Articles

 





Амалдарды орындауда ыждағаттылық таныту





Иман әлсіреген уақытта оған бірден ем жүрмейді. Ол біраз уақыт бойы емделіп, жасқсарып кеткенімен, көп ұзамай әлсірейді. Сондықтан иманды үздіксіз оятып отыру керек. Ал, иман құлшылық етумен артады, күшейеді. Аллаһ Тағала Өзі жақсы көрген пенделерінің ғибадаттарын былай сипаттаған: «Шын мәнінде аяттарымызға, өздеріне үгіт берілген кезде сәждеге жығылып, Раббыларын мақтап, пәктейді. Сондай-ақ, тәкаппарланбай иман келтіреді. Олардың жамбастары төсектерінен ажырап (түнде ұйқыдан тұрып) Раббыларынан қорқа – дәмете жалбарынады. Сондай-ақ олар берген несібемізден тиісті орынға жұмсайды» (Сәжде сүресі, 15-16 аяттар).





«Олар түнде аз ғана ұйықтаушы еді. Олар таң сәрілерде жарылқау тілеуші еді. Олардың малдарына сұраушыға да сұрамағанға да тиесі бар» (Зәрият сүресі, 17-19 аяттар).





Өзге мұсылмандардан үлгі алу





Бұрыңғылардың ғибадаттарына назар салу – адам баласын таңдандырады және соларға ілесуге итермелейді. Олар Құранның жетіден бірін күнде оқитын, соғыс болып жатқан түнде де намазға тұратын, абақтыда отырса да Аллаһты еске алып, тәһәжжүд намазын оқитын. Намаздарында сап түзеп, көздерінен жас таматын және аспан мен жердің жаратылысы жайлы көп ойланатын. Әйел адам сәбиін алдағандай, әйелдерін алдауға тырысатын: әйелінің ұйықтап қалғанын білсе, оның құшағынан қашып, намазға тұратын. Күндізгі уақыттарын ораза ұстауға, білім ізденуге, үйретуге, жаназа намазына қатысуға, адамдарға көмектесуге көп көңіл бөлетін. Кейбіреулер жылдар өтсе де намаздың алғашқы тәкбіріне кешікпеген, әрі жамағат намазынан қалмаған. Олардың жүректері мешіттерге байланған. Мешітте отырып бір намаздан кейін екінші намазды күткен. Ал егер де олардың бірі қайтыс болса – бауырларының жоғын білдірмей, өзге біреуі оның балаларын жылдар бойы асырап отыратын. Кімде-кімнің жағдайы осы тектес болса оның иманы артқан үстіне арта түседі.





Ғибадаттарды шектен тыс ауырлатпау





Ғибадатты үздіксіз орындаудағы мағына – жанды шаршатып, ығырын шығару емес, мақсат – құлшылықты үзбеу. Мұсылман құлшылық етуде шамасынан тыс нәрсені мойнына жүктемеу керек. Бұған Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Шын мәнінде дін жеңіл. Оны кім ұстанса, жеңеді, сол үшін дұрысталыңдар және дайындалыңдар» (Бухари/39) және «орташа, орташамен жетесіңдер» (Бухари 60/99), - деген тәрізді бірнеше хадисі дәлел бола алады. Әл-Бухари өзінің кітабының «Ғибадатты қиындатудағы мәкруһ нәрселер» атты бабында Әнәс ибн Мәликтен жеткен мына бір хадисті келтіреді: «Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) үйге кіргенде екі тіректің ортасында байланып тұрған жіпті көрді де: «Бұл қандай жіп?» - деп сұрады. Оған сахабалар: «Бұл Зейнептің жібі. Әлсіреп қалған кезінде сол жіпке сүйенеді», - дейді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Жоқ, шешіңдер оны. Әрбіріңіз өз ынтасымен намаз оқысын. Егер әлсіресе, отырсын», - деген (Бухари 1099). Сондай-ақ Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Абдуллаһ ибн Астың түні бойы намаз оқып, күні бойы ораза ұстап жүргенін білгенде оны сол ісінен тоқтатқан. Бұнысын Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер сен оны істесең, көзіңді әлсіретіп, жаныңды шаршатасың», - деп түсіндірген. Бұған қоса, Аллаһтың елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Өздеріңе шамаларың келетінді жүктеңдер. Шын мәнінде сендер өздеріңді-өздерің мезі қылмасаңдар, Аллаһ сендерді мезі қылмайды. Расында Аллаһ аз болса да, үздіксіз, ұдайы орындалған амалдарды жақсы көреді» (Бухари 3/38) – деп жоғарыда келтірген хадисті бекіте түскен.





