Articles

 





Демек адам тура жолды ұстанса ол өзінің пайдасына, адасса да өзінің зиянына. Аллаһ Тағала ол күнді сипаттап:





«Сондай-ақ, олардың барлығы Қиямет күні Оған жеке-жеке келеді», - деген (Мәриям сүресі, 95 аят).





Ақыретте әр бір пенде Аллаһтың алдына жеке-жеке, тек өзінің амалымен ғана келеді. Сол күннің азабынан Құранда Аллаһ Тағала адамдарды сақтандыра:





«Ей, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды, отына адамдар мен тастар болған тозақтан сақтаңдар», - деген (Тахрим сүресі, 6 аят).





Бірде пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің жақын туыстарын жинап:





«Ей, Кааб ибн Луэй ұлдары, өздеріңді тозақтан құтқарыңдар! Ей, Мурра ибн Кааб ұлдары, өздеріңді тозақтан құтқарыңдар! Ей, Хашим ұлдары, өздеріңді тозақтан құтқарыңдар! Ей, АбдульМутталиб ұлдары, өздеріңді тозақтан құтқарыңдар! Ей, Мұхаммедтің қызы Фатыма, өзіңді тозақтан құтқар! Өйткені мен сендерге Аллаһтың алдында ешқандай жәрдем бере алмаймын», - деген-ді (Имам Бұхари және Имам Муслим).





Егер адам Ақыретте өзінің туыстарына септігін тигізе алғанда, онда пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) өз жақындарына жәрдем берер еді. Ал ол (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) жақындарына ескерту жасап: «Мен сендерге Аллаһтың алдында ешқандай жәрдем бере алмаймын», - деген.





11. Ақыретке деген сенім адамға қоғам алдында жауапкершілік жүктейді. Бұл жауапкершілік, әсіресе халық қызметіндегі адамдарға қатысты. Осы сенімді қалтықсыз ұстанған әділетті әмірші – Омар ибн аль-Хаттаб (оған Аллаһ разы болсын): «Иракта бір қашыр сүрінсе, Аллаһтың одан мені: «Неге жолды тегістеп қоймадың, ей, Омар?» - деп сұраққа аларын ойлаймын», - деген.





12. Ақырет сенімі адамға өлімді батыл қарсы алуға көмектеседі. Ал Ақыреттік өмірге сенбейтін адамдар өлімнен өлердей қорқады. Олар тірі жаны үшін неден де болсын тайынбайды. Аллаһ Тағала:





«(Мұхаммед) (яһудилердің) адамдардан және мүшриктерден де өмір сүруге тым құмар екенін көресің. Олардың әр бірі мың жыл өмір сүруді қалайды. Алайда ұзақ өмір сүруі оны азаптан арашаламайды. Аллаһ олардың істегендерін толық Көруші», - деген (Бақара сүресі, 96 аят).





Ақыретті танып-білудің қажеттілігі





Бәзбіреулер Ақыретке деген көзқарасын: «Жарайды, Ақыретті танып-білдік дейік. Бірақ бізге Қияметтің қашан келетінін, оның үлкен және кіші белгілерін, оның түрлі жағдайларын білудің қажеті қанша? Біз мұндай нәрселермен айналысқанша, нақты бір істермен неге шұғылданбаймыз? Мысалы: Ислам экономикасын көтеру, үмбетті аяққа тұрғызу, жастарымызға заманауи білім беру сияқты көкейтесті мәселелермен неге айналыспасқа? Неге дегенде, бүгінгі таңда Ислам әлеуметі әлемдік даму сатысына ілесе алмай отыр емес пе? Оларға яжужь-мажуждің пайда болуы жайлы айтқанша, осы кемшіліктеріміздің орнын неге толтырмаймыз?» - деген сияқты ойлармен білдіруі мүмкін.





Біздің мұндай сөздерге айтар уәжіміз:





1. Ақырет жайлы оқып-білу, бұл – дініміздің талабы. Ал дін талабында біз ерікті емеспіз. Сондай-ақ, Ақыретке сену – иманымыздың бір тірегі. Олай болса мұны білуге тиіспіз.





