Ақыретті тану
المدخل إلى الإيمان باليوم الآخر
>Қазақ тілі – Kazakh –< كازاخي
Islamhouse.com
Аса Мейірімді Рахымды Аллаһтың атымен
Ақыретті тану
Ақырет күніне сену – иман тіректерінің бірі
Иманның ұлы тіректерінің бірі – Ақырет күніне сену. Иман дегеніміз – Аллаһқа, Оның періштелеріне, Оның кітаптарына, Оның пайғамбарларына, Ақырет күніне, тағдырға және ондағы жақсылық пен жамандықтың тек Аллаһтан екендігіне сену. Демек, Ақыретке сену – иманның ажырамас бір бөлшегі. Онсыз иман кәміл болмайды.
Ал, Ақырет – Аллаһ Тағаланың адамдарды есеп-қисап үшін қабірлерінен тірілтіп тұрғызып, олардың арасында төрелік етіп, оларға іс-амалдарының қарымтасын қайтару.
Ислам ақидасы Аллаһ Тағаланың бірлігі мәселесінен кейін осы Ақырет күні тірілу сеніміне құрылады. Осы ұлы күннің маңыздылығы үшін Аллаһ Тағала көптеген аяттарда Өзіне иман келтіруді, Ақырет күніне деген сеніммен байланыстырған. Аллаһ Тағала:
«Бірақ, кім Аллаһқа және Ақырет күніне иман келтірсе, сол игі», Бақара сүресі, 177 аят;
«Аллаһқа және Ақырет күніне иман келтіргендер; соларға зор сауап береміз», дейді (Ниса сүресі, 162 аят).
Осы мазмұндас көптеген аяттарды келтіруге болады. Сондай-ақ Ақыретті; ондағы сауап пен жазаны әңгімелеген аят кездеспейтін Құранның парағы кемде-кем. Сонымен қатар пайғамбарымыз да (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) әрдайым иманның осы бір бөлшегіне баса назар аударып: «Кім Аллаһқа және Ақырет күніне иман келтірсе», - деген мағынадағы сөздерді жиі айтатын.
Ақырет күніне сенуге үндеу – барша пайғамбарлардың дағуаты
Барша пайғамбарлардың мақсаты халықты бір Аллаһқа құлшылық етуге шақырып, Ақырет күніне иландыру болатын. Нұх (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қауымына ескертіп:
«Әй, елім! Аллаһқа құлшылық қылыңдар, сендер үшін одан өзге құдай жоқ. Мен сендер үшін Ұлы күннің (Ақыреттің) азабынан қорқамын», - деген (Ағраф сүресі, 59 аят).
Бірақ Нұхтың (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қауымы оны өтірікшіге шығарды. Һуд пағамбар да (оған Аллаһтың сәлемі болсын) өз қауымына ескертіп:
«Енді Аллаһтан қорқып, маған бағыныңдар. Сендерді өздерің білетін нәрселер арқылы қолдаған Аллаһтан қорқыңдар. Сендерді малдар және балалармен, бақшалар және бұлақтармен қолдаған. Расында мен сендерге болатын ұлы күннің азабынан қорқамын», - деген (Шұғара сүресі, 131-135 аяттар).
Ад қауымы елшісіне:
«Сендерге өліп, топырақ және сүйек болғанда; (тірілтіліп) шығатындарыңды уәде ете ме? Сендерге бұл уәде етілген нәрсе; ұзақ, тым ұзақ! Дүние тіршілігі (осы) дүниедегі тіршілігіміз. Өлеміз де өмір сүреміз. Біз қайта тірілуші емеспіз», - деп жауап қайтарды (Мүминун сүресі, 35-37 аяттар).
Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) да құрайштарды бір Аллаһқа құлшылық етіп, Ақырет күніне илануға шақырған. Бір күні пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) алдына бір кәпір келіп, қолындағы өзі алып келген қураған сүйекті майдалап уатты да, ұнтақты ауаға шашып жіберіп: «Ей, Мұхаммад! Мынаны Аллаһ қайта тірілтеді деп бөсесің бе?», - дейді.