Жасалмай қалған ғибадаттардың орнын толтыру





Омар ибн Хаттабтан (оған Аллаһ разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім түнгі Құранын оқудан немесе соның бір бөлігін оқудан ұйықтап қалса, кейін соны таң намазы мен бесін намазының арасында оқыса, оған сол оқығаны-түнде оқығанындай жазылады», - десе, Аишадан (оған Аллаһ разы болсын) жеткен хадисте: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын), егер бір намаз оқыса, оны үздіксіз оқитын. Егер түнгі намаздан ұйықтап яки, науқастанып өткізіп алса, күндіз он екі ракағат намаз оқитын». Умму Сәләмә Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) аср намазынан кейін екі ракағат намаз оқып жатқанын көргенде, одан осы намаз жайында сұрады. Оған Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Ей, Әбу Умайаның қызы! Сен асрдан кейінгі екі ракағат намаз жайлы сұрап жатырсың. Абулқайстан маған адамдар келген еді. Олар менің бесіннен кейінгі екі ракағат намазынан бөлді. Міне осы сол намаз» (Бухари 3/105) – дейді.





Егер Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бесіннің алдындағы төрт ракағат намазды оқи алмай қалса, оларды соңынан оқитын. Келтірілген хадистер сүннет намаздарының қазасын өтеуді нұсқайды. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) нәпіл оразаның да есесін текке жібермеген. Әсіресе, Шағбан айында көп ораза ұстайтын. Онысын ибн Әл-Қайим үш түрлі себеппен түсіндіреді. Біріншіден, ол кісі әр айдың үш күнінде ораза ұстайтын, екіншіден, кейбір айларда ораза ұстай алмаған болуы мүмкін, үшіншіден, басқа айларда ұстай алмаған оразалардың барлығын парыз оразадан бұрын өтемекші болған. Сондай-ақ Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бірде Рамазан айының соңғы он күнінде иътикаф жасай алмай қалып, келесі жылы жиырма күн иътикаф жасаған.





Ғибадаттардың қабыл болмай қалуынан қорқып, олардың қабыл етілуін тілеу





Әрбір мұсылман ғибадаттарды Раббысының қабыл алмай, қайтарып жіберуінен қорқу керек. Бірде Аиша (оған Аллаһ разы болсын) «Мен Аллаһтың Елшісінен (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында не берсе де Раббыларына қайтуларынан жүректері қорқып, бергендер» (Мүминун сүресі, 60 аят). Яғни міндет етілген амалдарын толық орындаса да жүректерінде қобалжу болғандар деген аят турасында «бұлар сондай ішімдік ішіп, ұрлық қылатындар ма?» - деп сұрағанымда Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Жоқ, әй, Сыддықтың қызы! Олар ораза ұстап, намаз оқып, садақа беретіндер. Сонымен бірге өздерінен қабыл болмай қалуынан қорқатындар. Олар жақсылықтарда жарысатындар», - деді (Тирмизи 31/75).





Әбу Дарда: Аллаһ Тағала менің бір намазымды қабыл еткенін білу, маған осы дүние және ондағы нәрселердің барлығынан да артық. Расында Аллаһ былай дейді: «Аллаһ сөзсіз тақуалардан қабыл етеді» (Мәида сүресі, 27 аят).





Мүминдердің сипаттарының бірі – Аллаһ Тағаланың ақысы болған міндетінің алдында өзін кіші, төмен санау. Кімде-кім Аллаһты танып, нәпсісін білсе, оның бүкіл ғибадаттарына адамзат пен жындардың амалдарын қосса да аздық ететінін білер еді. Шынында да Аллаһ Тағала адам баласының амалдарын өзінің кеңшілігімен ғана қабыл етеді және жомарттығымен сауап жазады.





