Articles

Иман әлсіздігін емдеу





علاج ضعف الإيمان





>Қазақ тілі – Kazakh –< كازاخي





Islamhouse.com





—™





Иман әлсіздігін емдеу





Хакимнің «Мустадрак» және Ат-Табаранидің «Муъжам» деген кітаптарында Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Сіздердің іштеріңдегі иман киім секілді жасалады. Сол үшін Аллаһтан имандарыңызды жаңартуын сұраңыздар» деген сөзін жеткізген. Яғни, жүректегі иман да киім сияқты, жаңартып отырмаса тозып кетеді. Мұсылманның жүрегінде кей кездері істеген күнәсі бір бұлт секілді оның жүрегін қараңғылатып қою мүмкін. Мұны Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Жүректердің бірінде айдың бұлты секілді өз бұлты болады, Ай жарқырап тұрады да оның ауруы бұлт келсе, қараңғы болып қалады. Егер бұлт кетіп ашылса жарқырайды» (Әбу Нуғайм) – деп түсіндіреді.





Кейде ай бетінде бұлт тұрып оның жарығын жауып қояды. Біраз уақыт өткен соң бұлт кетіп, ай алғашқыдай жарқырап, жерге нұрын төгеді. Сол сияқты мұсылман жүрегін істеген күнәларының бұлты басады. Сөйтіп адам қараңғылықта қалады. Егер иманын күшейтуге ұмтылып, Аллаһтан ғана көмек сұраса, жүрегі нұрланып өз қалпына түсіп, жарық қайта оралады.





Иман туралы ең маңызды негіздердің бірі – иманның күшейіп және әлсірейтінін білу. Иман – тілмен айтып, жүрекпен сеніп, дене мүшелерімен амал етуден тұрады. Иман Аллаһқа бойұсыну, құлшылық-ғибадаттарды орындау арқылы күшейе түссе, күнәлар арқылы, Аллаһ тыйым салған іс-әрекеттерді жасаумен әлсірей түседі. Бұған қасиетті Құран Кәрім мен хадис шәріптерден көптеген дәлелдер келтіруге болады. Мысалы, Аллаһ Тағала Құран Кәрімде: «Бұл қайсыларыңның иманын арттырады?» (Тәубе сүресі, 124 аят). «Мүміндердің имандарын арттыра түсу үшін...» (Фатх сүресі, 4 аят) деп баян етеді. Ал, Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінің бірінде: «Сіздерден қайсы біріңіз жамандықты көрсе, қолымен өзгертсін. Егер оған да шамасы келмесе, тілімен қайтарсын. Егер оған да шамасы келмесе, жүрегімен жек көрсін. Міне, бұл иманның ең әлсізі» (Имам Бұхари риуат еткен) – деген.





Құлшылық пен күнәнің иманға тікелей әсер ете алатындығы күнделікті тәжірибеден де белгілі. Мысалы, бір адам базарға барғанда ондағы өсек-аян, бос әңгімелерді естісе, ашық-шашық жүрген әйелдерге қараса, сөзсіз бұл жағдай ол адамның иманының әлсіреуіне алып келеді. Ал егер содан кейін ол адам қабірстан, мазараттарға барып өлім жайлы ой жүгіртсе, о дүниелік өмірді ойлағанда жүрегі жібіп, иманы күшейе түскенде, ол осы екі жағдайдың қаншалықты айырмашылығы барын түсініп, жүректің қалай тез өзгеретінін байқар еді.





Бұл тақырыпқа байланысты ілгерідегі ғалымдардың бірі: «Пенде өзінің иманын сақтауы керек. Ол иманын не нәрсе күшейтіп, не нәрсе оны әлсірететіндігін, шайтанның азғырулары қайдан, қай кезде келетінін жақсы білуі керек», - деген екен.





