Articles

«ЖҮРЕКТЕРГЕ СҮЙІНШІ» ЖОБАСЫ





بشرى للقلوب المؤمنة





<Қазақ тілі – Kazakh – كازاخي>





Асыл арна сайтынан





موقع قناة أصيل أرنا الإسلامية





—™





مراجعة: الفريق الكازاخي بموقع دار الإسلام





«ЖҮРЕКТЕРГЕ СҮЙІНШІ» ЖОБАСЫ





 








АСА ҚАМҚОР, ЕРЕКШЕ МЕЙІРІМДІ АЛЛАНЫҢ АТЫМЕН!





«ЖҮРЕКТЕРГЕ СҮЙІНШІ» ЖОБАСЫ








Аллаға деген ұмтыластары ең көркем болған сахабалар кедей еді, бірақ жандары бай болатын, аш еді, қарындарына тас байлап жүретін, алайда, рухтарының тоқтығы оларды тоқтатпады. Нәтижесінде, өмірлік емтихандарын «үздік» деген бағаға тапсырып, шынайы әрі мәңгілік әлемге аттанды.


Иә, жаны бай, рухы тоқ адам уақытша сынақтарға жеңіл төтеп береді. Көңіл-күйіміздің жоқтығы, проблемаларымыздың көптігі, иманымыздың әлсіздігі –уайым-қайғы, көз жас, ашу, қасірет, мазасыздық, қысылу, үмітсіздік сезімдерімен жиі жолықтырады.


Айтыңыздаршы біздің қайсыбіріміз бұлардан аулақпыз?!


«Асыл арна» қолға алып отырған бұл жоба сырқат жүректерге, қиналған жандарға, қайғырып, үмітсізденген көңілдерге нәр беруді мақсат тұтады.


«Жүрегіңді сүйіншіле» жобасының сізге айтары: «Қуан, бақытты бол, жақсылыққа жоры, сабыр сақта» деу, яғни, қандай жағдайда да, риза, қуанышты болған күйде өмір сүруге үндейді. Сондай-ақ бұл жоба сіздің адамдармен, қоршаған ортамен, уақытпен болған қарым-қатынасыңыздағы жіберген қателіктеріңізді өңдеп береді. Осылайша сізді өмірмен қақтығысудан, тағдырға қарсы шығудан, қабылдамаудан қайтарады. Жай-күйіңіздің жақсы болатынына, өз қабілетіңізге сенуге, күш-жігеріңізді пайдалануға, кәміл сендіреді, тіршілік тауқыметін, өмірдің ауыртпалығын ұмытуға шақырады.


Қысқасы, жоба бақытты өмір сүруді армандаған әрбір саналы жанға арналады!





ӨТКЕНГЕ САЛАУАТ!





Өткен істі еске алып, оның қиын, келеңсіз кезеңдеріне қайғыру – ағаттық, адамның шабытын кесу, бүгінгі өмірді жою болып табылады. Негізінде әрбір саналы адам «өткен өтті, өкінгенмен пайда жоқ, өткенге салауат» деп, жылы жауып қояды. Оны мәңгіге ұмытуға тырысады. Өйткені, өткенге өкініп, қаншама қайғырғанмен ол орнына қайта келмейді, уайымдағанмен түзелмейді. Ол енді келмеске кеткен, жоқ нәрсені іздеме. Өткеннің елесінен өзіңді құтқар. Сен өзенді кері, күнді шыққан жеріне, сәбиді ана жатырына, сүтті емшекке, жасты көзге қайтара аласың ба?! Сенің өткенді ойлап сары уайымға салынуың, өткен істің майында шыжғырылуың қорқынышты да аянышты жағдай.


Алла Тағала өткен халықтар жайында, олардың істері жайында айта келіп: «Олар өтіп кеткендер» деді. Енді тарих дөңгелегін артқа қайтарудың пайдасы жоқ.


Өткен іске қайта оралып жатқан адамның мысалы, тартылған ұнды қайта тартып жатқан немесе араланған ағаш үгінділерін қайта аралап жатқан адамның мысалындай. Баяғыда біреу өткен іске қайғырып жылап жатқан адамға: «Мұныңмен сен өлгендерді қабірлерінен шығара алмайсың»- деген екен.


Біздің бір кемшілігіміз – бүгінгіні қойып, өткенмен айналысамыз. Ал, негізінде барша адамзат пен жындар жиналса да, өткен істі мүлдем кейінге қайтара алмайды. Өйткені, кері қайтару – мүлде мүмкін емес нәрсе.