6. Ғибадаттардың әр түрлі болуы





Расында Аллаһ мейірімі мен даналығынан ғибадаттарды түрлендіріп қойған. Мәселен, намаз – тәнмен, зекет – мал-мүлікпен, қажылық – тәнмен де малмен де, ал Аллаһты еске алу мен дұға тілеу – тілмен орындалатын ғибадаттар. Оған қоса, ғибадаттар парыз бен сүннетке бөлінсе, сүннеттің өзі бекітілген (сүннет намаздың күніне оқылатын он екі ракағаты) және бекітілмеген (аср намазының алдындағы төрт ракағаты, дұха намаздары) сүннет болып жіктеледі. Сондай-ақ мәртебесі одан жоғары намаздар да бар. Мысалы, екі немесе төрт ракағат болып оқылатын түнгі намаз, немесе бір, үш, бес ракағат болып өтелетін үтір намаздары бірінен-бірі ерекшеленеді. Ғибадаттарды орындап жүрген адам олардың уақыттарына, тәртіптеріне, үкімдеріне қарай түрленетінін айырмашылықтарды байқайды. Мүмкін мұндағы хикмет – адамның шамасына сай болар. Себебі адамдар шамаларына қарай әрқилы болып келеді. Бір адамның істегенін екінші адам істей алмайды. Ғибадаттарының түрелеріне қарай жәннаттің есіктерін де түрлендірген Аллаһ пәк. Әбу Һурайрадан (оған Аллаһ разы болсын) жеткен мына хадисте Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Кім Аллаһ жолында екі әйеліне (тең) шығындалса, ол жәннат есіктерінен былай шақырылады: Әй, Аллаһтың құлы! Бұл істегенің жақсылық. Кім намаз орындап жүргендерден болса, намаз есіктерінен шақырылады. Кім Аллаһ жолында соғысқа шығып жүрген болса, жиһад есігінен шақырылады. Кім ораза ұстап жүргендерден болса, «раййан» есігінен шақырылады. Кім садақа беріп жүргендерден болса, садақа есігінен шақырылады» (Тирмизи, 1798). Мұндағы мақсат – әр ғибадаттың нәпіл түрлерін көбейту. Парыздар – барлық адамдарға бірдей міндетті. Олардың барлығын да орындау керек. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) айтқан: «Әке – жәннат есіктерінің ең қайырлысы» (Тирмизи, 1900). Яғни, ата-анаға жақсылық жасау – амалдардың ең абзалы. Ғибадаттарың осындай әртүрлі болуымен және Аллаһтың бұйрықтарына деген ұқыптылықтан кейін, нәпсісіне жеңіл келетін ғибадаттарды орындау арқылы иман ғибадаттардың біреуінен алмаған әсерін ғибадаттың басқа түрінен табуы мүмкін. Бұған мына екі мысалды келтіруімізге болады:





· Әбу Зәррдан риуаят етілген хадисте, Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Үшеуін Аллаһ сүйеді және үшеуін Аллаһ жек көреді. Аллаһ сүйетін үшеудің бірі – бір топ дұшпанға кезігіп достарын қорғап қалу үшін немесе оларға жол ашу үшін басын өлімге тіккен адам, ал екіншісі – бір қауым сапарға шығып, сапарлары ұзап жолда дем алу үшін тоқтап олардың ішінен бірі бөлініп шығып сапарларының сәтті болуы үшін намаз оқып, достарын ояту үшін ояу отырған адам. Үшіншісі – көршісінен жапа шегіп, тіпті оны өлім (алып) не көшіп кеткенге дейін сабырлық танытқан адам», - деген.





· Бір кісі пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) келіп, жүрегінің қарайып қалғанына шағымданыпты. Сонда Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) былай депті: «Жүрегіңді жұмсарып, қажетіңе жеткің келеді ме? Онда жетімге мейіріміңді түсіріп, басын сипа, өз тамағыңнан тамақтандыр. Сонда жүрегің жұмсарып, қажетіңе жетесің» (Табарани).





7. Белгілі бір істің соңы жамандықпен бітуінен қорқу, сақтану





Себебі, ол мұсылмандарды бойсұнуға итермелеп, жүректегі иманды жаңартады. Ал, істің соңының жаман болып аяқталуының себептері – иманның әлсіздігі және күнәға бату. Бұл жайында Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім өзін темірмен өлтірсе, сол темірін қолына алады да ішіне қадаған күйде тозақ отында мәңгі-бақи қалады. Кім у ішіп өзін-өзі өлтірсе, тозақ отында соны асықпай ішкен күйде мәңгі болады. Кім өзін таудан тастап өлтірсе, ол мәңгілікке тозақ отына тасталады» (Муслим, 109) – деген. Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) кезінде бір кісі кәпірлермен соғыста жүрген кезінде ол кісідей ешкім соғыспаған. Бірақ Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) ол жайлы: «Ол кісі тозақылардан», - деген. Сонда сахабаларының бірі сол кісінің ізінен түседі. Сол уақытта әлгі кісі қатты жарақат алып, ауруына шыдай алмай қылышын көкірегіне қояды да, соның үстіне жатып, өзін-өзі өлтіреді.