Бұған қоса мыналарды да біліп алған жөн: егер иманның әлсіреуі бір дін амалын тастауға немесе қандай да бір харам іске итермелесе, оның өте қатерлі іс екенін түсініп, дереу Аллаһқа тәубе келтіріп, өзі-өзіне көмек беруді бастау қажет. Құлшылықтағы ынта-жігеріне қайта оралу үшін ол өз нәпсісін өзі басқарып, түзелеу қажет. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Әрбір амалдың күш-жігері бар. Әрбір күш-жігердің әлсіздігі бар. Кімде-кімнің күш-жігері менің сүннетімде болса, ол құтылады (жәннатқа кіреді). Ал, енді кімде-кімнің күш-жігері мұнан басқада болса, ол өледі (тозақтық болады)» - деген. (Имам Ахмад риуаят еткен).





Емдеу жайлы сөзді бастардан бұрын алдымен бір ескертуді айтып өткеніміз жөн болар. Жүректерінің қатып қалғандарын сезгендердің көпшілігі оның емін сырттан іздейді. Олар өздерін өздері емдеуге шамасы келсе де, басқа адамдарға сүйенгенді қалайды. Ал, шын мәнінде иман әлсіздігін иманы әлсіреген адамның өзі емдеуі керек. Ең негізі міне, осы. Себебі иман – пенде мен Раббысының арасындағы байланыс. Төменде мұсылман адам өзіне-өзі көмек беріп, иманын көтеруге бағытталған бірнеше шариғи шараларды қарастырамыз.





1. Аса ұлы Аллаһ Тағала түсірген Құранды – әрбір нәрсені баян етуші, түсіндіруші, қараңғылықтан жарыққа шығарушы, Аллаһ онымен қалаған пендесін тура жолға салатын нұр деп білу және ол турасында ойлану





Күмәнсіз, Құранда ем және шипа бар. Себебі Аллаһ айтады: «Құраннан мүміндерге шипа және рахмет түсіреміз» (Исра сүресі, 82 аят).





Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) түнде тұрып Аллаһтың кітабы жайлы ойланып, оны қайталап оқып тұратын. Бірде ол түнгі намазында бір аяттың өзін таң атқанша оқыған екен. Ол мұна аят: «Егер оларды азаптасаң да олар Сенің құлдарың, егер оларды жарылқасаң да күдіксіз Сен аса үстем, хикмет иесісің» (Мәида сүресі, 119 аят).





Құран жайында ойлануда да Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) ең шынында болды. Ибн Хиббан жеткізген сахих хадисте былай дейді: «Убайдулла ибн Умайр екеуіміз Аишаға бардық. Сөйтіп Убайдулла ибн Умайр былай деді: «Аллаһтың елшісінен (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) көрген ең ғажайып нәрсені айтып беріңізші дегенде Аиша жылап тұрып былай деді: «Ол түндердің бірінде намазға тұрып маған: «Ей, Аиша маған тиіспе, мен Раббыма құлшылық етейін» - деді. Сонда мен: «Аллаһпен ант етемін! Мен сізге жақындауды және сізді қуантатын нәрсені жақсы көремін» - дедім. Кейін Аллаһтың елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) тұрып дәретін алды да намаз оқыды. Ол екі аяғы су болып кеткенге дейін жылады. Кейіннен жер су болып кенкенге дейін жылады. Азан айтуға келген Биләл Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) жылап тұрғанын көріп: «Ей, Аллаһтың Елшісі! Аллаһ Тағала сіздің өткен және келер күнәларыңызды кешіріп қойған болса да жылап тұрсыз ба?» - деп сұрады. Сонда Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Шүкір етуші құл болмаймын ба?!» - деді. «Бүгін түнде маған мына аяттар түсті. Кім бұл аяттарды оқып олар жайлы ойланбаса, оған нендей өкініші болсын: «Шәксіз көктердің және жердің жаратылуында, түннің және күннің өзгеруінде әлбетте ақыл иелері үшін дәлелдер бар. Олар тіке тұрып, отырып, жамбасынан жатып Аллаһты еске алады. Сондай-ақ олар көктер мен жердің жаратылуы жайында ойланады да: «Раббымыз! Сен мұны босқа жаратпадың, Сен пәксің, бізді от азабынан сақта!»» (Әли Имран сүресі, 190-191 аяттар).