Бұл дүниеде пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Ислам мемлекетінің негізін қалап, Ислам үмбетін көтеру жолында, тіпті, түрлі жиһадтарға шықса да, мұсылмандардың игілігі үшін тер төге жүріп әрдайым өз сахабаларына Ақыретті егжей-тегжейлі түсіндіріп, үйретіп кетті. Сонымен қатар ол (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) екі тарапты тепе-теңдікте ұстап, дүниені де құрды, дінді де түсіндірді. Демек, Ислам біздің де осылай етуімізді қалайды. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) көрсетіп, қалыптастырып кеткен бұл жағдай біздің осы дүниедегі ұстанымымыз болу керек. Сол тұстағы сахабалар мен ізгі буындар осы үйренгендерінен танбай артық сөз, дау-дамай тудырмай, оны дұрыс ұстана білді. Оларды Ақыретке деген шынайы сенім дүниелік істерден тосқан жоқ. Аллаһ Тағала:





«Аллаһтың саған берген (дәулетімен) Ақырет мекенін ізде, сондай-ақ дүниедегі несібеңді де ұмытпа», - деп Құранда ашық айтып, нұсқау берген нәрсеге біз несіне артық сөз айтамыз?! (Қасас сүресі, 77 аят).





Әрине, шын мәнінде де, осы тепе-теңдікті бұзып, бір жақты түсінікпен Исламның тура жолынан ауытқыған адамдар, жамағаттар болған. Әлбетте, біз оларды құптамаймыз.





2. Ақыретті танып-білудегі біздің тағы бір қажеттілігіміз, ол – өзіміз білмейтін нәрселерді оқып-білу, олармен танысу. Адам баласының жаны білмеген нәрсесіне күйгелік келеді. Әсіресе, ол болашақта өзін не күтіп тұрғанын білмесе. Болашақтан үміті жоқ пендеге көз салайықшы. Ол үмітсіздігінің кесірінен түрлі жаман әдеттерге бой алдыруы мүмкін. Мәселен, адам өз болашағын білгісі келіп жұлдызнамаларға жүгініп, бақсы-балгерлерге, астрологиялық болжамдарға ұрынады. Ал, Ақыретті танысақ біздің қолымызда болашағымыз жайлы нақты мәліметтер болады. Ол мәліметтер бізде жетерлік. Енді оларды неге оқып, білмеске? Оның үстіне Қияметтің белгілерін білу біздің иманымызды арттырады. Бұған дәлел: Қияметтің кіші белгілерін алсақ, олар пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) соңынан басталып, осы күнге дейін жалғасын тауып, жүзеге асып жатыр. Осылар біздің иманымызды арттырмай ма?... Ол белгілерді күту пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) айтып кеткен хабарларға сенбеу деген сөз емес. Керісінше, Ибраһим (оған Аллаһтың сәлемі болсын) айтқандай: «Бәлкім, жүрегім орнығу үшін», (Бақара сүресі, 260 аят).





Сондай-ақ Ақырет істері, Қиямет күнінің белгілері жайлы көптеген хадистер келген. Мысалыға, бұл хадистер бізге арамызда бүлік туған жағдайда тура жол нұсқайды. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бүлік жайлы ескертіп: «Сендердің алдарыңда қараңғы түннің бөліктеріндей фитналар тұр. Ондай кісі мүмін күйінде таң атырып, кәпір болып кеш батырады. Мүмін болып кеш батырып, кәпір күйінде таң атырады. Онда отырған тұрғаннан жақсы. Тұрған жүргеннен жақсы, жүрген жүгіргеннен жақсы», - деген (яғни, пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оларды басы артық әрекет жасамауға үндеген).





Сонда сахабалар: «Бізге не бұйырасың, о, Аллаһтың Елшісі?», - деді. Ал пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оларға бүлік жағдайында оған араласпауға бұйырып: «Үйлеріңнен шықпаңдар!», - деді», Әбу Дәуіт риуаят етті.





Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) берген бұл тәлімі сахабаларға ғана емес, бізге де тура жол сілтейді.