Осы жайтқа қатысты Аллаһ Тағала:
«Ол өз жаратылысын ұмытып, Бізге мысал келтірді. «Шіріген сүйектерді кім тірілтеді?» - деді. Сен: «Оны әу баста жаратқан тірілтеді. Ол барлық жаратылысты Білуші», - деп айт», (Ясин сүресі, 78-79 аяттар) деген уахи түсірді (Ибн Касир).
Сол сияқты бүгін де арамызда, шайтан азғырып, сенімдерін әбден билеп – төсеп алған «Ақырет күні бар» деген сөзге таң қалатын адамдар аз емес. Олар Ақырет туралы әңгіме қозғағандарды «Онда кім барып келіпті?» деп әжуа қылады.
Ақырет күніне сенбейтіндерге қарсы жауап
Ақырет күніне және қайта тірілуге сенбейтіндер үшін Аллаһ Тағала кесімді жауаптар келтіреді. Мысалы: Аллаһ Тағала бұл дүниенің өзінде өлтіріп, сосын қайта тірілткендігі жайлы алты мысал келтірген:
1. Аллаһ Тағала: «Аллаһты ашық көрмегенімізше саған еш иман келтірмейміз», - дегендері үшін өлтіріп, сосын қайта тірілткен Мұсаның (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қауымындағы адамдар жайлы:
«Сендер: «Ей, Мұса! Аллаһты ашық көрмегенімізше саған мүлдем иман келтірмейміз», - деген кезде, сендерді қарап тұрған халдеріңде жасын алған еді. Сонсоң шүкірлік етерсіңдер деп, өлгендеріңнен кейін қайта тірілттік», - деген. Бақара сүресі, 55-56 аяттар.
2. Аллаһ Тағала:
«Сендер біреуді өлтіріп, сол жөнінде дауластыңдар. Аллаһ жасырғандарыңды ортаға шығарушы. Сонда: «Оны (өлікті) оның (сиырдың) кейбір (бөлігімен) қағыңдар», - дедік. Осылайша Аллаһ өліктерді тірілтіп, сендерге ақылға келерсіңдер деп Өз аяттарын көрсетеді», - деген (Бақара сүресі, 72-73 аяттар).
Бұл аят өз араларындағы өлтірілген біреудің төңірегінде дауласқан Исраилдіктер жайлы әңгімелеген. Аллаһ Тағала оларға бір сиыр сойып, оның бір мүшесімен өлікті қағуды бұйырған. Олар өздеріне бұйырылғанды орындағаннан кейін Аллаһ Тағала өлікті тірілткенде, ол өзін өлтіргенді айтып береді, сосын қайта өлі қалпына түскен.
3. Сондай-ақ Аллаһ Тағала оба ауыруына ұшырап қашқан Исраилдіктерді өлтіріп, сосын қайта тірілткендігі жайлы:
«(Мұхаммед) өлімнен қорқып, өз жұрттарынан шығып кеткен мыңдаған адамдарды көрмейсің бе? Аллаһ оларға: «Өліңдер», - деді де, кейін қайта тірілтті. Расында Аллаһ адамдарға кеңшілік иесі. Бірақ адамдардың көбі шүкіршілік қылмайды», - деген (Бақара сүресі, 243 аят).
4. Аллаһ Тағала өлтіріп, сосын жүз жылдан кейін қайта тірілткен Ғузайр (оған Аллаһтың сәлемі болсын) жайлы:
«Немесе іргетасына дейін қиратылған ауыл үстінен өткен кісіні көрмедің бе? Ол: «Аллаһ мұны өлгенінен кейін қалай тірілтер екен?» - деді. Сонда Аллаһ оны жүз жыл өлі күйінде қалдырып, кейін қайта тірілтті де: «Қанша уақыт жаттың?» - деді. Ол: «Бір күн немесе күннің бір бөлігіндей жаттым», - деді. (Аллаһ): «Олай емес, сен онда жүз жыл жаттың. Тамағың мен сусыныңа қарашы, мүлдем бұзылмапты. Сондай-ақ есігіңе қара, Біз сені адамдарға аят–белгі қылу үшін осылай еттік. Ал енді сүйектерге қара, оны қалай құрастырып, кейін (қайтіп) ет қаптайтынымызға?! Оған жағдай айқындалған кезде: «Сөзсіз мен Аллаһтың әр нәрсеге Құдіретті екенін білемін», - деп айтты», - дейді (Бақара сүресі, 259 аят).