Бұл хадис мына аяттар жайында ойлану міндетті екенін көрсетеді.





Құранда Аллаһты жалғыз деп бірқұдайшылық-таухид, уәде және ескерту, үкімдер, тарихи оқиғалар, әдеп және ережелер қамтылған. Бір сүрелер екінші бір сүрелерге қарағанда адам жанын қаттырақ қорқытады. Оған Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Худ сүресі мен оның «сіңлілері» мені қартаюымнан алдын шашыма ақ түсірді» (Силсилә сахиха, Әлбани) – деген сөздері дәлел бола алады. Басқа бір риуаятта: «Худ, Уақиға, Мурсалат, Наба, Тәкуир сүрелері» - деп анықтап көрсетілгені айтылады (Имам әт-Тирмизи).





Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) жүрегін өз ауырлығымен толтырған ұлы жүктемелер мен иман шындықтарын қамтыған бұл сүрелердің әсері Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) шашынан, денесінен көрініс тапты.





Сол сияқты сахабалар да Құран жайлы ойланып, одан қатты әсер алатын. Мәселен, Әбу Бакр (оған Аллаһ разы болсын) жүрегі жұмсақ адам болған. Ол жамағатпен намазға тұрып Құран аяттарын оқығанда, өзін-өзі ұстай алмай, жылап жіберетін. Ал, Омар ибн Хаттаб (оған Аллаһ разы болсын): «Сөзсіз Раббыңның азабы болады. Оны тойтарушы жоқ», - деген Құран аяттарынан әсерленіп, төсек тартып жатып қалған. Сондай-ақ Омар ибн Хаттаб (оған Аллаһ разы болсын) Құрандағы Яғқуб (оған Аллаһтың сәлемі болсын) жайында: «Мен күйзелісімді де күйінішімді де Аллаһқа ғана шағамын» (Юсуф сүресі, 86 аят) деп баяндалатын аятын оқығанда, оның ыңырсып жылаған дауысын намаздың соңғы саптарында тұрған кісілерге дейін естігендігі айтылады. Ал, Осман ибн Аффан (оған Аллаһ разы болсын): «Егер де біздің жүректеріміз тазарса, Аллаһтың сөзіне (тыңдауға) тоймас еді», - деген. Кейін өзі шахид болғанда, оның қаны Құран үстінен табылған. Расында сахабалар жайында айтылған мұндай әңгімелерді көптеп айтуға болады. Мысалы: Айюб (оған Аллаһ разы болсын): «Мен Сағид ибн Жубейрдің бір намазда: «Аллаһқа қайтарылатын, сонан соң әркімнің еңбегі өздеріне кемітілмей толық берілетін күннен сақсыныңдар» (Бақара сүресі, 281 аят), - деген аятты жиырма шақты рет қайталап оқығанын естідім», - дейді. Ибраһим ибн Башир: «Әли ибн Фудайл Аллаһ Тағаланың: «Олардың отқа тоқтатылғанын көрсең: Әттең! Біз дүниеге қайтарылсақ...» (Әнғам сүресі, 27 аят) деген аятын оқу кезінде жан тапсырды. Мен ол кісінің жаназасына қатыстым», - деген.





Сондай-ақ олардың жағдайлары тиләуат сәждесін орындау кезінде де осындай болатын. Бір кісі: «Олар жылап етпеттерінен түседі. Бұл олардың ықыластарын арттырады» (Исра сүресі, 109 аят), - деген аятты оқып, сосын тиләуат сәждесін жасап: «Сәждені жасадым, ал енді жылау қайда кетті?!» - деп өзін-өзі айыптаған екен.





