азаматтар осылайша қарсы келген қиындықпен тапжылмай күресіп, жеңе білетін. Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын) төсек тартып жатқанда достары келіп: «Сізге дәрігер шақырсақ қайтеді?» дейді. Ол кісі:«Дәрігер мені көрді»,- деп жауап берді. Достары:«Не деді?»- дегенде ол кісі: «Мен қалағанымды бұлжытпай орындаушымын» деп жатыр»- деп тіл қатты(Алланы айтып жатыр). Сабырлы бол! Сабыр түбі – сары алтын. Сабырлы болуда Алла Тағаладан жәрдем сұра. Жақсылық болатынына бек сен, істеріңнің ақыры жақсы болатындығына үміттен, күнәларыңның кешірілуін тіле, сауап үміт ет, сабырлы бол. Жағдай ушығып, қараңғылығы қоюлана түссе де, үрейленбей, сабырлы бола біл. Өйткені, жеңіс сабырлылықпен келеді. Жеңілдік ауырлықпен болады. Қараңғылықтың қоюланғаны таңның жақындағанын білдіреді.


Бұрыңғы өткен батырлардың өмірбаяндарын оқып отырып, олардың сабырларының беріктігіне таң қаласың. Қиындықтар олардың бастарына мұздай жаңбыр тамшыларындай себейтіндей еді. Ал олар таудай берік тұратын. Көп уақыт өтпей-ақ олардың жүздерінен қуаныш белгілері білінетін.





ӨЗІҢДІ ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ БАЙ АДАМ РЕТІНДЕ СЕЗІН!





«...Саған бергендерімді ал және шүкіршілік етушілерден бол». («Аъраф» сүресі, 144-аят).


Өмірден озған көптеген ғұламалар кедей болатын. Оларда мал-дүние, кереметтей үй-жай, қымбат көлік, алдында жорғалайтын күтуші болмады. Соған қарамастан, олар өмірде бай болып, өздерін де, бүкіл адамзатты да бақытты етіп өтті. Себебі, олар Алла Тағаланың берген ризық-несібесін дұрыс жолға жұмсай білді. Осылайша олардың өмірлерінде береке болды. Керісінше, мал-дүние, бала-шаға тағы басқа қаншама нығметтер берілсе де, бақытсыздықпен өмір сүретіндер бар. Өйткені, олар дұрыс жолдан тайып кетті. Бұл – дүние-мүлікке ие болу, нағыз байлық емес екеніне айқын дәлел. Қарап отырсаң, көптеген әлемдік деңгейде диплом, куәліктері бар жандардың бұлыңғыр өмір сүріп жатқанын көресің. Ал кейбір жандардың білімдері шектеулі болуына қарамай, сарқырап жатқан өзендей пайдалы істерді жасап жатқанын көресің.


Егер сен бақытты болуды қаласаң, онда Алла Тағала жаратқан бітім-болмысыңа, біліміңе, табысыңа риза бол, қанағат қыл. Тіпті кейбір данышпандар бұдан да тереңдей түсіп: «Сен өзіңде болып тұрған жағдайдың төменіне де риза бол»,- дейді.


Тіпті пайғамбарлардың өздері де қой баққан кісілер еді. Дәуд (оған Алланың сәлемі болсын) темірші, Зәкерия (оған Алла разы болсын) ағаш ұстасы, Ыдырыс (оған Алла разы болсын) тігінші болатын. Соған қарамастан, олар адамдар ішіндегі ең таңдаулылары еді.


Демек, сенің бағаң талант-қабілетіңде, игі амалыңда, елге тигізіп жатқан пайдаңда екен. Өзгенің бойынан көріп жүрген сұлулық, мал-дүние, бала-шаға үшін қайғырма. Алла Тағаланың бергеніне риза бол. «Оларға осы өмірдегі тіршілік қажеттерін Біз үлестірдік» («Зухруф» сүресі, 32-аят).





КЕҢДІГІ ЖЕР МЕН КӨКТЕЙ ЖҰМАҚТЫ НӘПСІҢЕ ЕСКЕРТ!





 





Егер сен бұл дүниеде аш-жалаңаш, қаражаттың жоқтығынан қажыған, қам көңілді сырқат болсаң немесе жәбірленіп, қайғырсаң, өзіңе о дүниеде болатын нығметтерді ескерт. Расында, Ақыретің үшін амал қылсаң, зияндарың – пайдаға, шеккен жапаң, көрген тауқыметің – сыйға айналып кетеді. Негізінде, мәңгілікке жалғасатын Ақырет дүниесі үшін амал қылу – ең қайырлысы. Тұрақты әрі армандар орындалар мекен осы дүние деп ойласақ қателескен екенбіз. Бұл өмірдегі қуанышымыздың лайлануын қаламауымыз да Ақыретте аз ойлайтынымыздықтан болар.


