Articles

Аллаһқа иман келтіру





الإيمان بالله





қазақ тілі – Kazakh – كازاخي





islamhouse.com





Аллаһқа иман келтіру





«Пайғамбар да, мүміндер де Раббылары тарапынан түсірілген нәрсеге иман келтірді. Олардың барлығы да Аллаһ Тағалаға, періштелеріне, кітаптарына және пайғамбарларына иман келтірді. Мүміндер: «Пайғамбарлардың араларын бөліп, жармаймыз. Біз Раббымыздың әмірін естідік, оған бой ұсындық. Раббымыз! Сенен жарылқау тілейміз, өйткені қайта тірілгеннен кейін қайтып барар жеріміз Сенің алдың» - деді», Аль-Бақара сүресі, 285 аят.





«Ей, мүміндер! Аллаһ Тағалаға, Оның Пайғамбарына және оған Раббысы тарапынан түсірілген Құранға, сондай-ақ, Құраннан бұрын түсірілген Кітаптарға иман келтіріңдер! Ал кім Аллаһ Тағалаға, Оның періштелеріне, Кітаптарына, Елшілеріне және Ақырет күніне иман келтірмесе, ол ақиқаттан тым ұзақ адасқан болады», Ан-Ниса сүресі, 136 аят.





«Кейін Жәбраил (оған Аллаһтың сәлемі болсын): «Маған иманның не екенін айтшы,» - дегенде Мұхаммад (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Иман – Аллаһ Тағалаға, Оның періштелеріне, Кітаптарына, Пайғамбарларына, Ақырет күніне және жақсылық пен жамандықтың белгіленуі Аллаһ Тағаладан екеніне сенуің» - деп жауап берді», Хадистен үзінді.





Хадисті Омар бин Хаттаб және Әбу Һурайрадан (ол екеуіне Аллаһ разы болсын) Имам Бұхари және Имам Муслим риуаят етті.





Әрбір мұсылман иман келтіруі талап етілетін алты парыз: Аллаһ Тағалаға, Оның періштелеріне, Кітаптарына, Пайғамбарларына, Ақырет күніне, жақсылық пен жамандықтың тағдыры Аллаһ Тағаладан екеніне иман келтіру – иманның шарттары деп аталады. Пайғамбарлардың жіберілуі мен Кітаптардың түсірілуі алдымен адамдарға осы алты парызды жеткізу.





Иманның алты шартын толық қабылдамай ешбір адам иман келтірген болып есептелмейді, яғни, оның кәміл мұсылман екендігінде нұқсан және күмән болады. Сондай-ақ, алты шарттың біріне нанбаған кісі мүлдем діннен шығады.





Иман (الإيمان) сөзі тілдік мағынасы: бір нәрсені білу, растау, мақұлдау деген мағыналарға құрылған, ал шариғи мағынасы – Аллаһтың барлығына және Біреу екеніне сену, Оның Есім, Сипаттарын білу, растау, мойындау және шариғатын орындау.





Иманның алғашқы шарты төрт нәрсеге негізделеді.





Біріншісі: Аллаһ Тағаланың барлығына иман келтіру.





Екіншісі: Таухид рубубия – Барлық істерінде Аллаһ Тағаланы жалғыз деп біліп, жалғыз Аллаһ Тағаланы барлық нәрсені Жаратушысы, Ырыздық берушісі, жан беруші-алушысы және барлық әлемдердің Иесі деп мойындау.





Үшіншісі: Таухид улухия – Аллаһ Тағаладан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ деп сеніп, барлық құлшылық-ғибадаттарды Аллаһ Тағаланың тек Өзіне арнау.





Төртіншісі: Таухид асма уа сифат – Құран Кәрім мен Пайғамбарымыз Мұхамметтің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде көрсетілген Аллаһ Тағалаға тән есімдер мен сипаттарды мойындау.





Аллаһтың барлығына иман келтіру.





Есті адам табиғаттағы заттардың таңғажайып өзара үйлесімділігіне және ешқандай сәйкессіздіктердің жоқ екендігіне қарап-ақ әлемдегі заңдылықтарды бір жүйеге келтіруші күштің бар екеніне көзін жеткізері анық. Алайда, бұл өмірдегі құбылыстар мен заттарға әр адам өз тұрғысынан қарайды. Мысалы, әлем мен адамзаттың жаратылуы туралы бес түрлі пікір қалыптасқан:





Бірінші пікір: Бізді қоршаған әлемде, біз өзіміз де кездейсоқ, кенеттен пайда болғанбыз.