Зейін қойып, ойланудың ең абзалы – Құран Кәрімде келтірілген мысалдар жайында ой жүгірту. Себебі, Аллаһ Тағала мысалдарды келтіргенде бізді ойлануға, еске алуға үндейді. Бұған дәлел ретінде: «Аллаһ адам баласына насихат алу үшін мысал келтірді» (Ибраһим сүресі, 25 аят); «Бұл мысалдарды адам баласы түсінсін деп келтіреміз» (Хашр сүресі, 21 аят) – деген аяттарды келтіруге болады. Бірде бір кісі Құрандағы мысал жайлы ойланып, оның мән-мағынасын түсінбей жылапты. Ол кісіден не үшін жылағандығын сұрағанда әлгі адам: «Аллаһ Тағала: «Міне, осы мысалдарды адамдар үшін келтіреміз. Бірақ оларды білгендер ғана түсінеді» (Ғанкабут сүресі, 43 аят) - деп баян етуде. Мен осы мысалды түсінбедім. Расында мен аятта айтылған «білгендер» қатарында бола алмадым. Білімімнің жоғалып кеткеніне жылап отырмын» - деп жауап қайырған.





Аллаһ Тағала Құранда бізге көптеген мысалдар келтірген: от болып жанғанның мысалы, жеті масақ шығарған бір дәннің мысалы, тілін саландатқан ит туралы, кітаптарды арқалаған есектің мысалы, бұларға қоса шыбын, өрмекші, соқыр мен мылқаудың, естуші мен көрушінің мысалы, жел ұшырып кеткен күлдің мысалы, жақсы тал мен жаман талдың мысалы, аспаннан түсетін су туралы және тағы басқа көптеген Құранда келтірілген мысалдардағы мақсат – оларға ерекше назар аударып, ой жүгірту.





Ибн әл-Қайим: «Иман әлсіздігінің Құранмен емдеу үшін мұсылманға не істеу керек екенін баяндай келе: «Оның шешімі екі нәрседе: біріншісі – жүрегіңді дүние тіршілігінен арылтып, Ақырет дүниесінде орнатудың. Кейін бүкіл ықыласыңды Құранның мән-мағыналарына, олар жайлы ойлануға, түсінуге арна да, Құранның әрбір аятынан өз несібеңді алуға тырыс. Сосын сол алғаныңды жүректі емдеуге қой. Егер сол аят жүректің дертіне қонса, Аллаһтың көмегімен ол емделіп кетеді» - деп түсіндірген.





2. Аллаһ Тағаланың ұлықтығын сезіну





Аллаһ Тағаланың көркем есімдері мен Өзіне ғана тән сипаттарын жай біліп қоймай, олардың мән-мағыналарын жете үйрену. Мұндай сезімнің жүрекке қонып, ішкі дүниеңе, дене мүшелеріне таралуы жүректің түсінгені бойынша амал қылғаныңды білдіреді. Себебі, жүрек олардың қожайыны. Бұлардың барлығы жүректің иелігінде. Ал, басқа дене мүшелері оның әскерлері мен ілесушілері іспеттес. Егер жүрек сау болса – дене мүшелері де сау болады. Ал, егер жүрек бұзылса, олар да бұзылады.





Аллаһтың Ұлылығы жайлы Құран Кәрім аяттары мен көптеген хадистерде айтылады. Егер мұсылман адам олар жайында ойланса, жүрегі тебіреніп, жаны Ұлы Аллаһқа – Толық Естуші, Білушіге бойұсынады. Алғашқылардың да, соңғылардың Раббысына жалбарынуы арта түседі. Аллаһ Тағаланың көптеген көркем есімдері мен пәк сипаттары бар. Ол Ұлы, Қорғаушы, Күшті, Барлық нәрсеге толық күші Жетуші, Үлкен, Ұлық. Ол – Тірі, ешқашан да өлмейді. Мәңгі жасаушы. Ал, жындар мен адамдар өледі. Аллаһ құлдарының үстінен Басқарушы. Оған найзағай мадақ айтып, Оны пәктейді. Сондай-ақ Оны періштелер де мадақтайды. Ол – Күшті кек иесі. Ол – ұйықтамайды да қалғымайды. Оның білімі барлық нәрселерден кең. Аллаһ көздің қиянатын, жүректің жасырғандарын біледі. Аллаһ Тағала өзінің білімін Құран Кәрімде: «Көместің кілттері Оның жанында. Оны Ол, Өзі ғана біледі. Және құрлықтағы, теңіздегі нәрселерді біледі. Бір жапырақ түссе де, Аллаһ оны біледі. Және жердің қараңғылықтарындағы құрғақ және жас ұрыққа дейін ашық Кітапта бар» (Анғам сүресі, 59 аят) – деп баян етеді.