Яғни, Аллаһ Тағала оның шіріген сүйекке айналған есегін көз алдында қайта тірілткен.
5. Ибраһим (оған Аллаһтың сәлемі болсын) Раббысынан өліктерді қалай тірілтетінін көрсетуді сұраған. Аллаһ Тағала оған төрт құсты сойып, боршалап, араластырып, оны төртке бөліп төрт тауға апарып қоюды бұйырды. Сосын Раббысының әмірімен Ибраһим (оған Аллаһтың сәлемі болсын) оларды шақырғанда құстардың боршаланған дене мүшелері пайғамбардың көз алдында бірігіп қайта тіріліп келген. Бұл жайында Аллаһ Тағала:
«Ибраһим: «О, Раббым, өлілерді қалай тірілтетініңді маған көрсетші», - деп айтқанын есіңе ал. (Аллаһ): «Сенбейсің бе?», - деді. (Ибраһим): «Әрине (сенемін). Бірақ, жүрегім орнығуы үшін», - деді. (Аллаһ): «Олай болса, құстардың төртеуін ұста да, оларды (сойып, боршалап) алдыңа жиып қой. Сосын бөлшектерін әр таудың төбесіне қой да, оларды шақыр, сол бойда алдыңа жетіп келеді. Әрі Аллаһтың өте Үстем, аса Дана екенін білгейсің», - деді» - деген (Бақара сүресі, 260 аят).
6. Аллаһ Тағала «Каһф» сүресінде баяндалған үңгірдегі жігіттер жайлы: «Олар үңгірлерінде үш жүз жыл жатты. Сондай-ақ (оған) тоғыз (жыл) қосыңдар», - деген (Каһф сүресі, 25 аят).
Яғни, Аллаһ Тағала діндерін сақтап қалу мақсатында жолдан тайған қауымдарынан қашып келіп бір үңгірге паналаған жігіттерді күн тізбесі бойынша үш жүз жыл ұйықтатқан. Ал күн тізбесіне шаққанда бұған тоғыз жыл қосылады.
Аллаһ Тағала Ақырет күніне сенбейтіндердің ақыл-ойына түрткі салады
Адам баласының Аллаһ жаратпастан бұрын биологиялық тұрғыда қандай күйде болатынына назар аударайықшы. Ол әуелде бар-жоғы ештеңеге тұрғысыз бір тамшы ұрық суы ғана болады. Осы бір тамшы су екі жүз елу миллионға жуық тірі жасушалардан тұрады. Адамды осыншалықты көп жасушадан біріктіріп дербес жаратылыс етіп, оны дүниеге әкелген, оған ақыл-ой берген Аллаһ Тағаланың оны қайта тірілтуге құдіреті жетпей ме?! Аллаһ Тағала:
«Адам баласы өзін бір тамшы судан жаратқанымызды көрмей ме? Сонда да ашық қарсылық істейді», Ясин сүресі, 77 аят;
«Адам баласы бос қоя берілеміз деп ойлай ма? Ол (жатырға) тамызылған бір тамшы ұрық суы емес пе еді? Сосын ол ұйыған қан болды. Сонда Аллаһ жаратып, толықтады. Сонда одан екі жыныс; ер және әйел жаратты. (Осының барлығын жасаған Аллаһ) өліктерді қайта тірілтуге Құдіретті емес пе?», - деген (Қиямет сүресі, 36-40 аяттар).