Екінші пікір: Барлық нәрсе судан, ал адам маймылдан жаралған.





Үшінші пікір: Қимылсыздық халінде болған шаң бөлшектері қозғалысқа түсіп, әрбір бөлшек өз бойындағы тартыс күш негізінде, бірі-біріне қосылып, нығаю нәтижесінде.





Төртінші пікір: Су құрамындағы биологиялық клеткалар химиялық реакцияға түсуі нәтижесінде.





Бесінші пікір: Барлық нәрсенің Жаратушысы болған Аллаһ Тағаланың қалауы нәтижесінде.





Енді осы бес пікірді талқыға салайық.





Бірінші пікір: Бізді қоршаған әлем, біз өзіміз де кездейсоқ, кенеттен пайда болғанбыз.





Біреу: «Мен аялдамада тұрғанымда, менен біраз қашықтықта кенеттен бір адам немесе басқа бір нәрсе пайда болады,» - десе, сіз оның сөзіне сенер ме едіңіз? Сенбейсіз. Неге? Өйткені, сіз үшін ондай жағдай болмайтыны аян. Демек, еш нәрсе өз-өзінен пайда болмайды. Керісінше, «сол нәрсені» «пайда етуші» керек. Бұл «кездейсоқ, кенеттен пайда болды» деген сөзге қатысты бірінші пікір.





Үй салардан бұрын құрылысшы қажет болған құрылыс заттарын дайындайды. Сізге біреу: «Бір құрылысшы құрылыс заттарын бір орынға жинаған еді, әрбір құрылыс заты, яғни, кірпіш, еден ағаштары, тақтайлар керекті орынына өздері барып орналасты.» - деген сөзіне сенер ме едіңіз? Жоқ. Неге? Өйткені бұл сөздің де қисыны жоқ.





Құран Кәрімнің Хиджр сүресінде мынадай аят бар: «Барша нәрсенің қоры Біздің қолымызда және Біз барлық нәрсені белгілі мөлшермен түсіреміз», Хиджр сүресі, 22 аят.





Ал Рағд сүресінде былай делінген: «Оның қасында барлық нәрсе өлшеулі», Рағд сүресі, 8 аят.





Шынында да, айналамызға қараңызшы. Мұқият қарасаңыз бізді қоршаған әлемде әр нәрсенің өзіне тән мөлшері, қозғалыс реті барлығын байқайсыз.





Мысалы, оттегін алайық. Ғалымдардың есептері бойынша жер бетінде оттегінің көлемі 21% құрайды. Ал жер бетіндегі оттегі көлемі 21% емес, 50% болса не болады? Жер бетіндегі жанатын заттардың барлығы отқа оранар еді.





Жер бетіндегі барлық жәндік дем алғанда ішіне оттегіні алып, өзінен көмірқышқыл газын (карбонат ангидрид) шығарады. Ал, өсімдіктер керісінше – ішіне көмірқышқыл газын алып, өзінен оттегін бөліп шығарады. Егер бұл алмасу процесі бұзылса, барлық жәндік пен өсімдіктердің тіршілігі бұзылар еді. Демек, оттегі болмаса жәндік болмайды, ал көмірқышқыл газы болмаса жер бетінде өсімдік қалмайды.





Күннің ыстығы жер бетіне белгілі мөлшерде түсіп тұрады. Егер жер бетіне түсіп тұрған күн қызуының мөлшері қазіргі уақытта түсіп тұрған мөлшерден жарым есе азайса, бүтін жер жүзін мұз басады. Сондай-ақ, керісінше күннің ыстығы жарым есе көбейсе, бүкіл дүние жанып кетеді. Демек, күннің ыстығы да белгілі мөлшерде.





«Күн өзіне белгіленген шеңберде жүреді. Бұл Аса Өктем, әр нәрсені Білуші Аллаһтың өлшеуі. Ескі құрманың қураған бұтағындай болғанға дейін айдың орындарын да өлшеп қойдық. Күннің айға жетуі мүмкін емес, түн де күннен оза алмайды. Бәрі де көкте жүзеді», Ясин сүресі, 38-40 аяттары.