Ал ұлылығы жайлы: «(Олар) Аллаһты шын мәнінде қадірлей алмады. Негізінде Қиямет күні оның уысында. Және көктер де Оның оң қолымен бүктеледі» (Зумәр сүресі, 67 аят) – дейді. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Қиямет күні Аллаһ бүкіл жерді ұстап, барлық аспандарды оң қолына сыйғызып алады да кейін Ол: «Мен Патшамын. Жердің патшалары қайда?» - дейді» (Имам Бұхари), - деген.





Мұса Пайғамбар (оған Аллаһтың сәлемі болсын) жайлы мына оқиғаны естіген кезде тұла бойың сыздап, жүрегің дір ете түседі. «(Мұса): Раббым маған өзіңді көрсет. Сені көрейін» - деді. Сонда Аллаһ: «Мені, әсте көре алмайсың; Бірақ тауға қара сонда егер ол орнында тұра алса, сен де Мені көресің», - деді. Сонда Раббы тауға елестеген сәтте, оны быт-шыт қылды. Мұса да талып түсті» (Ағраф сүресі, 143 аят).





Осы аятты Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) түсіндіріп жатқан кезінде қолымен былай көрсетті: бас бармағын шынашағының ең жоғарғы буынына қойып: «Тау түсіп кетті», - деді. Яғни, тау жерге кіріп кетіп, осындай ғана бөлігі қалды. Аллаһ Тағала – «Пердесі нұр, егер оны ашса, Оның назары түскен мақұлықты (Аллаһтың) жүзінің нұры өрттеп жіберер еді» (Имам Муслим риуаят еткен), - деген.





Аллаһтың ұлықтығы жайында Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Егер Аллаһ аспанда бір бұйрық берсе, періштелер Оның сөзіне бойұсынып, қанаттарын қағады. Ол жар тас үстіндегі шынжыр секілді. Егер олардың жүректері қорқынышты сезсе, «Раббыларың не деді?» - деп сұрайды. Сонда Ол ақиқатты айтты. Сондай-ақ Ол – Ұлы, Жоғары» (Имам Бұхари риуаят етті).