Ғалымдардың жазбаларында өмірінің соңы жаман болып аяқталған адамдардың мысалы көп кездеседі. Ибн әл-Қайимның «Дерт және дауа» атты кітабында мынадай оқиғаларды жазып кеткен: «Бір кісілерге өлім алдында: «Аллаһтан басқа еш бір құдай жоқ» деп айт деген кезде, ол: «мен оны айта алмаймын», - деген. Ал, біреулері өлерінде өлең айтқан. Саудасы Аллаһты еске алудан алыстатқан бір саудагерге өлер алдында: «Аллаһтан басқа еш бір құдай жоқ» деп айт дегенде, ол: «мына бөлігі жақсы, мынау саған лайықты, мынау оның сатып алғаны» деп қайтыс болған. Ал Насыр патшаның әскеріндегі біреуге баласы өлім алдында: «Әке, Аллаһтан басқа ешбір құдай жоқ» деп айт дегенде, ол: «менің патшам Насыр, менің патшам Насыр» деп өлген. Ал, біреуіне: «Аллаһтан басқа ешбір құдай жоқ» деп айт дегенде, ол: «Пәленшенің үйін жөндеңдер, пәленшенің бақшасында мына нәрсені істеңдер» деп кеткен. Ал, бір тәрбиешіге өлімінің алдында: «Аллаһтан басқа ешбір құдай жоқ» деп айт дегенде, ол: «оннан он бір» деп қайталай берген. Ал енді біреулерінің түстері өзгеріп, құбыладан бет бұрған» («Әд-Да’у уәд-дәуә», 170, 289).





Ибн әл-Жәузи, оған Аллаһтың рахметі болсын, айтады: «Мен көп жақсылық жасап жүр деп ойлаған адамым өлім аузында жатқанда: «Раббым, міне, Сол маған зұлымдық жасап жатқан» - дегенін естідім. Жоқ, Аллаһ оның сөзінен жоғары. Аллаһ ол кісіні өлім төсегінде жатқанда зұлымдық жасамады. Бұдан кейін ибн әл-Жәузи айтады: «Сол күннен алған әсерім осы күнге дейін мені уайымдатып, ойлантып жүр. СубханАллаһ, бұдан адамдар қаншама ғибрат көрді! Ал көрінбей кеткен өлім аузындағылардың жағдайлары қаншама?» (Сайдуль-Хатыр, 137).





8. Өлімді еске алуды көбейту





Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Өлімді еске алуды көбейтіңдер» - деген (Тирмизи, 2307). Өлімді еске алу – күнәлардан тыйып, иманды көбейтеді, жүректі жұмсартады. Кімде-кім тарығып жүргенде өлімді еске алса, бірден кеңшілікті көреді. Ал, егер кеңшілікте жүріп өлімді еске алса, таршылықты сезінеді. Өлімді еске түсірудің ең үлкен жолы – қабірлерді зиярат ету. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) былай деді: «Мен сендерді қабірлерді зиярат етуден тыйған едім. Ал, енді оларды зиярат етіңдер. Расында қабірлерді зиярат ету жүректі жұмсартады, көзге жас толтырады, ақыретті еске түсіреді. Оларды тастап кетпеңдер (оларды зиярат қылуға болмайды демеңдер)» (әл-Хаким, 1/376). Тіпті, кәпірлердің қабірлерін зиярат ету де рұқсат етілген. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) өз анасының қабірін зиярат етіп, өзін де басқаны да жылатқан. Ол (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Раббымнан анама истиғфар айтуға (күнәсының кешірілуін) рұқсат сұрадым. Рұқсат бермеді. Анамның қабірін зиярат етуге рұқсат сұрағанымда, рұқсат берді. Сондықтан да қабірлерді зиярат етіңдер. Расында олар өлімді еске түсіреді» (Муслим, 3/65).





Қабірлерді зиярат ету иманды күшейтудің жолдарының бірі. Қабірлерге барған кісі өлімді есіне түсірсе, ал қабірдегілер тірілердің Аллаһтан сол қабірдегі өліктер үшін рахмет, кешірім сұрап дұға, тілек етулеріне мұқтаж. Қалай зиярат етуді Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) былай көрсеткен: «Мүміндер мен мұсылмандардан болған осы қабір тұрғындары! Сіздерге Аллаһтың сәлемі болсын. Аллаһ бізден алдыңғыларға да бізден кейінгілерге де мейірімін түсірсін. Аллаһ қаласа, біз де сіздерге жетеміз» (Муслим, 974).