Бұл аятта Құран Кәрім аспан денелерінің бәрі белгілі бір жүйемен қозғалуын баян етеді. Бұл айтылғандарға 14 ғасыр өте астроном ғалымдар көз жеткізіп жатыр. Олардың зерттеулері бойынша Күн және Күн жүйесіндегі барлық ғаламшарлар бір жарық жұлдыздың бағытында қозғалуда. Аяттағы: «Күн, Ай және жұлдыздар, әрбірі көкте жүзеді» - деген сөз қазір ешкімге таң емес. Күн жүйесіндегі барлық ғаламшарлар Күннің тартылысы күшінің әсерімен Күнді эллипс түрінде айналады емес пе?





Шын мәнінде әр нәрсенің белгілі шарты, заңды қисыны болады. Адамнан адам туады, жиырма бестегі ер азамат жетпіске келгенде қаусаған шал болады, оқыған озып, оқымаған тозады. Бірақ жоқтан еш нәрсе өздігінен пайда болмайды.





Ал, енді ойланып көріңіз – бізді қоршаған әлем, әлемдегі қатаң тәртіпке бағынышты болған құбылыс атаулар өзінен өзі, кенеттен пайда болуы мүмкін бе?





Екінші пікір: Барлық нәрсе судан, ал адам маймылдан жаралған.





Осыдан бірнеше жүз жыл бұрын адамдар арасында жансыз қоспалардан дәйекті түрде болатын өзгерістердің нәтижесінде тірі жәндік пайда болуы мүмкін деген пікір қалыптасқан болатын. Адамдардың көбісі, тамақ қалдықтарын бір орынға қалдырса уақыт өте олардан шыбын, тышқан, егеуқұйрық сияқты жәндіктер пайда болады деген ойда болған.





Сол уақытта Франческо Рэди есімді кісі жоғарыда айтылған пікірдің қате екенін ғылыми түрде дәлелдеу мақсатында тамақ қалдықтардың үстін шыбынды жолатпау үшін дәкемен жауып ашық жерге қояды. Уақыт өте тамақ қалдықтары кептірілген затқа айналды. Осылайша өте қарапайым жолмен Рэди өз замандастарына жәндік жансыз нәрседен пайда болуы мүмкін емес екенін дәлелдеген. Ойлап қарасаңыз, Фраческо Рэди замандастарының көзқарастары біздің ғылым мен техника дамыған дәуірімізде біршама ағайындарымыздың санасына сіңіп қалған тәрізді. Ол даму (эволюция) теориясы.





Даму теориясы кездейсоқтық негізінде жансыз нәрсе тірі жәндікке айналады деген «ақиқат» көзқарасқа негізделді.





Ал, жаратылыстану ғалымдары ше, олар не?





Зерттеу нәтижесінде бүкіл әлемнің ғалымдары тіршілік өз бастауын тіршіліктен алады, жанды нәрсе бойында жаны болмаған нәрседен пайда бола алмайды деген қорытындыға келген. Биологияда бұл «биогенез заңдылығы» деп аталады.





Биология ғалымдары биологиялық клетканы органикалық әлемнің негізгі ұясы ретінде қарастырады. Осы уақытқа дейін бірде-бір ғалым органикалық емес заттардан тірі биологиялық клетканың пайда болуын байқаған емес. Қазіргі уақыттың өзінде технологияның ең жоғары деңгейдегі жетістіктері негізінде биология ғалымдары бір органикалық клетканы қолдан жасауға дәрменсіз. Ал, адам бойындағы клетка саны жүз триллионнан астам. Олардың кейбірі кішкентай болғандығы сонша, олардың миллионы ине ұшына сиып кетері анық.





Жалғыз клетканың өзі биологтарды таңдандыруда. Өйткені, бір клетканың өзі триллиондаған молекулалардан құралады. Молекулалар, клетка бойында биохимиялық реакциялардың айна қатесіз болуына жауапты сан-алуан күрделі жүйелердің құрылыс бөлшектері қызметін атқарады.





Биология ғалымдарының бірі клетканың таңғажайып құрылысына қатысты былай пікір білдірген: «Бір клетканың қалай жұмыс істейтінін толық зерттеп білгеннің өзінде, соның өзі біз үшін өзімізді-өзіміз алдау болар еді. Өйткені, сезімталдық, ойлау, мінез-құлық, есте сақтау және де басқа сезімдерді нерв клеткаларын пайда ету жолдарын молекулалық биология тілімен бейнелеп түсіндіру қазіргі уақытқа мүмкін емес және қай кезде мүмкін болары белгісіз» (National geographic, сентябрь, 1976 жыл, 355 бет)





Шын мәнінде, бүкіл әлемді жаратқан Аллаһ Тағаланың құдіреті мен білімі шексіз.