Негізінде адамдар артқа бұрылмай, алға жүрулері керек. Өйткені, самал алға қарай еседі, су алға қарай ағады, кереуен алға қарай жүреді. Олай болса, сен де өмір заңдылығына қарсы шықпа!





БҮГІН – СЕНІҢ КҮНІҢ!





Сенің күнің – күн шығып тұрған осы бүгінгі күн. Өмірің бір-ақ күн. Сондықтан сен бүгін туылып, бүгін өлетіндей өмір сүр, соған амал жаса. Сонда сен өткеннің уайым-қайғысы, келер күннің қорқынышты елестері арасында сүрінбейсің. Бар күш-жігеріңді, ынта-талабыңды бір-ақ күнге жұмса. Осы күнде шын ықыласпен намаз оқы, ойланып құран оқы, шын жүрекпен Алла Тағаланы еске ал, атқарар істеріңді дұрыс орында. Жайдары мінезді бола біл. Барға риза, қанағат қыл. Өзіңе, сыртқы көрнісіңе: киім-кешегіңе, жүріс-тұрысыңа мән бер. Үйіңді тазала! Өзгелерге пайдаңды тигіз. Бүгініңді әйел, бала-шағаң, үйің, жұмысың, рызық-несібең, білімің бар екенімен қуанып, риза болған күйде өткіз. Көкейіңе жақсы сипаттарды қондырып, тәкаппарлық, менмендік, ішіқаралық сияқты жаман сипаттарды алып тастауға тырыс!





Егер бүгін ыстық, жұмсақ, дәмді нан жесең, кешегі жеген қатқан нанды немесе ертең жейтін белгісіз нанды ойлауыңның не қажеті бар?! Егер бүгін таза, мөлдір су ішіп отырсаң, кеше ішкен тұзды су үшін неге уайымдайсың?! Негізінде сен егер нәпсіңді болаттай берік мақсатпен бекем ұстар болсаң, нәпсіңді «Мен бүгін ғана өмір сүрем» деген тұжырымға бағындыра аласың. «Бүгін ғана өмір сүрем, сондықтан, ей, өткен күн, күнің батып, жоқ болғандай, өзің де жоқ бол. «Сен» деп жыламаймын. Сені бір сәтке еске алып отырмаймын. Себебі, сен бізді тастап кеттің! Енді бізге мүлде қайта оралмайсың. Ал, ей, болашақ, сен бізге әлі көмескі әлемсің. Сондықтан, мен елеспен әуреленбеймін. Жоқ нәрсенің дүниеге келуіне мүлде асықпаймын. Ертең – жоқ нәрсе, әлі дүниеге келмеді. Ол әлі еске алатындай бола қойған жоқ» дер едің. «Сенің күнің – бүгінгі күн!» Ей, адам баласы, бұл бақытты болу жолында ең әдемі күйде өмір сүруді қалағандар үшін сөздіктегі ең әдемі сөз осы шығар.





Істің болар сәті келгенше асықпа. Сен ана ішіндегі шарананы әлі жетілмей тұрып дүниеге әкелмексің бе?! Немесе жемісті піспей тұрып жинамақсың ба?! Негізінде «ертең» деген – дәмі, түр-түсі болмаған, мүлде жоқ нәрсе. Олай болса, неге оны ойлап, әуреленеміз, неге қайғы-қасіретін уайымдап, қиындық күтеміз?! Біз әлі ертеңге жетеміз бе, жоқ па, ол қуанышты күн бола ма, әлде қайғылы күн бола ма, білмейміз ғой?! Көпірге жетпей тұрып, одан өте алмаймыз. Өйткені, көпірге жетпей тұрып тоқтап қалатын шығармыз немесе біз жеткенше көпір құлап түсетін шығар немесе көпірге жетіп, аман-есен өтетін шығармыз, кім біледі?! Ертеңгі күн – ғайып нәрсе, Алланың ісі.


Негізінде болашақ жайлы ойлауға көп мүмкіндік беру және көмескі жайттар кітабын ашып алып, болуы мүмкін болған жағдайларды ойлап, сары уайымға салыну – шариғат бойынша дұрыс емес. Өйткені, бұл шектен тыс көп үміттенуге жатады. Сонымен қатар болашақты көбірек ойлау ақыл тарапынан да дұрыс емес. Өйткені, бұл көлеңкемен қақтығысқанмен бірдей.