Адамзатты әуелгі жаратқан Аллаһ оларды қайта жаратуға құдіретті емес пе?! Аллаһ Тағала:
«Олар: «Біз сүйектер мен қоқымға айналған кезде жаңа бір жаратылыс болып қайта тірілеміз бе?» - деді. (Мұхаммед) оларға: «Мейлі тас яки темір немесе көкейлеріңдегі ең бір зор жаратылыс болыңдар (бәрібір қайта тірілтілесіңдер)», - де. Содна олар: «Бізді кім қайтара (тірілтеді?)» - дейді. «Сендерді әуелгі рет жаратқан (Аллаһ)» - де. Сонда олар саған бастарын шайқап: «Ол қашан?» - дейді. Сен: «Жақында болар. Сендерді шақырған күні Оны мадақтай жауап бересіңдер де, (дүниеде) аз ғана болдық деп ойлайсыңдар» - деп айт», - деген (Исра сүресі, 49-52 аяттар).
«Ал адам баласы өзін алғаш жаратқанымызда (өзінің) дәнеңе емес екенін жадында ұстамай ма?», - дейді (Мәриям сүресі, 67 аят).
Көк пен жер сияқты үлкен-үлкен нәрселерді жаратқан Аллаһ Тағалаға адамды қайта тірілту не тұрады?! Аллаһ Тағала:
«Сондай көк пен жерді жаратқан (Аллаһ) солар сияқтыны жаратуға Құдіретті емес пе?» - деген (Ясин сүресі, 81 аят).
Сондай-ақ Аллаһ Тағала бір нәрседен оның қарама-қарсысын шығаратынын айтады. Мысалы, салқын су ағаштан ыстық от шығарады. Құдірет иесі:
«Сондай (Аллаһ) сендерге жасыл ағаштан от жасап берді. Сонда сендер одан жағасыңдар», - деген (Ясин сүресі, 80 аят).
Аллаһ Тағала өлі жерді тірілткені сияқты адамдарды да өлгендерінен кейін тірілтетіні жайлы:
«Ол сондай (Аллаһ) рахметінің (жаңбырдың) алдында желдерді сүйінші етіп жібереді. Ауыр бұлттарды көтерген бойда өлі өлкеге жіберіп, сол жерде ол арқылы жаңбыр жаудырып, сонымен әртүрлі жемістерді шығардық. Осылайша өліктерді де тірілтеміз. Мүмкін үгіт аларсыңдар», - деген (Ағраф сүресі, 57 аят).
Сондай-ақ адам әр ұйықтап тұрған сайын өліп-тірілуді сезінеді. Өйткені ұйқы – кіші өлім. Аллаһ Тағала:
«Ол сондай (Аллаһ) түнде сендердің жандарыңды алады. Сондай-ақ күндіз не істегендеріңді біледі. Содан соң белгілі бір мерзім өту үшін сендерді (ұйқыдан) қайта тірілтеді. Соңыра қайтып барар жерлерің – Сол жақ. Содан кейін Ол істегендеріңнің хабарын береді», - деген (Анғам сүресі, 60 аят).
Қайта тіріліп есеп-қисап алынбаса, адамзатты жаратудың мәні болмай қалады. Аллаһ Тағала:
«Біз сендерді бостан-босқа жараттық, ал өздеріңді Бізге қайтарылмаймыз деп ойладыңдар ма?», - деген (Мүминун сүресі, 115 аят).
Ақыретке сенудің пайдасы және оған иланбаудың салдары
Бүгінде адамдар дүниелік қам-қарекеттерін барынша жасап, оны барынша пайдаланып қалуға ұмтылуда. Бірақ пенде Ақыретті де естен шығармау керек. Ақыретпен шұғылдану дегеніміз – дүниелік істерді бір шетке ысырып қою деген сөз емес. Ақыретті танып – білуден біздің алар пайдамыз мол. Мысалы келтірсек:
1. Ақырет күніне сену, ол – ақиданың негізі. Ақырет күніне сенбесек, біз иман келтірушілердің санатына жатпаймыз. Ал имансыз тіршіліктің баяны қандай болмақ?... Аллаһтың азабы келгенде күніміз не болмақ?! Құранда:
«Тур тауына, жазулы Кітапқа, теріге жазулыға, толған Үйге (көктегі Қағбаға), көтерілген төбеге (көкке) және ыстық теңізге серт! Сөзсіз Раббыңның азабы болады. Оны тойтарушы жоқ», - делінген (Тур сүресі, 1-8 аяттар).