Дәл сол сияқты шешімін табуды қажет ететін кейбір шариғат мәселелері бар. Мысалы: ғылым-білім дамып, адамзат мүмкіндігі дәуірлеп тұрған қазіргі уақытта ғарышқа ұшу, тіпті өзге ғарыштық планеталарға (Айға, Марсқа) саяхат жасайтын адамдар пайда болды. Айталық, Марс планетасы уақытының жердегі уақыттан едәуір айырмашылығы бар. Енді мұсылман адам Марсқа бара қалған жағдайда бес уақыт намазын Марс планетасының уақытымен оқи ма жоқ әлде Жердегі уақыт өлшемімен оқи ма? Немесе дәл сол сияқты алты ай күн, алты ай түн болатын солтүстік көлбеу сызығының бойында жатқан кейбір өлкелерде қалай болмақ?...





Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Даджаль туралы әңгімелеп жатқанда, сахабалар: «Ол (Даджаль) жер бетінде қанша (уақыт) болады?» - деп сұрады. Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Қырық күн: (онда) бір күн бір жылдай, бір күн бір айдай, ал бір күн бір жұмадай болады, қалған күндері өз күндерің сияқты», - деген. Сахабалар: «О, Аллаһтың Елшісі! Сол бір жылдай болатын күнде бізге күн мен түннің намазы жеткілікті ме?» - дейді (Яғни, сол күн мен түннің өлшемімен намаз оқимыз ба деген мағынада). Сонда пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Жоқ, оған (өздеріңше) өлшем жасаңдар», - деген (Имам Муслим және Имам Әбу Дәуіт риуаят етті).





Яғни, ол кезде табиғи күннің есебімен намаз оқылады. Бұл үкімдер бізге күнделікті тіршілігімізде қажет болмауы да мүмкін. Бірақ бұл үкімдерді қажет ететін санаулы адамдар бар. Бәлкім бұл үкімдерді білу келешекте маңызы зор, аса қажетті нәрселерге айналуы мүмкін. Сол үшін де біз бұл ілімдерді өшірмей, келер ұрпаққа жеткіземіз. Ақыретке қатысты мәселелерді оқып-үйренуіміздің мәні де осында.





Ақыреттің келуінен бұрын оған ізгі іс-амалдар арқылы қамданудың қажеттілігі





Ақырет жайлы оқып-үйрену адамды мәңгүртікке, көзсоқырлыққа емес керісінше сауапты іс-амалдар жасауға ұмтылдырады. Аллаһ Тағала Құранда:





«Раббыларыңның кешіріміне және тақуалар үшін әзірленген кеңдігі көктер мен жердей жәннатқа жарысыңдар», - десе (Әли Имран сүресі, 133 аят), пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Кісі мүмін боп оянып, кәпір болып кеш батыратын, мүмін болып кеш батырып кәпір боп таң атыратын, дүние мақсатында дінін сата тұғын сондай бір қараңғы түннің бөлігіндей фитналардың алдын іс-амалдармен алыңдар», - деп өсиет еткен (Имам Муслим риуаят етті).





Ал басқа бір хадисте: «Іс-амалдармен алты нәрсенің алдын алыңдар: күннің батыстан шығуының, немесе түтіннің, немесе Даджальдің, немесе жануардың, немесе әрбіріне қатыстының (өлімнің), немесе жалпылық істің (Қияметтің)», - деген (Имам Муслим риуаят етті).





Яғни, Ақыретке деген сенім бізді ол күнге қол қуысырып күтіп отырмай, іс-әрекетпен қамдануға шақырады. Шынында да біз нені күтуіміз керек, көкейімізде туған бұл сұраққа пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) өз хадисінде жауап бере: «Жаңылдырушы жоқшылықты күтесіңдер ме? Немесе мастандырушы байлықты ма, немесе зарарлы ауруды ма, немесе опат етуші кәрілікті ме, немесе (әлі) келмеген (бірақ) күтіліп отырғандардың ең кесірлісі – Даджалді ма, әлде аса ауыр, тым ащы Қияметті ме?!», - деген (Имам әт-Тирмизи риуаят еткен).





Сондай-ақ Әбу Һурайрадан (оған Аллаһ разы болсын) риуаят етіледі: «Бірде пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі келіп: «О, Аллаһтың Елшісі, қай садақаның сауабы үлкен?» - деп сұрайды. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Денің сау боп тұрып, сараң боп тұрып, жоқшылықтан қорқып тұрып және баюды қалап тұрып садақа беруіңнің (сауабы артық)», - деп жауап берген (Имам Муслим риуаят етті).