«Құранның ақиқат екені айқындалғанға дейін әлем көкжиегінен және өздерінен оларға белгілерімізді жақында көрсетеміз. Расында Раббыңның әр нәрсеге куә екені саған жеткілікті емес пе?», Фуссылат сүресі, 53 аят.





«Сендердің Раббыларың Аллаһ Тағала. Одан басқа құдай жоқ. Ол барлық нәрсені Жаратушы. Ендеше Оған құлшылық етіңдер!», Аль-Анғам сүресі, 102 аят.





Өкінішке орай қазіргі уақытта жаңа талпынып жүре бастаған жас нәрестеге, көп жағдайда оның Жаратушысы бар екенін ата-анасының өзі де айтпайды. Ал, нәрестелік шағынан Аллаһ бар деген ұғымды бойына сіңірмеген бала өсе келе рухани кедей, имандылық сабақтарынан махрум болғанынан айналасына қатерлі адам болып қалыптасуы мүмкін. Ата-ананың осалдығына қоса, мектеп қабырғасында, айналасындағы әлеммен жаңа танысып келе жатқан жас өспірімнің санасына ғылыми түрде дәлелденбеген эволюциялық даму теориясы құйылады. Осы эволюциялық даму теориясы жөнінде де ой бөлісіп көрейік.





Жерді Аллаһ Тағала жаратпаған, жер өздігінен, бетінде топырақ қыртыстары жылдан-жылға өсу нәтижесінде пайда болған деген пікірді айтқан ең алғашқы ғалымсымақтардың бірі геолог Джеймс Хаттон (1726-1797жж) болатын. Бұл жайлы Хален Куртиз өзінің биология оқулығында ерекше айтып өткен. Жаратылыстану ғылымы саласында Джеймс Хаттонның теориясы «униформизм» деп аталады.





Джеймс Хаттоннан кейін даму теориясына көп ат салысқан ағылшын ғалымы Чарльз Лайель (1797-1875жж) 1830-1833 жылдары Лайель өзінің «Геология негіздері» атты үш томдық еңбегін жариялайды. Лайель де өзінің геологияға қатысты көптеген мағлұматтарды қамтыған еңбегіне сүйене отырып, жердің – сыртқы күш әсерімен емес, өздігінен жаратылғанын дәлелдеуге тырысады.





Ал, енді Чарльз Лайельдің өмір сүрген уақытында Ұлыбританияның саяси жағдайымен Лайельдің сол уақытта Британиядағы монархия жүйесіне қарсы күрес жүргізуші бір топ юристтер мен парламентшілердің қатарында болғанын ескерсек, Чарльз Лайель ненің негізінде даму теориясын қолдағаны анық болып шыға келеді.





Чарльз Лайель өмір сүрген дәуірде Британиядағы монархиялық жүйенің таянышы христиан дініндегі протестанттық шіркеу басшысы болатын. Себебі шіркеу қызметкерлері бұқара халықтың арасында: «Патша Құдайдың қалауымен таққа отырады. Демек, патша жер бетіндегі Жаратушысының өкілі.» - деген пікір таратып, сол арқылы патшаның билігіне бас июге өте күшті ықпал жасайтын. Монархияның қарсыластары патша билігінің негізгі тірегі шіркеу екенін түсініп, халықты ең алдымен дінге қарсы қоюға тырысады.





Френсис Хитчинг өзінің «Всемирный Атлас чудес» кітабінда Лайельдің даму теориясы саласында пәрменді зерттеу жасау себебін анықтап: «Инжильдегі дүниенің жаратылуы теориясына тойтарыс беретін «униформизм» теориясының пайда болуына ғылыми себеп қанша болса, саяси себеп те соншалық болған» - деген. Даму теориясы саласында Джеймс Хаттон мен Чарльз Лайельдің есімдерімен қатар аталатындардың бірі, ағылшын табиғат зерттеушісі Чарльз Дарвин (1808-1882жж).





Дарвиннің Д.Хаттон мен Лайельден ерекшелігі, Жаратушысының барлығын жоққа шығармаған (осыны биология, зоология, табиғаттану мамандары ерекше ескерсе жақсы болар еді). Дарвиннің пікірінше: тірі материяны Жаратушы жаратқан, яғни Аллаһ ең әуелі бір немесе бірнеше тіршілік иелерін жаратқан. Осыдан кейін жер бетіндегі қалған тіршілік иелері, Дарвиннің теориясы бойынша, Аллаһ Тағаланың араласуынсыз өздігінен пайда болған. Осы пікір негізінде Дарвин өзінің «Түрлердің пайда болуы» кітабінда адам баласы Аллаһ Тағаланың жаратқан мақұлығы емес, керісінше, табиғи сұрыпталудың жемісі, яғни, адам тәрізді маймылдар ұрпағы ретінде көрсеткен.