Міне, бұл мәселелерге қатысты айтылғандар өте көп. Мақсат – осылар жайында ойланумен қатар Аллаһтың ұлылығын сезіну. Бұл иманның әлсіздігін емдеудегі ең пайдалы емдердің бірі. Ибн әл-Қайим Аллаһтың ұлылығын мынадай әдемі сөзбен сипаттайды: «Мемлекеттердің жағдайларын реттейді, бұйырады, қайтарады, жаратады, ризықтандырады, өлтіреді, тірілтеді, күшейтеді, әлсіретеді, күн мен түнді ауыстырады, адамдардың араларын жақындастырады, мемлекеттерді ауыстырып тұрады: бір мемлекеттің орнына басқа бір мемлекетті алып келеді. Оның бұйрығы мен билігі аспанға және олардың жан-жақтарына, жерге және оның асты-үстіне, ауаға және теңіздерге жүреді. Барлық нәрсені білімімен қамтыған. Сондай-ақ барлық нәрсені санап шыққан, оның естуі анық дауыстарды қамтыған және оған ешбір дауыс ұқсамаған. Ол барлық дауыстардың дыбыстарына, тілдердің ерекшеліктеріне қарамастан естиді. Бір дыбысты естуге екінші бір дыбыс кедергі болмайды. Мәселелердің көптігі Оны жаңылдырмайды. Мұқтаждардың қайта-қайта қажеттерін сұрауы Оны шаршатпайды. Оның назары барлық нәрселерді көреді. Қараңғы түнде, қара тастың үстіндегі қара құмырсқаның жүріп бара жатқанын көреді. Оның алдында ғайып көрініп тұрады. Оның алдында жасырын, құпия нәрсе айқын болып тұрады: «Көктердегі әрі жердегі әркім Одан сұрайды, Ол әр күні шұғылдануда» (Рахман сүресі, 29 аят). Күнәні жарылқап, қайғыны жеңілдетеді және қасіретті жояды. Сынықты түзулеп, кедейді байытады. Адасқанды тура жолға салып, қайғырғанға көмек береді. Аш адамды тамақтандырады. Жалаңашты киіндіреді, науқасты емдейді, тәубені қабыл етеді, жақсылық істегеннің сауабын береді. Зұлымдық шеккенге көмек береді. Тәкаппарларды басады. Ұятты жерді жабады. Қорқыныштан сақтайды, Қауымдарды көтереді, ал кейбір қауымдарды өшіреді. Ал егер де оның аспандары мен жерінің тұрғындары, ең бірінші немесе ең соңғы мақұлығы немесе жындардың ішіндегі – ең тақуа адам жүрегінде болса да Оның мүлкіне еш нәрсе қосылмас еді. Егер де ең алғашқысы болсын, ең соңғысы болсын адамдары немесе жындары – ең жаманының жүрегінде болса да оның мүлкіне ешбір нәрсе кемімес еді. Егер аспандарының және жерінің тұрғындары жындары және адамдары, тірілері және өліктері, жастары және қарттары – барлығы бір кезде, бір жерде тұрып Одан сұраса, Ол олардың әр қайсысына берер еді де, Оның алдынан шаңның тозаңындай нәрсе кемімес еді. Одан бұрын еш нәрсе де болмаған. Ол ең соңғысы. Одан кейін еш нәрсе болмайды. Ол патша, Оның ортағы жоқ. Ол – біреу, теңі жоқ. Ол – мұңсыз, баласы жоқ. Ол – ұлық, ұқсасы жоқ. Одан басқаның барлығы өледі. Оның мүлкінен басқаның барлығы өшеді. Оның рұқсатымен ғана бойұсыну болады. Білімімен бойұсынбағанды біледі. Оған бойұсынылса – еселеп қайтарады. Ол – кешіреді. Одан болған әрбір өш алу – әділдік. Аллаһтан болған әрбір нығмет – Оның кеңшілігі. Ол ең жақын куәгер, әрі сақтаушылардың ең жақсысы. Кекілдерден алады, өткендерді жазады. Ажалдарды белгілейді. Жүректер оған ашық тұр. Жасың Оған айқын тұр. Бергені – сөз. Азабы да бір сөз: «Шын мәнінде Ол әрбір істің болуын қаласа, Оның бұйрығы Оған «бол» деу, ол бола қалады» (Ясин сүресі, 82 аят).





3. Діни білім іздену





Білім іздену Аллаһтан қорқуға және иманның көбеюіне алып келеді. «Шын мәнінде құлдарының ғалымдары Аллаһтан қорқады» (Фатр сүресі, 28 аят). Білетіндер мен білмейтіндер иман жағынан тең емес. Шариғатты, куәлік сөзінің мағынасын, қабір азабын, қиямет күнінің жағдайларын, жәннаттың рахатын, тозақтың азабын, хәләл мен харамдағы шариғат даналығын, Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) өмірбаянын толық білетін адам мен дінді, оның үкімдерін, діндегі өз орнын білмейтін адам қалайша тең болсын? Оның ақиқат білімінен алатын үлесі азғантай болады. Аллаһ Тағала Құран Кәрімде «Білгендер мен білмегендер тең бола ала ма?» - дейді (Зүмәр сүресі, 9 аят).





4. Аллаһты еске салатын дәрістерге, бас қосуларға әрдайым қатысу





Бұл бірнеше себептер бойынша иманның күшеюіне алып келеді. Ол адам Аллаһты еске алғандықтан, оның үстіне мейірім жауып, жаны тыныштық тауып, әрі оларды періштелер қоршап тұрады. Аллаһ оларды Өз құзырындағылардың қасында есіне алады. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Бір қауым Аллаһты еске алуға отырса, оларды періштелер қоршап тұрады, олардың үстіне мейірім жауады, оларға тыныштық түседі, Аллаһ оларды Өзінің алдындағылардың қасында есіне алады», - деген (Имам Муслим риуаят еткен). Сондай-ақ Сәһл ибн Ханзалидан Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Қандай да бір қауым Аллаһты еске алуға жиналып, кейін тарқаса, оларға: «Күнәларың кешірілген түрде тұрыңдар», - делінеді», - деген (Сахих аль-Жамиғ).