Алла Тағала Ақыреттің көңіл бөліп, еңбектенуге лайық болған мекен екендігіне ант етеді.


Жәннат және ондағылар жайында бір сәт ойланып көрдің бе? Пейіштегілер ауырмайды, қайғырмайды, өлмейді, қартаймайды, киімдері тозбайды, проблемалары жоқ, қаражаттың жоғына қам жемейді, қарыз болмайсың, жұмыс істеп шаршамайсың. Олар сырты ішінен, іші сыртынан көрініп тұратын бөлмелерде болады. Пейіште көз көріп, құлақ естімеген, адам баласының ойына кіріп-шықпаған нәрселер бар. Жұмақ ағаштарының бір ағашында атқа мініп тоқтаусыз жүрген жүз жылдай уақытта мәреге жетеді. Өзендері үздіксіз ұласқан, сарайлары таумен таласқан биік. Жемістері қол созым жерде, бұлақтары сарқырайды, төсектері жоғары, су ішетін арнайы кеселері бар, тізіп қойылған жастықтар, төсеп қойылған кілемдер бар. Қысқаша айтқанда, аса қуанышты, баға жетпес, бүкіл арманның бәрі бар керемет мекен! Ендеше, неге біз бұл жайында ойланбадық? Бізге не болған? Рахат өмір жайлы қалайша ұмыттық екен?


Егер Ақыреттегі соңғы жай-күйіміз осыншама мамыражай болатын болса, онда қиналғандар мен қайғырғандар серпіліп жеңілдесін, жоқ-жітіктер қуансын!


Ей, жоқтықпен қиналып, қайғы-қасіретпен күйзеліп жан азабын тартып жатқан жандар, Алла Тағаланың пейішінде, Онымен көрші болып қалу үшін игі амалдар жасаңдар! «Сабыр еткендерің үшін сендерге «сәлем» (амандық болсын) дейді. Бұл – соңғы тұрақ қандай керемет» («Раъд» сүресі, 24-аят)





УАЙЫМ-ҚАЙҒЫНЫ ҚУЫП ШЫҚ!





«Босаңсымаңдар әрі қайғырмаңдар, егер, иманды (мүмін) болсаңдар, сендер жоғарыдасыңдар» («Бақара» сүресі, 139-аят).


«Қайғы» сөзі уайым сөзімен бірге «уайым-қайғы» ретінде қолданылады. Бұл екеуінің арасындағы айырмашылық: егер болашақта орындалатын іске байланысты болса, ол – уайым, ал өткен іске байланысты болса, ол – қайғы.





Қайғыру – үміт отын сөндіреді, қайратты әлсіретеді. Қайғыру – дененің тіршілігін тоқтатып қоятын сал ауруы тәрізді. Бұның себебі, негізінде қайғыру адам баласын алға жылжытпай, тоқтатып қояды. Қайғырғаннан жүрекке келер ешқандай пайда жоқ. Сонымен қатар қайғыру – шайтан үшін өте сүйкімді нәрсе. Өйткені, ол адам баласын қайғыртып, жолынан қалдырады, іс-әрекетінен тоқтатады.


Дегенмен, әлсіз пенде болған соң қайғыға салынбай тұрмаймыз. Сондықтан да адамдар Жәннатқа барған кезде: «Барлық мақтау бізден қайғыны жойған Аллаға лайық...»,- дейді («Фатыр», 34). Біл, адам баласына еркінен тыс бірер қайғы жетсе, ол сабыр сақтаса, сауапқа кенеледі. Және Алла бір қиындықтың артынан екі жеңілдіктің болатындығына уәде берген. Себебі бұл да қиындықтың бір түрі. Ал хадисте «Мүмін адамға қандай да бір уайым-қайғы, қиындық келетін болса, соның себебінен Алла оның қателерін кешіреді» делінген.