Қазіргі уақытта Дарвиннің бұл пікірін (ия, бар болғаны пікірін. Себебі, Дарвиннің өзі де, Дарвиннен кейінгі табиғаттанушылар да адамның адам тәрізді маймылдан жаралғандығына бірде-бір нақты дәлел келтіре алмаған) жалғанға шығаруға болмайтын ақиқат ретінде қабылдайтындар аз емес.





Осы уақытқа дейін табиғаттанушылар тапқан тасқа айналған сүйек қалдықтары нақты адам немесе маймыл сүйегі болып шығып жатыр.





Маймылдың (немесе адамның) жартылай маймыл немесе жартылай адам болған уақыт аралығына қатысты дәлел болатын шіріген сүйек те жоқ. Дарвиннің даму теориясы рас, дәлелденген болса оған қатысты дәлел қайда? Бір қызығы, осы жердегі осалдықтарын табиғаттанушы ғалымдардың өздері мойындап тұрса да: «Жоқ, дәлел бар. Ол Дарвиннің теориясы. Дарвиннің теориясы дәлелденген» - деп дауласады. Немен? Құр сөзбен бе?!





Айтпақшы бір дәлел бар. Ол қопарылған топырақтың арасынан табылған тіс. Біршама табиғаттанушы ғалымдар бұл тісті адам мен маймылды байланыстырушы түйін ретінде қабылдағаны рас. Ол аздай сол бір тіске қарап тұрып, оның иесін бейнелеп берушілер де болған. Ғажап емес пе? Тіс иесінің Небраск адамы деген есімі де болған. Ал осы біршама жылдар бойы адам маймылдан жаралғанына «бұлдартпайтын дәлел» ақыр соңында мыңдаған жылдар бұрын өмір сүріп кеткен бір бейшара шошқаның тісі болып шыққан. «Очевидность сотворения мира» доктор Дж. С.Маклин, 199 бет.





Енді Дарвиннің теориясына қатысты бірқатар атақты табиғаттанушылардың айтқан сөздеріне назар салайық.





«Өзіне биологияның барлық негіздерін қамтыған деп есептелетін дарвинизмнің ғылым саласында беделі болғаны рас. Алайда, жүз жылдан астам уақыт ішінде дарвинизм тым ауыр жағадайға душар болып отыр.» Френсис Хитчинг.





Чикагода (Иллинойс, АҚШ) өткен конференцияда 150 табиғаттанушы: «Эволюциялық даму теориясы мәселесі қазіргі биологтар арасында қызу тартыстың туындауына негізгі себеп. Сондай-ақ, бұл тартыстың түйіні шешілуінің де еш бір жолы жоқ» - деген тұжырымға келген.





Жер бетінде өмірдің пайда болуына қатысты астроном Роберт Ястров былай деген: «Өкінішке орай ғалымдар тіршіліктің қалай пайда болғанына нақты жауап бере алмайды. Себебі, химиктердің жансыз нәрседен жанды нәрсе жасау тәжірибелерінің бірі де сәтті шықпады. Ғалымдар тіршіліктің қалай пайда болғанын білмейді.» Соңынан осы сөзге қосымша: «Дүниетанушы ғалымдардың дүниенің жаратылғандығын жоққа шығаратын дәлелдері жоқ.» - деген.





Ағылшын New Scientist (Нью сайентисс) журналы былай деп жазды: «Дарвиннің даму теориясы ақиқатында ғылыми теория емес деген ойларын нығайтушы ғалымдардың саны, оның ішінде көпшілігі табиғаттанушы ғалымдардың саны күннен күнге арта түсуде. Дарвиннің теориясына сын тағушылардың көбісі жоғары лауазым иелері.»





Аллаһ Тағала Д.Хаттон, Ч.Дарвин сияқты, өздері адасып және өзгелерді де адастырушылар туралы Құран Кәрім былай деген:





«Олар Аллаһ Тағаладан ешқандай дәлел келмеген, ғылыми дәйекті негізі жоқ Аллаһ Тағаладан басқа нәрселерге табынады. Ондай залымдарға ешбір демеу жоқ», Хаж сүресі, 71 аят.