Ибн Хажар былай дейді: «Аллаһты еске алу дегеніміз – міндеттелген немесе жасалынуы абзал амалдарды үздіксіз орындау. Мысалы, Құран немесе хадис оқу, білім іздену» (Фатхуль-Бари 11/209). Яғни, Аллаһты еске алатын жиындар иманды көбейтеді. Имам Муслим жеткізген сахих хадисте Ханзала Усайди былай дейді: «Мен әбу Бәкірді кездестірдім, ол маған: «Ханзала, қалайсың?» – деді. Мен: «Ханзала екі жүзді болды», - дедім. Ол: «СубханАллах! Сен не деп тұрсың?» - деді. Мен: «Біз Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) алдында болған кезде ол бізге жәннат, тозақ жайлы еске түсіреді де біз оларды өз көзімізбен көргендей боламыз. Ал егер оның алдынан шықсақ – әйел, бала-шаға, мал-дүниемен айналысып кетеміз. Сөйтіп, көп нәрсені ұмытамыз», - дедім. Сонда Әбу Бәкір айтты: «Аллаһпен ант етемін, біз де сондай боламыз». Кейін екеуміз Аллаһ елшісіне (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бардық та: «Я Аллаһтың Елшісі! Ханзала екі жүзді болды», - дедім. Сонда Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Ол не дегенің?» - деді. Мен (Ханзала өзін айтып тұр) айттым: «Ей, Аллаһтың Елшісі! Біз сіздің қасыңызда болғанымызда сіз жәннатты, тозақты айтасыз. Біз оны көзбен көргендей боламыз. Ал шыққанда – әйел, бала-шаға, мал-дүниемен айналысып, көп нәрсені ұмытып кетеміз». Сонда Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Жаным (Аллаһтың) қолында болғанмен ант етемін. Менің алдымда Аллаһты еске алуды дәл солай жалғастыра берсеңдер, сендермен періштелер төсектеріңде де, жолдарыңда да амандасатын болады. Бірақ, ей, Ханзала, жиі-жиі», - деп үш рет айтты», - делінеді.





Сахабалар Аллаһты еске алуды иман деп біліп, соған қатты ұмтылған. Бірде Муаз ибн Жәбәл бір кісіге: «Бізбен бірге отырыңыз, біраз Аллаһты еске алайық», - депті.





5. Ізгі амалдарды көбейтіп, солармен көп уақытты өткізу





Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына сұрақтар қойғанда Әбу Бәкір Сыддықты үлгі ретінде келтіретін. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бірде: «Бүгін қайсыбірің ораза тұттыңдар?» – деді. Әбу Бәкір: «Мен!» - деп жауап берді. «Бүгін қайсыбірің міскінді тамақтандырдыңдар?» - дегенінде, Әбу Бәкір: «Мен!» - деді. «Бүгін қайсыбірің науқастың көңілін сұрап бардыңдар?» - деп сұраса Әбу Бәкір тағы да: «Мен!» - дейді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кімнің бойында осы амалдар жиылса, ол жәннатқа кіреді», - деген (Имам Муслим риуаят еткен).





Бұл оқиға Әбу Бәкір Сыддықтың уақытты тиімді пайдалануға, түрлі ғибадаттарды орындауға қатты ұмтылғанын көрсетеді.





Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) сұрақтарына бірден жауап қайтаруы Әбу Бәкірдің күндері ғибадатқа толы екендігін білдіреді. Сондай-ақ сахабалардан кейінгі ізгі мұсылмандар да уақыттарын жақсы амалдарды орындаумен өткізген. Бұған имам Абдуррахман Маһдидің Хаммад ибн Сәләмә жайлы: «Егер Хамад ибн Сәләмәға сен ертең өлесің делінсе, ол амалдарына ешбір амал қоса алмас еді», - деген сөзі дәлел бола алады (Сияр әғам ән-Нубәлә 7/747).