Ақыретке сену иманның бір тірегі, тақуалықтың шарты. Бақара сүресінде Аллаһ Тағала тақуа пенделерін сипаттап:
«Сондай ғайыпқа иман келтіргендер, намаз оқығандар және Біздің бергендерімізден (мал дүние) жұмсағандар. Сондай-ақ, саған түсірілгенге (Құранға) және сенен бұрын түсірілген (кітаптарға) иман келтіргендер. Олар Ақыретке анық сенеді», - деген (Бақара сүресі, 3-4 аяттар).
2. Ақырет күніне сену мұсылман адамды жақсылыққа, ізгі амал жасауға ұмтылдырады. Ақырет күні болмаса мұндай ізгі амалдарды істеудің не керегі бар?! Өлім адам өмірінің ең соңғы шегі болатын болса, сауапты амалдарды жасаудың қажеті қанша?!. Демек, Ақыретті танып-білу мүміндерді өздерінің істеген жақсы іс-амалдары үшін сауап алатындарына сендіріп, игілікке үгіттейді. Бұл игіліктің нәтижесі жайлы Аллаһ Тағала:
«Сосын әркімнің еңбегі толық беріледі де олар зұлымдыққа ұшырамайды», - деген (Әли Имран сүресі, 161 аят).
Бұл аяттан ұғарымыз, Ақырет – істеген амалдарымыздың қарымтасын көрер күн.
Сонымен қатар адамдарды бұл дүниенің қызықтарынан жүз бұрып намаз оқуға, ораза ұстауға, Құран оқуға т.с.с. құлшылық түрлерін орындауға жетелейтін нәрсе де – Ақырет күніне деген сенім. Ақыретке сенушілерді Аллаһ Тағала Құранда былай сипаттайды:
«Олар – Раббыларының азабынан қорқушылар», (Мағаридж сүресі, 27 аят);
«Ол Ақыреттен сақтанады және Раббысының рақымын үміт етеді», - деп келтірген (Зумәр сүресі, 9 аят).
Аяттардан аңғарғанымыздай, шынайы мұсылман Ақырет күніне деген үрей мен үміттің арасында өмір сүреді. Төмендегі аятта бұл жайлы:
«Расында олар жақсылықтарға ұмтылып, Бізден үміт пен үрей арасында тілейді және Бізге жан-тәнімен беріледі», - деп анық айтылған (Әнбия сүресі, 90 аят).
Ақырет күніне деген сенім, өміріміздің қай кезеңінде болмасын, бізді тек сауапты амалдарды мейілінше көбірек жасауға ұмтылдырады.
Әбу Дағдағтың (оған Аллаһ разы болсын) өмірінің аяқ шенінде жаңғақ ағашын отырғызғаны риуаят етіледі. Жаңғақ ағашы өнім беру үшін біраз жыл қажет ететіндігі белгілі. Оның мұнысына таңырқаған адамдар оған: «Бұл ағаш өнім берем дегенше сен өмір сүресің бе жоқ па?! Мұның саған қажеті не?» - дегенде, ол (оған Аллаһ разы болсын): «Мен пайдаланбасам, менен кейінгілер пайдаланады. Ал маған сауабы барып тұрады», - деп жауап берген екен.
Міне, бұл Ақыретке сенген адамның көрінісі.
Сондай-ақ осы сенім арқылы адамзат бұл өмірде бір даналық бар екенін түсінеді. Ал Ақырет түгілі Аллаһтың Өзіне сенбейтін кәпірлер жайлы Құранда:
««Дүние тіршілігімізден басқа (тіршілік) жоқ және біз қайта тірілуші емеспіз», - дейді», - деген (Әнғам сүресі, 29 аят).
Аллаһ сақтасын, мұндай сенімдегі адам өмірден бостан-бос өтіп кетеді.