Қаншама адамдар «ертең аш қаламыз» немесе «бір жылдан кейін ауырып қалар ма екенмін», «жүз жылдан кейін дүние бітіп қалар ма екен» деп көз жасын төгіп, уайымдайды. Негізінде өмірі Алланың ғана қолында болған адамға жоқ нәрсе үшін уайымға салыну және қашан өлетінін білмесе де, негізсіз, жоқ нәрсемен айналысу мүмкін емес! Бұл – шайтаннан болуы да мүмкін: «Шайтан сендерді кедейлікпен қорқытады және бұзақылыққа бұйырады. Ал, Алла сендерге Өз жағынан жарылқау және мархабатты уәде етеді....». («Бақара» сүресі, 268-аят). Сондықтан ертеңді келгенше қоя тұр. Ол жайлы сұрап, келуін күтпей-ақ қой. Өйткені, сен бүгінмен әуресің. Ал, әлі таңы атып, күні шықпаған күндерін қалай өткізетіндерін уайымдап, қайғырып жатқандардың ісі нендей таңданарлық?! «Алланың әмірі келді. Сондықтан оның тез болуын сұрамаңдар...». («Нахл» сүресі, 1-аят).





НЫҒМЕТТЕР СЕНІ ЖАН-ЖАҒЫҢНАН ҚОРШАП ТҰР!








Денің сау, аспаның ашық, киімің бүтін, тамағың тоқ, ішер суың, дем алар ауаң бар. Демек, сенің қасыңда қажет нәрсенің бәрі бар, өзің сезбей тұрсың.


Сенде екі көз, екі құлақ, екі қол, екі аяқ, екі ерін, тіл бар.


Сенің өз аяқтарыңмен жүріп-тұрғаның жай ғана нәрсе ме?! Сен ұйқың қанып тұрасың, ал көптеген адамдардың ұйқыларын ауру қашырған... Сен тойып ішіп-жеп жатырсың, көптеген адамдар ауру-сырқау болғандықтан жеп-іше алмай жүр емес пе?! Құлағың жайлы ой жүгірт, керең емессің. Көзің жайлы ойлап көр, соқыр емессің. Теріңе қара, алапес емессің. Ақыл-ой төңірегінде ойлан, ессіз жынды емес, саналы жансың. Сол ақылмен қаншама байлық-нығметтерге бөленіп жатырсың. Бір көзіңнің есесіне таудай алтын берем десе де, беруге келісер ме едің?! Құлағыңды екі таудай күміске сатар ма едің?! Тіліңді беріп, патшалар сарайында тілсіз отыруға келісер ме едің?! Қолдарыңның есесіне алтын-күміс, маржан-жақұт берсе, қолсыз қалуға келісер ме едің?! Сенің бойыңда не деген байлық бар, бірақ оны өзің сезбейсің. Қайғырып, уайымдап, тынышсыз өмір сүресің. Дүние тіршілігінің кері кеткеніне уайымға салынасың. Сенің қасыңда бақыттың кілті, таудай талант, барша жақсылық тұр емес пе?


Олай болса, ойлан да, шүкіршілік ет, тәубе де! «...Олар Алланың нығметін біледі де, кейін оған қарсы келеді...». («Нахыл» сүресі, 83-сурет).





СЫНҒА САБЫР САҚТА!








Кей адамдар ризық Беруші, Жалғыз Жаратушыны сөгіп, балағаттайды. Ал, әділетсіз, тұла бойымыз кемшілікке толы болған біз олардан не күтеміз?!


Сондықтан да, өмірде кешірімі жоқ, аяусыз ащы сындардан тұратын қақтығысқа жолығарың сөзсіз. Сен жерге кіріп немесе көкке ұшып құтылмасаң, олар сен жайлы әңгіме айтуларын тоқтатпайды. Адамдар арасында болсаң, ренжітетін, жылататын, жүрегіңді ауыртатын, тыныштығыңды бұзатын істерді күте бер.