Мұсылман ізгі амал істеуде мына нәрселерді есте ұстағаны жөн:





Жақсылық істеуде жарысу





«Раббыларыңның жарылқауына және тақуалар үшін әзірленген, кеңдігі жер мен көктей жәннатқа жарысыңдар» (Әли Имран сүресі, 133 аятт).





«Раббыларынан жарылқауға және кеңдігі жер мен көктің кеңдігіндей жәннатқа жарысыңдар» (Хадид сүресі, 21 аят).





Бұл аяттар сахабаларды жақсылыққа жарысуға жігерлендірген. Имам Муслим Әнәс ибн Мәликтен: «Бәдір соғысы кезінде мушриктер жақындаған кезде Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) айтты: «Кеңдігі көктер мен жердей жәннатқа тұрыңдар». Сонда Умайр ибн Хаммам: «Ей, Аллаһтың Елшісі! Жәннаттің кеңдігі көктер мен жердей ме?» - деп сұрады. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Иә», - дегенінде Умайр: «О! О!» - деді. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Не нәрсе сені «О» дегізді?» - деп сұрағанда: «Аллаһпен ант етемін! Мен жәннат тұрғындарынан болғым келеді», - деді Умайр. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Сен оның тұрғындарынансың!» - деді. Кейін Умайр қалтасынан құрмаларын алып жеп отырды да: «Егер мен осы құрмаларды жеп тірі отырсам, онда бұл өмір өте ұзақ болар еді» - деді де, құрмаларын тастап, соғысқа шықты. Сол соғыста шахид болды» (Имам Муслим риуаят етті).





Сол сияқты Мұса пайғамбар да (оған Аллаһтың сәлемі болсын) Аллаһты кездестіруге асыққан. Мысалы, Құран Кәрімде: «Раббым! Разы болуың үшін мен Саған асықтым» - делінеді (Таһа сүресі, 84 аят).





Аллаһ Тағала Зәкәрия (оған Аллаһтың сәлемі болсын) және оның жанұясын: «...бұлар жақсылықтарға ұмтылатын еді. Бізден үміт пен қорқу арасында тілейтін еді де, Бізге бәйек болатын» (Әнбия сүресі, 90 аят) – еді деп мадақтайды. Ал Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Асықпаушылық ақырет амалдарынан басқаларында ғана болады», - деген.





Ізгі амалдарды орындау





Қудси хадисте Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаһ айтады: «Менің құлым оны сүйгенімше нәпілдермен жақындай береді» (Имам Бұхари риуаят еткен) – десе, тағы бір хадисте ол: «Қажылық пен умраны үздіксіз (бірінен соң бірін) орындап жүріңдер», - деген. Бұл амалдар иманды күшейту, нәпсіге немқұрайлы қарамауға маңызды пайда әкеледі. Себебі, аз болса да, үздіксіз орындалатын амал-кейде ғана жасалатын көп амалдан артық. Бірде Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Амалдарың ішінде Аллаһқа ең сүйіктісі қайсысы?» - деп сұрағанда Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Аз болса да, ұдайы жасалғаны», - деп жауап берген.



Recent Posts

نېمە ئۈچۈن ئىسلام دى ...

نېمە ئۈچۈن ئىسلام دىنى يالغۇز بىر ئاللاھقىلا ئىبادەت قىلىشقا چاقىرىدۇ

رەسۇلۇللاھنىڭ ئاللاھ ...

رەسۇلۇللاھنىڭ ئاللاھ دەرگاھىدىكى ئۆرنى ۋە شان-شەرىپى

مۇھەممەد ئەلەيھىسسال ...

مۇھەممەد ئەلەيھىسسالام ئىنسانىيەتكە رەھمەتتۇر

خاتىرجەملىك بۈيۈك نېم ...

خاتىرجەملىك بۈيۈك نېمەتتۇر