3. Ақырет күніне сену адамдарды харам нәрселерден тосады. Олардың тіршілігін тиянақты етіп, бір қалыпта ұстайды. Әсіресе, қоғамымызда көптеп кездесетін дүние үшін бірін-бірі өлтіруден, ұрлық істеуден, қиянатшылдыққа бой ұрудан қайтарады. Өйткені Ақыретке сенген адам өзінің әр бір үлкен-кіші істерінің сұралатынын түсінеді. Аллаһ Тағала:
«Сол бір күні (Қиямет күні) әр адамның жақсы-жаман істері өз алдарында дайын болады», (Әли Имран сүресі, 30 аят);
«Олар: «Әттеген-ай! Бізге нендей өкініш! Мына кітап кішіні де, үлкенді де тастамай түгендепті», - дейді. Сондай-ақ олар істегендерін әзір табады. Раббың ешкімге зұлымдық қылмайды», - деген (Кәһф сүресі, 49 аят).
Пендені жаман істерден қайтарып тұрушы нәрсе – оның ішкі бақылаушысы. Осы ішкі бақылаушысы жоқ мүшелерге ие болған қоғам жабайылықтан, тағалықта, адамгершілік пен ар-ұяттан жұрдай болған күйде күн кешеді. Сондықтан кәпір қоғамда сабырсыздық, сараңдық, парақорлық, өзімшілдік, маскүнемдік, зинақорлық, құмар ойындары сияқты бұл дүние тіршілігінен барынша ләззат алып қалуға тырысу көріністері орын алады.
4. Ақырет сенімі адамға бұл дүниедегі уақытша қиындықтарға шыдауға, басына түскен қайғы-қасіреттерді көтеруге жәрдемдесіп, оны сабырлыққа үндейді. Ақыретке сенген мүміннің тұла бойы тұнған жақсылық болады. Сухайыбтан (Аллаһ оған разы болсын) риуаят етілген хадисте пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Мүміннің ісі таңғаларлық. Расында оның ісінің бәрі жақсылық және бұл мүміннен басқа ешкімге тән емес. Егер оған шаттық келсе, шүкір қылады және (шаттығы) оған жақсылық болады, ал егер ауыртпалық келсе, сабыр етеді және ол (ауыртпалықта) оған жақсылық болады», - деген (Имам Муслим).
Ал Ақырет күніне сенбейтін пенде жан азабында күн кешеді. Былай деуіміздің себебі, мәселен Ақырет күніне сенбейтін бір адамға залым біреулер қиянат жасап қорлық көрсетсе, мал-мүлкін тартып алса, зорлық қылса, кегін қайтаруға шамасы келмеген әлгі байғұс пенде өзгеде кеткен ақысын кімге барып дауларын білмей, үмітсіздікке тап болып өмірден түңіліп, күйінбей ме? Пәни ғұмырдың өтпелі ауыртпалығына төзбей қаншама адамдар өз-өздеріне қол жұмсап жатыр. Мұнын бәрі Ақыретке сенбеудің салдарынан. Ақыретке деген сенім бізді біреуде кеткен есіміздің қайтуына үміттендіреді. Ал бұл үміттің ақталуы ақиқат, оған күдіктенуге, шүбәлануға болмайды. Аллаһ Тағала:
«Олардың Ақырет туралы білімі жеткілікті ме? Бәлкім олар одан күдікте, тіпті олар оған (байланысты) мүлде соқыр», (Нәміл сүресі, 66 аят);
«Кім ізгі іс істесе, ол өзінің пайдасына. Ал кім жамандық істесе, ол да өзінің зиянына. Раббың пенделерге зұлымдық істеуші емес», (Фуссылат сүресі, 46 аят);
«Сонда кім тозаң түйірінің салмағындай жақсылық істеген болса, оны көреді. Ал кім тозаң түйірінің салмағындай жамандық істесе, оны да көреді», - деп айтқан (Зілзәла сүресі, 7-8 аяттар).