Демек, мұндай даналыққа толы хадистен ұғарымыз: артық дүниеден берілген садақадан малдың басы құралмай жатып берген садақа абзал. Ауыры Ақыретті ойлап берген садақадан дін – аман, сау кезде берілген садақаның сауабы артық.





Егер біз Ақыретке сенсек, бейғамдыққа салынып күтіп отырмауымыз керек. Өйткені бізге ертеңіміздің қалай болары беймәлім. Аллаһ Тағала құлдарына ескерте Құранда:





«Жан жұтқыншаққа келген кезде», - деген (Уақиға сүресі, 83 аят).





Пенденің қолындағы мал-мүлкіне қатысты екі-ақ жолы бар: оны игілікке пайдалануымыз керек не болмаса артымызда қалады. Кісінің мал дүниесі артында қалатыны жайлы пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) жасы келгендерге арнап: «Есіңде болсын, (мал дүниең) пәленшеге (қалды)», - деген (Имам Бұхари және Имам Муслим риуаят етті).





Ал Құранда Аллаһ Тағала: «Олар (тозақта): «Раббымыз, бізді тозақтан шығар! Істеген амалдарымыздан басқа жақсы амалдар істейік», - деп шыңғырады. «Біз сендерге үгіт алғысы келген кісі үгіт алатын өмір бермедік пе? Әрі сендерге ескертуші де келген еді. Енді татыңдар, залымдар үшін еш бір көмек жоқ», - (делінеді)», - деген (Фатыр сүресі, 37 аят).





Аллаһ Тағаланың аяттағы «Біз сендерге үгіт алғысы келген кісі үгіт алатын өмір бермедік пе?» деген сөзінің түсіндірмесін Абдуллаһ ибн Аббас (ол екеуіне Аллаһ разы болсын) және басқа да тәпсір ғалымдары: «Сендерді алпыс жасқа жеткізбедік пе?» деп тәпсірлеген. Бұдан аңғаратынымыз, адам баласына алпыс жыл мұрсат берілген. Ал алпыс жастан кейін пендеде айтар уәж (үзір) қалмайды. Әбу Һурайрадан (оған Аллаһ разы болсын) риуаят етілген хадисте пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаһ Тағала кісіге үзір беріп, оның мерзімін ол алпыс жасқа жеткенге дейін кешеуілдеткен», - дейді (Имам әл-Бухари риуаят етті).





Аллаһ Тағала өмірімізді ізгі нәрселермен ұзартқай! Алайда пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Менің үмбетімнің өмір жастары алпыс пен жетпістің арасында», - деген (Имам әт-Тирмизи және Имам ибн Маджаһ риуаят етті).





Ғұмырының көбі өтіп, азы қалған мұсылман кейін опық жеміс үшін дүние істерінен гөрі Ақыретін ойлау керек. Қалай болғанда да, мұнан кейін бұл дүниеде оған Ақыретін қамдаудан басқа еш нәрсе қалған жоқ. Бұл сөзіміз құлаққа түрпідей тиіп, жүрекке қорқыныш тудырғанмен, мақсатымыз – мұсылман бауырларды қорқыту емес, қапыда қалмаулары үшін олардың естеріне Ақыретті салу.





Ақыретке қатысты үрей мен үміт





Расында да Ақыретке қатысты әңгімеден адам бойында үрей, қорқыныш тууы мүмкін. Бірақ бұл жәннатқа жетелейтін пайдалы қорқыныш. Мүміннің өзі «үміт пен қорқыныштың арасында жүреді» деп сипатталады емес пе?... Мүмін-мұсылмандарды қорқытып, үрейлендіріп, сонымен қатар оларды үміттендіріп келген Құран аяттары мен пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) хадистері жетерлік. Аллаһ Тағала ескерте:





«Менен ғана қорқыңдар!», (Бақара сүресі, 40 аят);





«Расында Раббыңның қолға алуы өте қатты», (Бурудж сүресі, 12 аят);