«Ей, адамдар. Сендерге бір мысал келтірілді, құлақ салыңдар. Сендердің Аллаһ Тағаладан өзге табынған нәрселеріңнің барлығы арнайы жиылып бір шыбын да жарата алмайды. Егер шыбын олардың бір нәрсесін алып кетсе, одан оны айырып та ала алмайды», Хаж сүресі, 73 аят.





Үшінші пікір: Қимылсыздық халінде болған шаң бөлшектері қозғалысқа түсіп, әрбір бөлшек бойындағы тартылыс күш негізінде, бірі-біріне қосылып, нығаюы нәтижесінде.





Төртінші пікір: Су құрамындағы биологиялық клеткалар химиялық реакцияға түсу нәтижесінде.





Жоғарыда бірінші және екінші пікірлерді талқылау барысында біз «ешбір нәрсе өздігінен пайда болмайды» - деген тұжырымға келген болатынбыз. Шаң – тозаң мен суға, барлық нәрсенің жарылуына түрткі болатын алғашқы бөлшек ретінде қараушыларға мынадай сұрақтарға жауап беруін өтінер едік:





1. Қимылсыздық халінде болған шаң-тозаң қайдан пайда болады?





2. Қимылсыздық халінде болған шаң-тозаңды қозғалысқа келтіруші кім немесе не?





3. Су қалай пайда болды?





Дінсіздік идеясымен суарылған кісі нақты дәлел келтіре алмаса да, қиқарланып: «Шаң да, су да өздігінен пайда болған, өздігінен әрекетке түскен» - дейді. Оның бұдан басқа жауабы жоқ!





Кейде осындайға қарап, қазіргі біздің прогресс дәуірінде өзіңмен замандас болған, ұзақ уақыт институт, университеттерде оқып, соның арқасында санасына көп нәрсені тоқыған кейбір зиялыларға қарағанда, қозы соңында жүріп «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген ата-бабасынан қалған даналық сөздің мәнісін ұғынған он жасар қазақтың қара баласы парасаттылау ма дерсің.





Жаратушының барлығына дәлел ретінде Құран Кәрімде дүниенің жаратылысы жайлы былай делінген:





«Мухаммад! Сен оларға былай де: «Жерді екі күнде жаратқан Ұлы Аллаһқа қарсы болып, Оған серік қосасыңдар. Ол бүкіл әлемнің Иесі емес пе? Оның үстіне асқар тауларды қойып, оны тіршілікке жарамды қылды. Оны сұраушылар болса төрт күнде жер үстінің рызық-несібесін белгіледі. Сосын мұнартқан түтінді аспанға құдіретін салып, аспан мен жерге: «Өз еріктеріңмен немесе мәжбүр болса да келіңдер!» - деді. Сонда олар: «Біз бағынып келдік!» - деді», Фуссилат сүресі, 9-11 аяттар.





Құран Кәрімнің бұл аяттарынан дүние жаратылар уақытында түтін немесе газ түрінде болғаны байқалады. Қазіргі уақытта жаратылыстану, физика, химия, астрономия салаларындағы көптеген ғалымдар өз зерттеулерімен Құран Кәрімнің аяттарын растауда, әлхәмду лилләһ!





Мысалы, белгілі астроном Джеймс Жинс: «Жаратылардан бұрын, дүниедегі барлық нәрсе газ халінде болған. Сол газ құрамындағы нәрселердің бірі-бірімен бірігуі нәтижесінде планеталар пайда болған.» - дейді. Құран Кәрім осыдан 1400 жыл бұрын түсірілген. Қазіргі уақытта ғылыми тілде газ деп аталатын химиялық заттың, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) дәуірінде өмір сүрген арабтарға аты да, заты да таныс емес-ті. Тек атағанда арабтар оны «духан» (түтін) деп атаған. Демек, Құран Кәрімнің дүниенің жаратылысы туралы берген мағлұматы рас, ғылыми зерттеулердің нәтижесі де соған дәлел.





Осы айтылғаннан: Мұхаммед (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) есімді оқу мен жазуды білмеген сауатсыз адам осындай ғылыми негізі бар хабарды қайдан біліп, үйренген? – деген сұрақ туындайды.





Құран Кәрім – қазіргі уақытта белгілі болған ғылымның түрлі саласында зерттеу жасап, жаңалық ашу құралы емес. Ол адамзатты тура жолға бастау үшін түсірілген Кітап. Адам баласы Құран Кәрімнің ішіндегі шындыққа жанасатын ғылыми мағлұматтарды біліп, солардың негізінде Құран Кәрімді – Хақ Тағаланың сөзі және Оның барлығына дәлел ретінде қабылдаулары лазым.