Негізінде жерге отырып алған адам құламайды. Адамдар өліп жатқан итті теппейді. (Яғни, сен пәс, өлік ит сияқты болсаң, саған тиіспейді). Бірақ сен олардан игілік, білім, әдеп, мал-дүние жағынан озып кеткенің үшін, олар саған ашуланып, күндеп, жек көреді. Сен өз бойыңдағы бүкіл жақсы сипаттарыңды, талант-қабілеттеріңді, Алланың берген нығметтерін тастап, ақымақ болмағаныңша, олардың қасында күнәсі кешірілмес күнәһар болып табыласың. Шын мәнінде олар сенен осыны қалайды. Ендеше сен олардың сөздеріне, сындарына, кемсітулеріне төзе біл!


Егер сен олардың сөздеріне құлақ асып, жан күйдіретін болсаң, өміріңді лайлатып, олардың мақсаттарының орындалуына көмектескен боласың. Сондықтан, көркем түрде кешір. Олардан бет бұр. Олардың айла-қулықтарынан мазасызданба. Олардың ой-өрістерінің тарлығы салдарынан сынап жатқандары – саған берілген жақсы баға. Салмағыңа қарай осындай сындар болады. Сен олардың ауыздарына қақпақ бола алмайсың. Олардың тілдерін мүлдем байлап қоя алмайсың. Бірақ, олардың сындарын, айыптауларын көміп тастауға, сөздеріне мән бермеуге шамаң жетеді. Тіпті сенің өз жақсылықтарыңды молайтып, қателіктеріңді түзетумен олардың үндерін өшіруге шамаң жетеді. Ал, егер сен жұрттың бәріне сыйлы, қате-кемшіліктерден таза болуды қаласаң, онда сен мүмкін болмаған нәрсені қалаудасың...





ЕШКІМНЕН ЖАРЫЛҚАУ КҮТПЕ!








Алла Тағала пенделерді Өзін еске алулары үшін жаратты. Өзіне шүкіршілік етулері үшін бүкіл жан иесіне ризық берді. Алайда, кей пенделер Алла Тағаладан басқаға сыйынып, басқаға шүкірлік етті...


Егер сен адамдарға жақсылық жасағаныңмен, олар сенің жақсылығыңды білмесе, жасағандарыңды жоққа қылса, тіпті, саған қарсы шықса және бұның бәрі сенің оларға жақсылық жасағаның үшін ғана болса мына аятты еске ал!


«Алла Өз кеңшілігінен байытқаны болмаса, олардың Алла және Оның елшісіне (басқа) тағар кінәсі болмады» («Тәубе» сүресі, 74-аят). Ендеше, сен қақтығысқа таңданба! Назар салсаң, өмірге әкеліп, тәрбиелеп, аузынан жырып тамақтандырып, оқытып, өзі шаршаса да ұлым демалсын деп, өзі ұйықтамаса да, ұлым ұйықтасын деп, перзентінің қамын жеген әкенің ұлы ер жетіп, мұрты шығып, білегіне күш бітіп, есейген шағында құтырған иттей, әкесіне қарсы шығып, оған бағынбай, дауыс көтеріп, не деген азапты күндерді басына салып жатқанын кездестіресің.


Сондықтан, жақсылықтары босқа кеткен жандар, байлығы таусылмайтын, Ұлы Жаратушы қасында сауапқа ие болатынымен қуанып, тынышталсын! Әрине, бұл сөздер сені басқаға жақсылық жасамауға үндеп отырған жоқ. Сенің жақсылықты білмей, қарсы шығатындарға тап болатыныңды ескертіп, сені олардың кертартпа тірліктеріне мазасызданбауға үндейді.


Ниетіңді түзе де, Алла үшін жақсылықты жасай бер. Өйткені, қалай болғанда да жеңіс иесісің. Жек көрушілер мен жақсылығыңды білмеушілердің саған зияны жоқ. Сені осындай игі етіп қойған Аллаға шүкір ет! Ұзын қол – қысқа қолдан артық. Ұраның: «...Шын мәнінде сендерді Алланың ризалығы үшін тамақтандырамыз. Сендерден сый да, алғыс та қаламаймыз» болсын! («Инсан» сүресі, 9-аят).


Көптеген саналы адамдар ақылы таяз адамдардың жақсылықты білмеулеріне таңданады. Олар адам баласының осындай шүкірсіз, қарсы шығушы сипатта болатыны айтылған мына аятты естімеген сияқты: «Қашан адам баласына бір зиян жетсе, жатса да, отырса да, тұрса да бізге жалбарынады. Алайда, қашан одан зиянды айықтырсақ, тіпті оған тиген зиянды айықтыру үшін бізге жалбарынбағандай-ақ кете береді...». («Юнус» сүресі, 12-аят). Сондықтан, егер сен бір ақылсызға қалам бере тұрсаң, онымен өзіңе қарсы жазса немесе бір опасызға сүйеніп жүруі немесе қойын айдауы үшін бір таяқ берсең, онымен өзіңнің басыңды жарса, бұл жағдайға таңданба. Себебі, бұндай төмен адамдар Жаратушының жақсылығын мойындамайды. Менікі мен сенікін қалай мойындасын?





ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАУ – ХОШ ИІСТІ ӘТІР








Адамдарға жасалынған жақсылықты пайдаланатындардың алғашқысы – жақсылықты жасаушының өзі. Өйткені, ол бұл жақсылығының жемісін ішкі дүниесінде көреді. Көңілінің ашылып, ішкі жан дүниесінің тынышталғанын байқайды. Сондықтан, саған бір уайым-қайғы, ауру жететіндей болса, дереу жақсылық жасап жібер. Жоқ адамға бер, жәбірленгенге жәрдемдес, қиналып тұрғанды құтқар, аш адамды тойдыр, науқас жанның халін сұра, қиналғанға демеу бол. Сонда алды-артыңнан сені қуаныш қоршап алғанын байқайсың.


Негізінде жақсылық жасау – хош иісті әтір тәрізді. Әтір көтеріп жүргенге де, сатқанға да, сатып алғанға да бірдей пайдасын тигізеді. Жақсылық жасаудың көңілге демеу болар әсерін, пайдаларын игілік нұрынан жүректері мейірімге толған адамдардың өмірін көруге болады.


Қабақты түйіп алу – басталуын бір Алла ғана білетін, басқаларға соғыс жариялаумен тең. Хадисте айтылғанындай, жезөкше әйел бір шөлдеген итке су бергені себепті Жәннатқа кіріп кеткен. Өйткені, сауапты беруші – кешіре білетін, жақсылықты сүйетін, Мақтаулы, Ұлы Алла.


Ей, бақытсыздыққа ұрынып, қорқыныш-қиындықтарымен күйзеліп жүрген жандар, келіңдер, өзгеге көмектесіп, демеу болыңдар. Сонда нағыз бақытқа кенеліп, оның дәмін татасыңдар:


«Біреулерге беруге міндетті болмаса да, ол тек аса жоғары Раббысының дидарына ұмтылып қана (береді). Әрі ол сөзсіз, жақында разы болады» («Ләйл» сүресі, 19-21-аяттар).





БОСТЫҚ, ҚАПЕРСІЗДІК – ШЕБЕР ҰРЫ





 





Өмірдегі қолы бос адамдар – өсек-өтірік, әңгіме-дүкен құратындар болып келеді. Өйткені, олардың ойлары жан-жаққа шашырап кеткен. Негізінде ойдың ең қауіпті кезі – иесінің қолы бос кезі. Ондай кезде ой оңға-солға шайқалып, жүргізушісіз тез жүріп бара жатқан көлік тәрізді болады.


Қолың бос болған кезде уайым-қайғы, қорқынышты қарсы алуға дайындала бер. Өйткені, қолдың бостығы – саған өткеннің де, қазірдің де, келешектің де кітабын алдыңа ашып береді де, сені қиын жағдайға салып қояды.


Ендеше бекерге жүрудің орнына пайдалы бірер іспен айналыс. Бос жүріс – аз уақыт тыныштандыратын уколмен өзін-өзі өлтіру қатарында. Бұл бостық қытай абақтыларындағыдай қарапайым тәсілмен азаптау іспетті. Онда тұтқындарды жазасына қарай әр минут сайын бір тамшы ғана таматын кранның астына қояды. Сонда тұтқын тас төбеден таматын тамшыларды күту кезінде-ақ жындануға душар болады екен.


Бостық, қаперсіздік – шебер ұры. Ал сенің ақылың – осы қияли соғыстың құрбаны.


Ендеше, орныңнан тұр да Құран немесе намаз оқы, зікір айт немесе пайдалы кітапты парақта, жаз немесе үйіңді жина. Әйтеуір бірер пайдалы іспен айналыс! Бекершілікті жұмыспен шұғылданумен бауызда. Жер шарындағы дәрігерлер бақытты, қуанышты болудың елу пайызы осы жолмен болатынын сендіре айтады. Диқандарға, наубайларға, жұмысшыларға қарашы... Олар көңілді, жұмыстарын қызу атқаруда. Ал сен болсаң төсегіңде көз жасыңды сүртіп, уайымдап жатырсың....