Қайғы келсе, қол қусырмай, бірден шариғатта көрсетілген тәсілдер мен дұғалар арқылы қайғыны қуып шығуға асық. Асыл дінімізде уайым-қайғыны құртудың барлық жолы қарастырылған! Үнемі уайым мен қайғыға көміліп жүру – мұсылманға тән емес. «Дін жолында ешкім бастан кешіріп көрмеген небір қиындықтарға ұшырадым» (Тирмизи) деген Пайғамбарымызды ешкім ешқашан қабағы қатулы, мұздай мінез, маңайына ызғар шашатын кейіпте көрмеген.


Қайғы-қасіреттен Аллаға сыйын! Өйткені, уайым-қайғы – ұзақ қараңғы түндей және өрге көтерілуге бөгет.


Ендеше, сен көңілді, қуанышты болуға және Алла Тағаладан жайлы өмір, ашық көңіл сұрауға тиіссің. Себебі бұл – осы дүниенің нығметтері. Бұл жайында тіпті кейбір ғұламалар «жер бетінде бір пейіш бар, кім оған кірмесе, ақыреттегі пейішке кірмейді»- деген.


Алла Тағаладан жүректерімізді иман нұрымен шомылдыруды, тура жолға бастауын және бізді қиын да тар өмірден құтылдыруын сұраймыз!





КҮЛІМСІРЕУДЕ ШИПА БАР!





Шектен шықпай, орташа түрде күлу – уайым-қайғыға «шипа». Сондай-ақ күлу жүректің жадырап, қуануына әсер етеді. Әрі бауырыңның жүзіне күлімсіреп қарау садақа делінген хадисте. Әбу әд-Дарда (оған Алла разы болсын): «Мен жүрегіме қуаныш ұялауы үшін күлемін»- деген екен. Адамдар арасында ең құрметтісі болып табылатын Пайғамбарымыз да ﷺ үнемі күлімсіреп жүретін. Бұл ауру жүректі емдеу жолын білген саналы жандардың әрекеті. Ислам діні ғибадатта, мінез-құлықта, қарым-қатынаста да орташалыққа негізделген. Адамды қорқытатындай дәрежеде қабақты түйіп тұнжырау да, болған-болмағанға қарқылдап күлу де жоқ. Өйткені, шектен тыс күлкі жүректі өлтіреді.


Ахмад Әмин «Файд әл-хатир» атты кітабында былай деген: «Өмірде күлімсіреп жүретін жандар өздері ғана бақытты-қуанышты болмайды. Бәлкім, олар жауапкершілікті атқаруда, қиындықты жеңуде, өздері үшін де, өзгелер үшін де пайдалы істерді атқаруда ең лайықты, шамасы жететін жандар болып келеді».


Негізінде қоршаған ортадағы барша нәрселер – гүлдер мен ағаштар, теңіздер мен өзендер, таулар мен аспандар, жұлдыздар мен құстар бәрі-бәрі күлімсіреген. Тіпті, адам баласының өзі де күлімсіреген. Бірақ, дәмелену, жауыздық, өзімшілдік тәрізді нәрселер оны тұйықтандырып жібереді. Сол себепті ол айналадағы үйлесімді табиғаттан бөлектеніп тұрады. Болмысы тұйық адамдар табиғаттың сұлулығын көре алмайды. Өйткені, әрбір адам табиғатты көңіл көзі, ой-санасы арқылы көреді. Егер көңілі, өй-әрісі таза болса, оның дүниені көрер көзілдірігінің таза болғаны. Сонда ол дүниені жаратылысындай, әсем қалпында көре алады. Ал, керісінше болатын болса, көзілдірігі айғызданып, бүкіл нәрсені қара, кір күйде көретін болады. Кейбір адамдар бүкіл нәрсені қайғыға айналдырып жібереді. Тағы кейбір адамдар барлық нәрсені қуанышқа айналдырып жібереді. Отбасында кейбір әйелдердің көздері тек қана қате-кемшілікке түседі. Ондай әйелдер кесе сынып қалса да, тамақтың тұзы басым болып кетсе де, бөлмеде бірер қағаз жатса да, қызбаланып үйдегі бар адамды балағаттай бастайды. Осындай болмашы нәрселер үшін жанжал шығарып, сол күнді қара күнге айналдырады. Сол сияқты бір сөз естісе, өзінің де, отбасындағылардың да көңіл-күйлерін бұзатын еркектер бар.





 



Recent Posts

Мұса пайғамбар (оған ...

Мұса пайғамбар (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы 4

Мұса пайғамбар (оған ...

Мұса пайғамбар (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы 3

Мұса пайғамбар (оған ...

Мұса пайғамбар (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы 2

Мұса пайғамбар (оған ...

Мұса пайғамбар (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы 1