«(Тұрғындары) залым болған ауылдарды қолға алғанда, Раббыңның қолға алуы осындай (болды). Расында Оның қолға алуы (яғни, жазалауы) күйзелтуші әрі қатты. Күдіксіз осында Ақырет азабынан қорыққан (кісілер үшін) анық дәлел бар. Бұл адамдар сол үшін жиналатын күн. Сондай-ақ ол (бәрі де) әзір болатын бір күн. Біз оны (яғни, Қиямет күнін) санаулы бір мерзімге ғана кешіктіреміз. Ол күн келгенде Аллаһтың рұқсатынсыз ешкім де сөйлемейді. Олардың сорлысы да бақыттысы да бар. Сонда сорлағандар тозақта ыңыранып, шыңғырады», (Һуд сүресі, 102-106 аяттар);





«Сол күні кісі туысынан қашады: шешесінен, әкесінен, әйелінен және балаларынан (қашады). Ол күні әркімнің өзіне жететін ісі болады», (Абаса сүресі, 34-37 аяттар);





«Әй, адамдар! Раббыларыңнан қорқыңдар! Расында Қияметтің сілкінісі үлкен нәрсе. Ол күні әр емізушінің емізуді қойғанын және әрбір буаз жәндіктің іш тастағанын көресің. Және де адамдарды мас түрде көресің. Негізінде олар мас емес. Бірақ Аллаһтың азабы қатты», - деген (Хадж сүресі, 1-2 аяттар).





Осы құдай алдындағы қорқыныш пендені жәннатқа жеткізеді. Аллаһ Тағаланың Өзі:





«Раббысының алдында тұрудан қорыққан кісіге екі жәннат бар», (Ар-Рахман сүресі, 46 аят), - деп көрсеткендей бұл қорқыныш бізді жәннатқа жол табуымыз үшін ізгі іс-амалдар жасауға ынталандырады.





Аллаһ Тағала жәннаттағылардың өзара бір-біріне айтқан сөздері жайлы: «Олар бір-біріне қарама-қарсы (отырып) сұрасады. «Расында Біз бұрын (дүниеде) отбасымызда қорқушы едік. Сондықтан Аллаһ бізге кеңшілік етті де захарлы азаптан қорғады. Расында біз бұрын Аллаһқа жалбарынушы едік. Өйткені Ол игілік Істеуші, ерекше Мейірімді», - деседі», - деген (Тур сүресі, 25-28 аяттар).





Енді пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетіне ескертіп айтқан мына бір керемет айтылған хадиске құлақ түрейік: «Мен сендердің көрмейтіңдеріңді көремін және естімейтіңдеріңді естимін! Аспан қайысты! Оның қайысуға хақысы бар! Онда Аллаһ Тағала маңдайын сәждеге қойып тұрған періште (болмаған) төрт елі (бос) жер жоқ! Аллаһпен ант етейін! Сендер мен білген нәрсені білгендеріңде еді?! Онда сөзсіз аз күліп, көп жылайтын едіңдер, төсекте әйелдермен ләззаттанбайтын едіңдер, жолға шықпайтын едіңдер. Тек Аллаһ Тағалаға жалбарынар едіңдер!», - деген (Имам әт-Тирмизи риуаят етті).





Бірақ адам баласы бұл қорқынышты естерінен шығарады, ұмытады, өйткені оларды көзімен көре алмайды. Бұл да болса Аллаһтың пенделеріне деген мейірімі мен кеңшілігінің көрінісі. Егер шын мәнінде біз қорқатын нәрселер көз алдымызда тұрған күніміз не болар еді?! Мысалы, Аллаһ Тағала адамдарға тозақтың өзін былай қойып оның кішкентай бір бөлігін көрсетіп қояр болса, біз қорқыныштан өз-өзімізді жоғалтып, есімізден танар едік.





Сондай-ақ пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Қиямет күнін сипаттай отырып: «Қиямет күні адам баласы, қашан ол өмірінен, оны не нәрседе өткізгендігі және іс-амалынан, оны не нәрседе істегендігі және мал-дүниесінен, оны қайдан тауып, қайда жұмсағандығы және тәнінен, оны не нәрседе пайдаланғандығынан сұралмайынша, оның екі аяғы қозғалмайды», - деген (Имам әт-Тирмизи риуаят етті).