СЕН ӘЛЕМДЕ ҰҚСАСЫ ЖОҚ ЖАНСЫҢ!





Алма болсаң, алмұрт болуға тырыспа!


Басқа тұлғалардың кейпіне еніп, өз болмысыңды өзгертпе. Шын мәнінде, бұл – нағыз азап. Өзгелердің кейпіне ену үшін өзін, дауысын, қимылын, қабілетін, сөздерін ұмытып жататындар көп-ақ. Олар еліктеу, ұқсату әрекеттерімен өз болмыстарын жоюда. Адам атадан бастап соңғы жаратылысқа дейін екі адам бір бейнеде жаратылған емес. Бейне сондай болса, қабілет, мінез-құлық қайдан бірдей босын?!


Сен – тарихта әлі күнге дейін ұқсасы болмаған жансың әрі мүлде болмайтын жеке бір жаратылған әлемсің. Сен Қайрат, Талғаттардан мүлдем өзгесің. Ендеше, өзіңді өзгеге ұқсатамын деп қиналмай-ақ қой. Өз жаратылысыңмен, өз болмысыңмен өмір сүр, өз егемендігіңді тұншықтырма.!


Дауысыңды, жүріс-тұрсыңды өзгертпе. Өзіңді Құран, хадиспен тәрбиеле. Сенің өзіңе тән болмыс-бітімің, түр-түсің бар. Біз сенің сол табиғи қалпың, табиғи түр-түсіңде болуыңды қалаймыз. Өйткені, сен солай жаратылғансың. Сені осындай сипатпен таниды. Хадисте де «Сендердің біреулерің жағымпаз болмаңдар» деп бұйырылған.


Негізінде адамдар жаратылысы мен болмысы тұрғысынан тәтті, қышқыл, ұзын, қысқа ағаштарға ұқсайды. Олай болса, сен егер алма болсаң, алмұрт болуға тырыспа. Өйткені, сенің сұлулығың, дәмділігің – алма екендігіңде. Әсілінде, біздің түр-түсіміздің, тіліміздің, қабілетіміздің, шама-шарқымызыдың әр түрлі болуы – Алла Тағаланың белгі-мұғжизаларынан. Ендеше, Алла Тағаланың мұғжизасын жоққа шығарма.





ҚАЙҒЫНЫ – ҚУАНЫШҚА, ҚИЫНДЫҚТЫ – ЖЕҢІЛДІККЕ АЙНАЛДЫР





«Жер бетіне және сендердің өздеріңе болатын әрбір қиыншылық – Біз оны пайда етуден бұрын Кітапта жазылып қойылған. Ақиқатында, бұл Аллаға жеңіл» («Хадид» сүресі, 22-аят).


Яғни, тағдырлар жазылған, қалам көтеріліп, сия кепкен. «Бізге Алланың жазғанынан басқа нәрсе тимейді» («Тәубе» сүресі, 51-аят). Пешенеңе жазылған нәрсе болмай қоймайды. Осы түсінік сенің көкейіңе орналасып, жүрегіңнен мықты орын алар болса, онда қайғы – қуанышқа, қиындық – жеңілдікке айналады. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқандай: «Алла Тағала кімге жақсылықты қаласа, соны қиындыққа, сынаққа душар етеді». Сондықтан, саған бір дерт немесе бірер жақын адамыңнан айрылу немесе мал-дүниеңнің зиянға ұшырауы немесе үйіңнің өртеніп кетуі сияқты қандай да бір ауыр қайғы-қасірет жетсе, сол нәрсені Жаратушы саған тағдыр еткен, соны қалаған болады.


Қалау – Аллаға ғана тән. Тағдырдың басқа салғанына төзе білген адамға сауап жазылады, күнәлары жойылады. Олай болса, риза болып, сабыр сақтап, төзе білгендердің сый-сияпаттар құтты болсын! «Ол (Алла) не істегенінен сұралмайды. Ал, олар (жаратылғандар) сұралады» («Әнбия» сүресі, 23-аят).