Қабірлерді зиярат етуге ниеттенген адам оның әдептерін ұстану керек: Аллаһ ризалығы үшін және қарайған жүрегін жаңарту үшін баруға ниет қылу. Зиярат етуші үлкен жетістіктерге жетіп, байлық жинап дүниеден озған бауырларының, құрдастарының жағдайларын ойласыншы: олар мақсаттарына жете алды ма, дүниелері де оларға пайда берді ме? Қабірде олардың жүздерінің сұлулығы мен дене мүшелері топыраққа көміліп, бөлшектенеді. Арттарынан әйелдері жесір, балалары жетім қалды. Жастық пен ден-саулыққа, бос сөз бен ойын-күлкіге алданған кездерін есіне түсірсінші. Сонда да ол қабірдегілердің қатарына қосылады. Өліктің екі аяғы шіріп, екі көзі ағып, тілін құрттар жегенін және топырақ тістерін жойғанын елестетсінші?





Кімде-кім өлімді еске алуды ұмытса, үш нәрсемен азапталады: тәубені кейінге қалдыру, жеткілікті нәрсеге қанағат етпеу, құлшылық етуде жалқаулану. Ал керісінше, өлімді еске алуды көбейтсе – тәубеге асығу, жүректің қанағатшылдығы, құлшылыққа деген ынтасы арту сияқты үш нәрсеге жолығады. Жанға әсер ететін көріністердің бірі – өлім аузындағы адамды көру. Адамның өлім алдындағы сәтін, жанының шығуын, қайтыс болғандағы жағдайын, өлімнен кейін барар жерін елестету – көздерге ұйқы жанға тыныштық бермейді. Бұлар адамның ақырет үшін амал жасауға ынта-жігерін оятады.





Бірде Хасан әл-Басри бір науқас адамның көңілін сұрауға барғанда, ол кісінің өлім алдында жатқанын көреді. Оның қиналып жатқанын көріп, үйіне түсі өзгеріп қайтады. Оған: тамақ ішіңіз – дегенде ол: «Тамақтарыңды өздерің ішіңдер. Аллаһпен ант етемін мен бір өлімді көрдім. Енді мен сонымен кездескенше амал қыламын» (Тазкира, 17) – деген.





Өлімді сезінудің тағы бір жолы – жаназа намазына қатысу, содан соң мәйітті қабірге апарып көму және оның үстіне топырақ тастау. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Науқастардың көңілін сұраңдар, жаназа намазына қатысыңдар. Ол естеріңе өлімді түсіреді» (Ахмад, 3/48), - деген. Жаназа намазына қатысудың сауабы өте көп. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бұл жайында былай деген: «Кім жаназа намазына үйінен қатысса, оған бір «қырат». Ал кім оны көмгенше куә болса, оған екі «қырат» сауап болады. «Екі қырат» дегеніміз не? Деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «екі үлкен таудай (сауап)», - деді.





Бұрынғылар күнәға батып жүрген адамға насихат айтқанда өлімді естеріне түсіретін. Ілгерідегі ғалымдардың бір жиналысында бір кісі: «екі көзіңе қойған мақтаны есіңе ал (мәйітті кебінге ораған кезде істелетін іс)», - деп насихат айтыпты.





9. Ақыреттегі үйлерді еске алу





Ибн әл-Қайим: «Егер (пенденің) пікірі дұрыс болса, онда міндетті түрде түсініктілік пайда болады. Онымен уәде мен үрейді, жәннат пен тозақты, Аллаһтың әулиелері мен жауларына не дайындағанын ұғады. Адамдардың Аллаһтың шақыруына қабірлерінен асығып шығып, оларды періштелер қоршап алғанын, және сот жүргізу үшін таразы орнатылғанын, парақтар ұшқанын көріп тұрғандай анық сенеді. Ол кісі барлығына куә болады да, ол ақыреттің ұзақтығын, ал дүниенің тез өтетінін түсінеді» (Мадарижус-Саликин, 1/123).





Аллаһ Тағала ақирет көріністерін «Қиямет», «Мүрсәләт», «Мутаффифин», «Тәкуир» сияқты сүрелерде сипаттаған. Сондай-ақ хадис шарифтерде де жәннат пен тозақ, қиямет туралы нақты сипаттамалар берілген. Осыларға қосымша ғалымдардың да кітаптарын оқу керек. Мысалы ибн әл-Қайимнің «Хади әл-аруах», ибн Касирдің «Ән-ниһая фил фитән уәл-мәләмих» және т.б.