Мұхаммед (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) заманында Меккеде ғылыми зерттеу орталығы тұрмақ, медресенің өзі жоқ еді. Солай бола тұра Құранның кейбір аяттары қазіргі таңда ғалымдардың бастарын қатырып жатқан сүбелі тақырыптарда сөз қозғайды:





«Кәпірлер аспан мен жердің бір тұтас болғанын, сосын оларды ажыратқанымызды көрмей ме? Және Біз судан бар тіршілік иесін жараттық Олар осыған да нанбай ма?», Әнбия сүресі, 30 аят.





Бұл аят Құран Кәрімдегі мұғжизалардың (Аллаһ Тағаланың барлығына дәлелдің) бірі. Өйткені, аятта айтылғандай, жер мен аспан бір болып, кейін бірі-бірінен ажыратылғанын қазіргі ғылым дәлелдеуде.





Ғалымдардың айтуынша, әуеліде барлық нәрсе газ қалпында болып, кейін бөлшектерге бөлінген. Күн жүйесі де сол бөлінудің нәтижесінде пайда болған. Бұған дәлел-жердегі 92 химиялық элементтің 67-сі Күнде бар екендігі. Сондай-ақ, Айда да жердегі химиялық элементтердің кездесетіні анықталған. Осыдан, Құран Кәрімде айтылғандай, әлемдегі барлық нәрселердің пайда болған түп негізі бір екені көрінеді.





Енді аяттың «Біз судан бар тіршілік иесін жаратқанбыз» дегені, ғалымдар ашқан ең жоғары деңгейдегі ғылыми ақиқат осы десек артық емес.





Өмір сүру мен өсіп-өну үшін қажет болған химиялық өзгерістер судың қатынасынсыз болмайды. Бұл даусыз нәрсе.





Жер жүзінің үштен екі бөлігі судан тұрады. Ол біріншіден, жер бетіндегі ауаның қызуы бір қалыпты болуына ықпал етсе, екіншіден, жер бетіндегі тіршіліктің көзі, негізі де болып табылады.





Судың бұл айтылғаннан да басқа қасиеттері баршылық. Олардың әрбірі Аллаһ Тағала суды жәндіктердің өміріне себеп болатын нәрсе етіп жаратқандығына дәлел.





Мысалы, химиялық заңы бойынша, суықтың әсерімен әрбір денедегі судың химиялық құрамы қысымға түсіп, нәтижеде қоюланып, салмағы ауырласа, суықтың әсерімен мұзға айналған судың көлемі ұлғайып, салмағы жеңілдейді. Осының нәтижесінде мұз астындағы судың бойындағы жылудың сақталуына ықпал жасайды. Егер судың бойында бұндай қасиет болмаса, теңіз, көл, өзен сулары тұтасымен мұзға айналып, ондағы жәндіктер түгел қырылып қалар еді.





Құран Кәрім осыған меңзейді. Дүниедегі ешбір кітап Құран Кәрім тәрізді аз ғана сөзбен жер жүзіндегі тіршіліктің шексіз сырларын баян ете алмаған.





Бесінші пікір: Барлық нәрсенің Жаратушысы болған Аллаһ Тағаланың қалауы нәтижесінде.





Құдайға шүкір, қазір адамзаттың көпшілігі Жаратушысының барлығына сенді.





«Мұхаммад! Егер сен олардан: «Көк пен жерді кім жаратты?» - деп сұрасаң, олар сөзсіз: «Оларды Өктем де, барлық нәрсені аса Білуші Аллаһ Тағала жаратты» - дейді», Зухруф сүресі, 9 аят.





«Олардан: Көктен жаңбыр жаудырып, онымен жерді өлімнен кейін жандандырған кім?» - деп сұрасаң, олар әлбетте: «Аллаһ Тағала!» - дейді», Ғанкәбут сүресі, 63 аят.





Әрине, ешбір кісі алдымен адам пайда болып, сонан соң аспан мен жер, күн мен ай жаратылды деп айтысқа түспейді. Демек, бұл адам баласы дүниеге келерден бұрын аспан мен жер жаратылып, табиғаттағы тіршілік иелерінің өмір сүріп, өсіп өнуіне қажетті нәр, азық пайда болды деген сөз.





«Аллаһ Тағала көк пен жерді жаратып, аспаннан жаңбыр жаудырып, сол арқылы сендерге ризық үшін жемістерді шығарып қойды», Ибраһим сүресі, 32 аят.