Тағдырға сенбейінше жүйкең тынышталып, көңілің жай таппайды. Саған лайықты болған нәрсе жазылып қойылған. Ендеше, оған қайғырып, өкінбей-ақ қой. Сен «құлап бара жатқан қабырғаны, құлатпай ұстап қалар едім, төгілген судың төгілуіне жол бермес едім, желдің тұруын тоқтатып қалар едім, әйнекті сындырмай алып қалар едім» деп мүлдем ойлама. Қалай болғанда да, сен де, мен де қаласақ та, қаламасақ та, бұйырғаны болады. Бойыңды ашу-ыза, өкініш пен күйініш билемей тұрып, тағдырға бойұсын!


Демек, жан-жақты сақтық шараларын жасап, бар күш-жігеріңді жұмсағаныңнан кейін де, сен сақтанған іс болып жатса, онда көңілің тынышталсын. Өйткені, бұл болуы керек іс. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйреткендей, ешқашанда «Егер мен былай-былай жасағанымда, мынадай-мынадай болар еді» деме. Бәлкім, Алланың тағдыры сол шығар, Оның қалағаны болады» де.





ҚИЫНДЫҚПЕН БІРГЕ ЖЕҢІЛДІК БАР





Ей, адамзат! Аштықтан кейін тоқтық, шөлден кейін шөлдің қануы, ұйқысыздықтан кейін қанып ұйықтау, дерттен кейін айығу бар. Кеткен адам жуырда келеді, адасқан адам жолын табады, қараңғылық сейіліп, таң атады.


Түнді таулардың асқар шыңдарынан, ойпаттар баурайынан ығыстырып шығаратын таңмен сүйіншіле. Қайғырып тұрған адамды жарықтың жылдамдығындай қас-қағым сәтте келіп қалатын кеңдік-жеңілдікпен сүйіншіле. Қиналып тұрған жанды шуақты мейіріммен, аялы алақанның сипауымен сүйіншіле. Егер ұзыннан-ұзақ созылып жатқан шөл даланы көрсең, оның аяқ жағында жасыл-желекті орманның, салқын-саялы бау-бақшаның бар екенін біл. Жоғары өрлеген сайын тау шыңының бітерін біл.


Көз жастан кейін күлімсіреу, қорқыныштан кейін қуаныш, жайсыздықтан кейін жайлылық болады.





Шынында, өздерінің қиын жағдайларына құл болып қалған адамдар ғана бақытсыздық, қиындықты көреді. Себебі, олар бөлменің қабырғасына, үйдің есігіне ғана қарайды. Олар көздерін қабырғалар артына жүгіртсін.


Ендеше, қысылып, уайымға салынба! Өйткені, бір жағдайдың үнемі жалғаса беруі мүмкін емес. Жақсылық, кеңшілікті күту – ғибадаттың ең абзалы. Күндер өтеді, заман өзгереді. Ғайып көзге көрінбейді. Аса Дана Жаратушы күнде шұғыл. Осыдан кейін Алла Тағала бірер істі пайда қылса, ғажап емес. «Шын мәнінде қиыншылықпен бірге жеңілдік бар». («Шарх» сүресі, 6-аят)





ЛИМОННАН ТӘТТІ СУСЫН ЖАСА








Нағыз саналы, зерек адам зиянды нәрселерді пайдалы іске жаратады. Ал, санасыз, надан бір қайғыны екі қайғыға айналдырады.


Егер сенің басыңа бақытсыздық туса, оның күн шығыс тарапына қара. Егер саған біреу бір стақан лимон суын ұсынса, оған бір уыс қант қос. Егер саған біреу улы жылан ұсынса, оның бағалы терісін ал да, қалғанын таста. Егер сені шаян шағып алса, бұны жыландар уына қарсы вакцина екенін және қорғаныс екенін біл. Қиын кездеріңде қуанып, қиындықты гүлге айналдырып, бізге сыйла. «...Сендер бірнәрсені ұнатпағанмен, ол сендер үшін қайырлы болуы мүмкін» («Бақара» сүресі, 216-аят).


Сондай-ақ қайғының басқа жағына да назар аудар. Негізінде жамандық емес, жақсылық, сауап, жеңіс болуда.





ҚИНАЛҒАНДАР ЖАЛБАРЫНҒАНДА ҚАБЫЛ АЛАТЫН КІМ?



Recent Posts

Мұса пайғамбар (оған ...

Мұса пайғамбар (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы 4

Мұса пайғамбар (оған ...

Мұса пайғамбар (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы 3

Мұса пайғамбар (оған ...

Мұса пайғамбар (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы 2

Мұса пайғамбар (оған ...

Мұса пайғамбар (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы 1