10. Болмысқа байланысты аяттарға сәйкес амал жасау





Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қара бұлтты немесе желді көрсе түрі өзгеретін. Сонда Аиша (оған Аллаһ разы болсын): «Ей, Аллаһтың Елшісі! Адамдар қара бұлтты көрсе, онымен бірге жаңбыр келетін шығар деп қуанады. Ал, сізді оны жақтырмағаныңызды көремін», - дегенінде, Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Әй, Аиша! Оның ішінде тұщы су бар деп кім маған кепілдік береді. Уақытысында бір қауым желмен де азапталды ғой. Бір қауым бұлтты көріп: «мынау бізге жаңбыр алып келеді», - деген» (Муслим, 899). Сол секілді күн немесе ай тұтылса да Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қиямет келді деп ойлап, қорқатын болған (Фатхуль-Бари, 2/545). Сонымен қатар Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) күн тұтылса, қорқынышпен намаз оқуды бұйырған: «Бұл дәлелдер – Аллаһтан, осы арқылы Ол құлдарын ескертеді», - деп түсіндірген. Осы көріністермен жүректі қорқыту – иманды арттырады. Олар Аллаһтың азабы мен ашуы және күшін еске салады. Осындай кездерге байланысты Аиша (оған Аллаһ разы болсын) айтқан хадисте: Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) менің қолымнан ұстады да кейін айды көрсетіп: «Әй, Аиша осының кесірінен Аллаһтан пана сұра, қараңғылықтың басқан сәті осы» - деді (Ахмад, 6/237).





11. Аллаһты еске алу





Бұл жүректің шипасы, ізгі істердің рухы. Аллаһ Тағала айтады: «Әй, Мүміндер! Аллаһты өте көп еске алыңдар» (Әхзәб сүресі, 41 аят). Кімде-кім Аллаһты еске алуды көбейтсе, оған құтылу уәде етілген: «Аллаһты көп еске алыңдар, әрине құтыласыңдар» (Әнфал сүресі, 45 аят) – деп, еске алудың ең үлкен нәрсе екенін айтқан. «Әрине Аллаһты еске алу, аса ірі нәрсе» (Ғанкабут сүресі, 45 аят). Ал, Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Ислам заңдарын ауырсынған адамға былай деп өсиет етеді: «Тілің Аллаһты еске алудан босамасын». Негізінде Аллаһты еске алу – Мейірімді Аллаһ Тағаланы риза қылып, шайтанды қуады. Сонымен қатар уайым-қайғыны кетіріп, ризықты арттырады. Білім есіктерін ашып, ол үшін жәннатта тал егіледі; тілдің кесапаттарынан арылуға себеп болады. Садақаға берер нәрсе таппаған кедейлердің қайғысын жұбатады. Сөйтіп Аллаһ Тағала оларға мал және тәнмен құлшылық етудің орнына Өзін еске алуды нәсіп етеді.





Сол үшін кім иманының әлсіздігін емдегісі келсе, Аллаһты көп еске алсын. Өйткені Аллаһ айтады: «Ұмытқан заман Раббыңды есіңе ал!» (Кәһф сүресі, 24 аят). Және де Аллаһ Тағала еске алудың жүрекке тигізер әсерін былай баяндайды: «Сондай иман келтіргендер; Аллаһты еске алу арқылы көңілдері жай тапқандар. Естеріңде болсын; Аллаһты еске алумен жүректер орнығады» (Раъид сүресі, 28 аят). Ал, Аллаһты еске алу арқылы иманды көбейту жайында ибн әл-Қайим: «Жүректе қаттылық болса оны тек қана Аллаһты еске алу ғана ерітеді», - деген. Бір кісі Хасан әл-Басриге былай депті: «Әй, Сағыдтің әкесі! Мен саған жүрегімнің қатып қалғанын шағым айтып келдім». Сонда Хасан әл-Басри: «Оны Аллаһты еске алумен еріт», - деді. «Себебі жүрек ұмытшақ болған сайын, қатая түседі. Егер Аллаһты есіңе алсаң, жүрегің – қорғасын отта ерігеніндей ериді. Жүректің қарайғанын Аллаһ Тағаланы еске алғандай ешнәрсе жаңартпайды. Ұмытшақтық жүректің ауруы болса, еске алу – оның шипасы. Махкул: Аллаһты еске алу – шипа, ал адамдарды еске алу – дерт», - деген (Уабилус-Саиб, 142).





Пендені шайтан ұмытшақтықпен жеңгеніндей, пенде шайтанды Аллаһты еске алу арқылы жеңеді. Ілгерідегі ғалымдардың бірі айтқан: «Жүрек Аллаһты еске алса, оған шайтан жақындаған кезде, оны жеңеді. Жеңілген шайтанды көрген басқа шайтандар оның маңына жиналып: «бұған не болды?» - деп сұрақ қояды. Сонда: «оған адам тиісіпті», - деген жауап қайтарылады. Шайтандар тиіскен адамдардың көбі – «Аллаһты еске алу арқылы қорғанбағандар. Сол себепті шайтандарға оларды жеңу оңай болады».