«Ол жердегі барлық нәрселерді сендер үшін жаратты. Сонан кейін аспанды меңгеріп, оны жеті қабат көк етіп тәртіптеді», Бақара сүресі, 29 аят.





Осыдан соң Аллаһ Тағала:





«Мен жерде бір орынбасар жаратамын» - деген еді. Бақара сүресі, 30 аят.





Барлық тіршілік иелерін, соның ішінде адам баласын да Аллаһ Тағала жаратты. Содан да болар осы уақытқа дейін ешбір халық дінсіз болмаған. Көп ғалымдардың пікірінше, Құдай, дін деген тұжырымдар адамзат табиғатына тән қасиет, сондай-ақ бұл түсінікті адам баласына тысқары күш, яғни, Аллаһ Тағаланың Өзі берген.





Доктор Поль Клеронс осыған қатысты былай деген: «Адам баласы өз ақылынан күшті бір ақыл және өзінің қуатынан күшті бір қуат бар екенін сезініп тұрады. Міне осының өзі адам баласын Аллаһқа деген иманға алып келеді».





«Міне бұл сендердің Раббыларың, Одан басқа құдай жоқ. Ол барлық нәрсені Жаратушы. Ендеше Оған құлшылық етіңдер!», Әнғам сүресі, 102 аят.





Адам баласы материалистік дәлелдермен Аллаһ Тағаланың барлығына иман келтіруі қиын. Сол үшін материалистік дәлелдермен қатар сезімталдық, сүйіспеншілік, ой қорыту сияқты рухани дәлелдердің болуы қажет. Құран Кәрім былай дейді:





«Мұхаммад! Құдай Тағаланың әуелде жаратқан болмысынан айнымай (Ибраһим пайғамбар бастаған) ханиф дінге бетіңді бұр. Аллаһ Тағаланың жаратуынан зәредей әмірін өзгертпеңдер, осы жолды мықтап ұстану ғана шынайы түзу дін. Алайда көп адамдар оны білмейді. Осы дінге қайта отырып, тақуалық етіңдер (Аллаһ Тағаланың азабынан қорқыңдар)! Намазды ретімен оқыңдар, мушрик қауымдардан болмаңдар», Рұм сүресі, 30-31 аяттар.





Негізінде адам баласы шынайы діндар болып дүниеге келеді, алайда Құран Кәрімде айтылғандай, бұл ақиқатты көп адамадар білмейді. Себебі олар діндарлықтың адам баласының табиғатына тән нәрсе екенін түсінбейді. Тереңінен ойланған және ізденген адам бұны түсінуі қиын емес. Пайғамбарымыз Мұхаммад (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) осыған қатысты былай деген:





«Әрбір жан табиғатында діндар болып туылады. Бірақ ата-анасы тәрбие арқылы оны яһуди (иудей), масихий (христиан) немесе мажусий (отқа табынушы) етеді». Хадисті Әбу Һурайрадан Имам Бұхари және Имам Муслим риуаят етті.





Адам баласы ауыр жағдайға душар болса еріксіз Аллаһ Тағалаға жалынуға мәжбүр. Осыдан-ақ діндарлық адам баласының табиғатына тән екені білінбей ме?





Морисон осы туралы былай дейді: «Адамзат тарихының алғашқы күндерінен бастап осы уақытқа дейін амалсыз өзінен қуатты, ұлы, әрі жоғары болушы бір күш бар екенін сезеді. Міне осының өзі-ақ адам баласы табиғатынан екеніне үлкен дәлел. Бұл ақиқатты осы күні ғылым да растауда».





Құран Кәримде осы мағынада көптеген аяттар бар. Мысалы:





«Адамдар қиыншылыққа ұшыраса олар Раббыларына ықыласпен жалбарынады. Кейін оларды кеңшілікке жеткізсе, олардың бір бөлігі Раббыларына серік қосады», Рум сүресі, 33 аят.





 



Recent Posts

БІРҚҰДАЙШЫЛЫҚҚА ШАҚЫР ...

БІРҚҰДАЙШЫЛЫҚҚА ШАҚЫРУ ЖӘНЕ АДАМДАРҒА БІРҚҰДАЙШЫЛЫҚТЫҢ МӘНІН ЕГЖЕЙ-ТЕГЖЕЙЛІ ТҮСІНДІРУ ҚАЖЕТТІЛІГІ ТУРАЛЫ