5. Ақырет күніне сену – қоғамның салауаттылығының кепілі болып табылады. Дәл осы сенім әр бір адамды салауатты, нәтижелі, жемісті өмірге бастайды. Бізді өз еркімізбен кедей – кепшіктерге қарайласуға, оларға садақа, зекет беруге не мәжбүрлейді? Әлбетте, бұл біздің Ақырет күніне деген сеніміміз. Ешкім мәжбүрлемей-ақ, өз еркімізбен мал-мүлкіміздің біраз бөлігін кедей-кепшіктерге таратамыз.
Ал Ақырет күніне сенбейтін қоғамда салық төлеуге мәжбүр қылатын нәрсе мемлекет заңынан қорқу ғана. Статистика бойынша кез-келген мұсылман емес елде әр бір жүз адамның сексенге жуығы салық төлеуден қашады екен.
6. Ақырет күніне сенген адам бұл жалған дүниенің қаншалықты қысқа екенін түсініп, өзіне берілген уақытты барынша тиімді әрі ұтымды пайдаланып, аз уақыт жұмсап, көп нәтижеге қол жеткізеді.
7. Ақырет күніне сенген адам пәнидің таразысына емес, бақидың таразысына қарап, дүниенің есебімен емес, Ақыреттің есебімен амал істейді.
8. Ақырет күніне деген сенім – пендені Аллаһ Тағаланың ұлылығын, құдіретін сезінуге мәжбүрлейді. Аллаһ Тағала:
«Қиямет сағаты кірпік қаққандай, тіпті, одан да жақынырақ. Сөзсіз Аллаһ әр нәрсеге Құдіретті», - деп айтқандай (Нахл сүресі, 77 аят), Өзінің құдіретімен Қияметті қас-қағым сәтте-ақ алып келеді.
Міне Аллаһтың құдіретінің шексіздігі. Аллаһ Тағала:
«Адам баласы Біз сүйектерін жинай алмайды деп ойлайма? Әрине, Біз оны саусақтарының ұшына дейін қайта жасауға құдіреттіміз», - деген (Қиямет сүресі, 3-4 аяттар).
Осы аяттарда ишара жасалғандай, қайсыбір адам болмасын оның саусақтарының ізімен ешбір жанның саусақ ізі сәйкес келмейді, тіпті олар егіздер болса да. Бұдан асқан қандай құдірет болуы мүмкін?! Аллаһ Тағала:
«Бұл – Аллаһтың хақ, әрі Оның өліктерді тірілтетіні үшін және Ол әр нәрсеге Құдіретті болғаны үшін. Сондай-ақ, Қияметтің, күдіксіз, келуші және Аллаһтың қабірдегілерді тірілтетіні үшін», - деген (Хадж сүресі, 6-7 аяттар).
9. Ақырет күніне деген иман біздің Аллаһ Тағаланың әділдігіне деген сенімімізді арттырады. Аллаһ Тағала:
«Ешбір күнәһар басқаның күнәсін көтермейді. Күнәсі ауыр болған біреу (күнәсін) көтеруге шақырса, егер, ол жақыны болса да оған еш нәрсе жүктелмейді», - деген (Фатыр сүресі, 18 аят).
Сонымен қатар адам баласы тек өз басының күнәларына ғана жауап беретіндігі жайлы Құран Кәрімнің «Нәджм» сүресінде Аллаһ Тағала:
«Ешбір күнәһар басқаның күнәсін көтермейді. Адамзат үшін өз амалы ғана (пайда береді). Сөз жоқ, амалы (-ның нәтижесі) таяу арада көрінеді. Сонсоң оған (амалының) есесі толық беріледі», - деген (Нәджм сүресі, 38-41 аяттар).
10. Бұл сенім пендені дербес жауапкершілікке үйретіп, өзгелерге сеніп, арқа сүйеп алданып қалмаудан тосады. Өйткені, Ақыретте адам баласына оның ешқандай туысы, арқа сүйер жақындары жәрдем бере алмайды. Ол жайлы Аллаһ Тағала:
«Сол күні кісі туысынан қашады: шешесінен, әкесінен, әйелінен және балаларынан (қашады). Ол күні әркімнің өзіне жететін ісі болады (яғни, әр кім өз халімен әлек)», - деген (Абаса сүресі, 34-37 аяттар).