Сонымен қатар Әбу Һурайрадан (оған Аллаһ разы болсын) риуаят етіледі: Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Аллаһ Тағаланың: «Ол күні жер хабарларын айтады», - деген аятын оқып (Зілзәлә сүресі, 4 аят): «Сендер оның хабарларының не екенін білесіңдер ме?» - деп сұраған. Сахабалар: «Аллаһ және Оның Елшісі жақсы біледі», - деп жауап берді. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «(Жердің) хабарлары оның Қиямет күні өзінің бетінде әр бір еркек пенде мен әр бір әйел пенденің не істегеніне куәлік беруі. (Жер): «(Пәленше) мына-мына күні, мынаны-мынаны істеді», - дейді. Оның хабарлары осы», - деген (Имам Ахмад риуаят етті).





Әбу Сағид әл-Худриден (оған Аллаһ разы болсын) риуаят етілген хадисте пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Қалай ләззаттанайын?...Кернейдің иесі (Исрафил (оған Аллаһтың сәлемі болсын)) кернейді ауызға алып, маңдайын иіп, құлағын тосып үрлеуге бұйрық күтіп тұр. (Қашан бұйырылады), үрлейді», - деген (Имам әт-Тирмизи риуаят етті).





Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бұл сөзі Ақыреттің қаншалықты жақын қалғандығын аңғартады. Исрафил (оған Аллаһтың сәлемі болсын) кернейін үруге бұйрық күтіп дайын тұр. Бұл Ақыреттің басталуының белгісі. Мұндай суық хабардан пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) сахабалары үрейленіп қалды. Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оларға: «Аллаһ бізге жеткілікті. Ол өте жақсы Уәкіл. Раббымыз Аллаһқа тәуекел қылдық», - деп айтыңдар», - деген (Имам әт-Тирмизи риуаят етті).





Біз мүмін-мұсылмандар қанша жерден ынта-жігеріміз күшті болып, амалдарымыз көбейіп, сауаптарымыз артса да, Аллаһтың рақымына ілікпей жәннатқа жете алмаймыз. Тек Аллаһ Тағаланың мейірімімен ғана жәннаттың есігін аша аламыз.





Рас, Ақырет қорқынышты-ақ. Бірақ бұл адамның сағын сындыратын, жүнін жығатын, үмітсіздікке бой алдыратын қорқыныш емес, керісінше пайдалы, нәтижелі қорқыныш. Бұл айтқанымызға пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім қорықса, асығады», - деген сөзі айқын дәлел.





Яғни, Ақыреттегі Аллаһтың азабынан қорыққан пенде бейғамдыққа салынбай, сауапты амалдар істеп, түрлі жақсылықтар жасап, Қияметін қамдайды.





Мұнан кейін пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) сөзін жалғап: «...Ал кім асықса, қонысқа жетеді. Аллаһтың тауары қымбат емес пе? Ал, Аллаһтың тауары – жәннат емес пе?», - деген (Имам әт-Тирмизи риуаят етті).





Демек, Аллаһ Тағаланың бұл қымбат тауарына қол жеткізу үшін талмай тер төгу керек.





Біз жоғарыда айтылған әңгімелерден бауырларымыздың жүрегіне түскен қорқынышты сейілту үшін үміт жайлы айтылған Құран және хадис сөздерінен бір-екі дәйек келтірейік. Мысалы, Аллаһ Тағала Құранда мүмін құлдарына: «(Мұхаммад) айт: «Ей, өздеріне зиян қылған құлдарым! Аллаһтың рахметіне күдер үзбеңдер. Аллаһ барша күнәларды кешіреді. Өйткені Ол аса Кешірімшіл, өте Мейірімді», (Зумар сүресі, 53 аят);





«Рахметім әр нәрсені сыйдырады», - дейді (Ағраф сүресі, 156 аят).





Ал пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) үміт жайлы өз сөздерінде не айтқан еді?





Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаһ Тағала: «Кім (Маған) бір жақсылықпен келсе, оған дәл сондай он (жақсылық беремін) немесе (одан да) арттырамын. Ал кім бір жамандықпен келсе, жамандықтың жазасы дәл сондай бір жамандық немесе кешіремін. Кім Маған бір қарыс жақындаса, Мен оған бір кез жақындаймын. Ал кім Маған бір кез жақындаса, Мен оған бір құлаш жақындаймын. Кім Маған жүріп келсе, Мен оған жүгіріп барамын. Кім маған жер толы қателіктермен, Маған ештеңені серік қоспай жолықса, Мен оны дәл сондай кешіріммен қарсы аламын», - деп айтады», - деген (Имам Муслим риуаят етті).