Имандары әлсіреген адамдарға түнгі, нәпіл намаздарын оқу қиын болады. Олар:





«Лә иләһә иллә-лаһу уаһдаһу лә шарика ләһу ләһул-мүлку уә ләһул-хамду уә һууә ъалә күллі шәй-ін қадир» немесе





«Субһаналлаһи уәл-хамду лилләһи» немесе





«Лә хаулә уә лә қууәтә иллә билләһил ъалийл ъазым» және т.б. дұғаларды айту арқылы емделуіне болады. Сондай-ақ сүннетерде кездесетін таң және кешкі, ұйықтар алдында және оянғанда оқылатын дұғаларды жаттап, әрдайым айтып жүрсе, жанға тигізген әсерін бірден көреді.





12. Аллаһқа мінәжат, құлшылық етіп, Оның алдында бойсұнып тұру





Пенде неғұрлым Аллаһтың алдында жалбарынып, бойсұнған күйде тұрса, соғұрлым, Аллаһқа жақын болады. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) айтқан: «Пенденің Раббысына ең жақын болатын кезі – ол сәждеде тұрғанында. Сол үшін дұғаны көбейтіңдер» (Муслим, 482). Себебі, басқа тұрыстарда сәждедегідей жалбарыну мен бойсынушылық жоқ. Пенде өзінің ең жоғарыда тұрған дене мүшесін жерге тигізгенінде Раббысына өте жақын болады. Ибн әл-Қайим: «Менің әлсіздігім және Саған деген мұқтаждығыммен Сенің байлығың, қуатың, үстемдігің арқылы рахым етуіңді сұраймын. Менің өтірікші әрі күнәһар маңдайым – Сенің алдыңда. Сенің менен де басқа құлдарың бар, ал менің Сенен басқа панам жоқ. Сенен бейшараның және Өзіңе мұқтаж бағыныштының тілегенін тілеймін. Мойындары иіліп, көздері төмен қарап, жүректері бағынғандардың сұрағанын сұраймын», - деді. Кімде-кім Аллаһтың алдында осындай сөздермен құлшылық етсе, оның иманы еселеп көбейеді.





Сол сияқты Аллаһқа деген мұқтаждық иманды арттырады. Аллаһ Тағала былай дейді: «Әй, адам баласы! Сендер Аллаһқа мұқтажсыңдар. Ал, Аллаһ болса, Ол әр нәрседен мұңсыз, өте мақтаулы» (Фатыр сүресі, 15 аят).





13. Үміттің қысқа болуы





Ибн әл-Қайим бұл жайында ең маңызды аят мынау деген: «Көрдің бе? Оларды жылдарша қамтамасыз етсек те, кейін оларға уәде етілген апат келсе; оларды пайдаланған нәрселері қорымайды» (Шуғара сүресі, 205-207 аяттар). «(Олар бұл дүниеде) күндіздің азғантай мезгілінде өмір сүргендей болады». Міне, дүние бар болғаны осы ғана. Сондықтан да адам баласы «бүгін, ертең» - деп айтып, үмітін соза бермесін. Ілгерідегі ғалымдардың кезінде мынадай оқиға болған екен. Бір ізгі адам екінші біріне: «Кел, бізбен бірге бесін намазын оқы», - деді. Сонда екіншісі: «Бесінді сіздермен оқысам, асрды сіздермен оқымаймын», - деді. Бұл сөзіне екіншісі таң қалып: «Сен аср намазына дейін өмір сүремін деп тұрғандайсың. Ұзақ үміттенуден Аллаһқа сиынамыз!» - деген екен.





14. Дүниенің өткінші екендігі жайлы ойлану





Аллаһ айтады: «Негізінде дүние тіршілігі алданыштың ғана нәрсесі» (Әли Имран сүресі, 185 аят).





Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласының тамағы осы дүниенің мысалындай. Адам баласынан шығатын нәрсені қарашы! Дүниені қанша безендірілгенмен қайда баратыны белгілі ғой», - деген (Табарани, 1/198). Әбу Һурайрадан жеткен мына хадисте: «Мен Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) былай айтқанын естідім: «Дүние қарғыс етілген және дүниедегі барлық нәрсе қарғыс етілген. Бірақ Аллаһты еске алу, одан туындағанмен, білім беруші, және оны үйренушіден басқасы» (Ибн Мәжә, 4112).





15. Аллаһтың ардақтаған нәрселерін ұлықтау





Аллаһ айтады: «Кім Аллаһтың белгілерін ұлықтаса; күдіксіз ол, жүректің тақуалығынан» (Хаж сүресі, 32 аят). Аллаһтың Құран Кәрімде ардақтаған нәрселері – Оның ақысы. Оның ақысы кейде адамда, кейде жер бетінде, кейде уақытта болады. Аллаһ адамдардың арасында Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): ақысын өтеуді, жерде – Харам мешітін, ал уақыттардан – Рамазан айын бұйырған. «Кім Аллаһтың ардақтағандарын жоғары бағаласа, сонда оған Раббысының қасында хайырлы» (Хаж сүресі, 30 аят).





Аллаһтың ардақтағандарының тағы бірі – кішкентай күнәларға да көңіл бөлу. Абдулла ибн Масғуд Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) мына сөзін жеткізген: «Күнәларды елемей кетуден (н/е кемсінуден) сақ болыңдар. Расында олар адамды өлтіргенше сонда жинала береді». Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): күнәларды – бір жерге топталған қауымға теңейді. Ондағы әрбір кісі бір-бір ағаш алып келіп, от жағады да қалғандарын пісіріп алады.





16. Мұсылмандармен тату дос болып, жауларды дос тұтпау





Мұсылман кісі Аллаһтың жауларымен байланысса оның иманы қатты әлсірейді де, ол ақидасын жоғалтады. Ал, егер Аллаһтың құлдарымен байланысып, оларға көмек берсе және Аллаһтың жауларына қарсы шығып, оларды жек көрсе оның иманы күшейеді.





17. Қарапайым болу





Иманды жаңартудағы және жүректі тоттан тазалаудағы қарапайымдылықтың алатын маңызы зор. Пенденің ісі мен сөзіндегі қарапайымдылығы оның Аллаһ алдында қарапайым екенін көрсетеді. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Қарапайым киіну – иманнан», - деген (ибн Мәжә, 4118). Басқа бір хадисте: «Шамасы жетсе де Аллаһ үшін қарапайым болып киімін тастаса, қиямет күні Аллаһ оны иманның қай киімін киемін десе де таңдату үшін жаратылғандардың ең біріншісі етіп шақырады» (Тирмизи, 2481) – деген. Абдуррахман ибн Ауф өз қызметшілерінің арасында ерекшеленбейтін.





Аллаһтың бар екеніне күмәнсіз сену. Оған тәубе келтіру. Оны сүю. Одан қорқу. Ол жайлы жақсы ойда болу. Оған тәуекел ету. Оған және Оның үкіміне риза болып, шүкіршілік ету және Онымен шыншыл болу.





Иман кәміл болуы үшін пенденің намазға тұруы, инабатты болу, Аллаһты еске алуы, Құран және сүннетпен қорғануы, жалбарынуы, және Оның көріп тұрғанын сезінуі қажет. Бұл жайында ибн әл-Қайим өзінің «Мәдәриж әс-сәлихин» деген кітабында кеңірек тоқталған.





18. Өзіне-өзі есеп беру





Аллаһ Тағала: «Әй, мүміндер! Аллаһтан қорқыңдар. Әркім ертең үшін не жібергеніне қарасын» (Хашр сүресі, 18 аят) – деген. Омар ибн Хаттаб (оған Аллаһ разы болсын) бұл турасында: «Есепке алынбай жатып, өздеріңе есеп беріңдер», - десе, Хасан: «Нағыз мүмін өзіне есеп береді», - деген. Ал, Маймун ибн Маһран болса: «Расында Аллаһтан қорқушы адам өзін есепке алуда сараң серіктесінен де қатаңырақ болады», - деген.





Ибн әл-Қайим «жанның өлімі – өзін есепке алуда немқұрайлы қарап, нәпсісіне ергеннен» болатынын ескертеді.





Мұсылман арнайы бір уақытта жеке қалып, бүгін не істегенін, ертеңгі ақыретке не дайындағанын есепке алуы керек.





19. Аллаһтан дұға тілеу





Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) айтады: «Шын мәнінде иман (біреулеріңіздің ішінде) киім секілді жасалады. Сол үшін Аллаһтан имандарыңды жаңартуын сұраңдар», - деп бұйырған.





 



Recent Posts

نېمە ئۈچۈن ئىسلام دى ...

نېمە ئۈچۈن ئىسلام دىنى يالغۇز بىر ئاللاھقىلا ئىبادەت قىلىشقا چاقىرىدۇ

رەسۇلۇللاھنىڭ ئاللاھ ...

رەسۇلۇللاھنىڭ ئاللاھ دەرگاھىدىكى ئۆرنى ۋە شان-شەرىپى

مۇھەممەد ئەلەيھىسسال ...

مۇھەممەد ئەلەيھىسسالام ئىنسانىيەتكە رەھمەتتۇر

خاتىرجەملىك بۈيۈك نېم ...

خاتىرجەملىك بۈيۈك نېمەتتۇر