Джабирден (оған Аллаһ разы болсын) риуаят етіледі: Бір бәдәуи пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «О, Аллаһтың Елшісі! Уәжіп болатын екі нәрсе не?» - деп сұрағанда, пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім Аллаһқа ештеңені серік қоспай өлсе, жәннатқа кіреді де, оған жәннат уәжіп болады. Ал Оған бір нәрсені серік қосып өлсе, тозаққа кіреді де, оған тозақ уәжіп болады», - деп жауап берген (Имам Ахмад риуаят етеді).





Демек таухид жәннатты, ал ширк тозақты уәжіп қылады екен.





Анастан (оған Аллаһ разы болсын) риуаят етілуі бойынша, бірде пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Муаз (оған Аллаһ разы болсын) арқасына мінгесіп келе жатқанда: «Ей, Муаз!» - дейді. Муаз (оған Аллаһ разы болсын): «Ляббай, о, Аллаһтың Елшісі!» - деп жауап береді. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қайтадан: «Ей, Муаз!» - дейді. Муаз (оған Аллаһ разы болсын): «Ляббай, о, Аллаһтың Елшісі!» - деп жауап береді. Сонан соң пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Қайсы бір пенде шын ниетімен Аллаһтан өзге құдай жоқтығына және Мұхаммед Оның құлы әрі Елшісі екендігіне куәлік берсе, Аллаһ Тағала оған тозақты харам етеді» - деген.





Сонда Муаз (оған Аллаһ разы болсын) пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «О, Аллаһтың Елшісі! Адамдарды сүйіншілеп хабарлайын ба?» - деп сұрады. Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Онда олар (бұл сөзге) арқа сүйеп кетеді», - деп бұл айтқан сөзінен адамдардың хабардар болуын құп көрмеді (Имам әл-Бұхари және Имам Муслим риуаят етті).





Расында да бұл хадисті естіген мүмін: «Маған Аллаһ тозақты харам етіп қойған» деген ойға келіп, түрлі күнәларға ұрынуы мүмкін ғой? Сол үшін де пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) мұны адамдардан жасырған. Ал хадисті естіген жалғыз Муаз (оған Аллаһ разы болсын), пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) дүние салғанға дейін бұл естігені жайлы ешкімге тіс жармады. Тек Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеден өткеннен кейін ғана барып, өлер алдында адамдарға айтып берген.





Сондай-ақ пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаһтан басқа құдай жоқтығына және мен Аллаһтың Елшісі екендігіме куәлік беремін. Қайсы бір шәк-шүбәсіз осы екеуімен Аллаһқа жолықса, жәннаттан тосылып қалмайды», - деген (Имам Муслим риуаят етті).





Қателік жіберу, күнә істеу ол адам баласының табиғаты. Бұл заңдылық. Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендер күнә жасамағандарыңда (еді), Аллаһ Тағала күнә істейтін, сөйтіп (Өзі) оларды кешіретін (басқа бір) жаратылыс жаратар еді», - деген (Имам Муслим риуаят етті).





Біз күнә жасаймыз да, сосын Аллаһтан кешірім сұрап, оның ақырынан қорқамыз. Бірақ күнә жасадық екен деп Аллаһтың рақымынан үміт үзбейміз. Осылайша үміт пен қорқыныштың арасында өмір кешеміз. Егер осы екеуін теңестіре алсақ, онда Ақыретте жетістікке жетеріміз хақ.



Recent Posts

ИМАМ АБУ ХАНИФАНЫҢ ӨМ ...

ИМАМ АБУ ХАНИФАНЫҢ ӨМІРІ ЖӘНЕ СЕНІМІ 3

ИМАМ АБУ ХАНИФАНЫҢ ӨМ ...

ИМАМ АБУ ХАНИФАНЫҢ ӨМІРІ ЖӘНЕ СЕНІМІ 2

ИМАМ АБУ ХАНИФАНЫҢ ӨМ ...

ИМАМ АБУ ХАНИФАНЫҢ ӨМІРІ ЖӘНЕ СЕНІМІ 1

Зәкат әл-фитр (Пітір ...

Зәкат әл-фитр (Пітір садақасы)